“Тіл дегеніміз – қай халықтың болсын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры”, – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Айыртау ауданындағы Имантау орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып орналасқан Досжан Нұрсейітов қазақты танытуды тілден бастағанды жөн көрген.
“Ауылда шығармашылық жұмыспен айналысуға зор мүмкіндік бар. Біздің ауыл мектебі жылдам желілі ғаламторға қосылған, барлық қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондықтан қалада істейтін жұмыстарымды ауылда жатып-ақ орындауыма болады”, – деген Досжан Жандарбекұлы Мәскеу университетінің аға оқытушысы, лингвист ғалымы Дмитрий Петровтың “кез келген тілді екі аптада үйренуге болады” деген қағидасын негізге алып, оның әдістемесін зерттегендігін айтты. Ресейлік ғалым өзінің әдістемесінің барлық тілге жарайтынын тәжірибе жүзінде дәлелдеген және өзі де 7 тілде сабақ береді екен.
Досжан Жандарбекұлы ресейлік ғалымның ағылшын тілін үйрету тәжірибесін қазақ тіліне аударып, өз мектебіндегі орыстілді 6-7-сынып оқушыларына өткізіп көрген. “Екі аптадан соң олар айналасында болып жатқан құбылыстарға қатысты өз ойларын айта бастады. Қазақ тілін үйрену үшін үш кілт керек. Ол: сөздік қоры, сол сөздерді қолдану ережелері және жүрекке жол таба білу”, – деген ұстаз бұл әдістеменің ерекшелігін қарапайым тілмен былай түсіндірді. “Математика пәніндегі көбейту кестесін меңгерген оқушы оны өмір бойы пайдаланады. Сол секілді Дмитрий Петров етістіктерді қолдану кестесін ойлап тапқан. Онда бір сөз отыз алты жағдайда қолданылады. Яғни, жүз сөз жаттасаңыз, оның әрқайсысын отыз алты жағдайда пайдалансаңыз, ол үлкен сөздік қорды құрайды”, – дейді.
Балалардың тілдік қорын молайту үшін Досжан Нұрсейітов “500 алтын сөз” атты сөздік құрастырған. Онда 200 етістік, 250-ге жуық зат есім, тағы басқа 50 сөз бар. Сөздікте сөздер тез жатталу үшін: “Продай – сат”, “Купи – сатып ал”, “Открой – аш”, “Закрой – жап”, “Пей – іш”, “Кушай – же”, деген сияқты нұсқамен берілген. Ұстаз осы етістіктер өте жиі қолданылатын сөздер болғандықтан, оны үйренгендер қазақтілді адаммен ауызекі тілде сөйлесе алатынына көз жеткізген.
– “500 алтын сөзді” үйреніп алған оқушылар оларды пайдаланып, сөйлеу ортасын қалыптастыруы керек. Ол үшін күнделік бастап, үйренген сөздерді қатыстыра отырып, өмірде болған оқиғалардан екі-үш сөйлем жазып жаттығады, әрі қарай осы тәртіппен күрделеніп, жалғаса береді. Бірден қазақ тіліне өту керек деп бас салмай, алдымен қалай сөйлеу керектігін үйретемін. Қазір сабақ қазақша жүреді, – дейді Досжан Жандарбекұлы.
Ұстаздың онлайн сабақтарын көрген ғаламтор пайдаланушыларынан көп ұсыныстар келе бастаған. Мәселен, Қазақстан туралы мәлімет білгісі келетін шетелдіктер бейнеролик арқылы түсіндіруді сұраған. Сондықтан ұстаз “Казахский язык за 2 недели” деп аталатын жеке сайтын ашқан. Ол мекенжайға кірген оқушы сөздікті, Қазақстан туралы қажетті бейнероликтерді, Қазақстандағы “Сөйле”, “КZ”, “Тілашар”, тағы басқа да сабақтарды көреді және автормен кері байланысқа шығады.
Өзбекстанда туып, 2001 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына қоныс аударған Досжан Нұрсейітов Қарағанды мемлекеттік университетін тамамдаған. Ол өзінің өзге тілді этностарға қазақ тілін үйретуге құштарлығы өте күшті екендігін айтады. Досжан Жандарбекұлы Араб мемлекеттеріне, Стамбулға саяхатқа барғанда олардың көпшілігінің жер көлемі әлем бойынша тоғызыншы орынды иеленетін, атақты хандарымен, данагөйлерімен танымал Қазақстан жайлы білімдерінің таяз екендігін байқаған. “Көбі Қазақстанды Назарбаев арқылы таниды. Олар “Қазақстан”, “Назарбаев”, “Жақсы-жақсы” дегенді біледі. Сондықтан, маған “қазақты танытуды ең бірінші тілден бастау керек” деген ой келді. Өйткені, Қазақстан жайлы білгісі келген өзге этностар оған сол елдің тілі арқылы келеді. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмын”, – дейді ұстаз.
Досжан Нұрсейітовтің өзге тілділерге “Қазақ тілін үйретудің 12 сабағы” ағылшын тілінде де жарыққа шыққан. Енді ол осы сабақтарын өзбек және араб тілділер үшін де жарияламақ.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.