«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН АСЫЛ ҚҰНДЫЛЫҚ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Мақалада көтерілген мәселелер көптің көкейінде жүрген ойлар болатын. Оны Мемлекет басшысы дер кезінде айта білді. Бүгінде еліміздің экономикасы қарыштап алға басып келеді. Халықтың әл-ауқаты да біртіндеп жақсаруда.

Тәуелсіздік жылдарында түрлі салада табысқа жетіп, биік белестерді бағындырдық. Мәдениет, әдебиет және спорт салаларындағы айтарлықтай жетістіктерімізді дүниежүзі көріп отыр. Бірақ “әттеген-ай” дейтін жеріміз де жоқ емес. Ол көбіне ата-бабамыздан мұра болып қалған рухани құндылықтарымызға қатысты. Көп жасап, көпті көрген ақсақал ретінде бөгденің қаңсығын таңсық көріп жүрген кейбір жастардың жөнсіз әрекетіне қынжыламын. Біз ел игілігі үшін еңбек етіп, бүгінде бейнетіміздің зейнетін көріп отырған жайымыз бар. Келешек ұрпақтың саналы, өзінің емес, ұлтының ұпайын түгендеуге ұмтылатын азамат болып өскенін қалаймыз.

Тарихқа үңілсек, қазақтың түрлі нәубеттерді басынан өткергеніне куә боламыз: жоңғар шапқыншылығы, қолдан жасалған аштық, саяси қуғын-сүргін, жеріміздің талан-таражға салынуы – осы зұлматтардың бәрі халқымызды тілінен, дінінен, ұлттық санасынан айыра бастады. Соның салдарынан ұлан-байтақ жерімізде келімсектер көбейді. “Мың өліп, мың тірілген” қазаққа Алланың рақымы жауып, егемендіктің күні туды. Құдайға шүкір, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Бұрынғының қариялары көпшілік жиналған жерде біреудің батырлығы, жомарттығы, жетім-жесірге, кедей-кепшікке жасаған қолдауы, берген көмегі, үлкенді сыйлағаны, елінің қамын ойлағаны, сол сияқты өзге де ізгі істері жайында өсиет айтады екен. Үлкендердің атам заманнан жалғасып келе жатқан қасиеті жастарды дұрыс тәрбие арқылы тура жолға салу ғой. Мен аға буын өкілдерінің осындай қамқорлығын көп көрген адаммын.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде әкемнің інісі Нұрмаш менің темекіге әуестеніп жүргенімді біліп қойып, Әбу жездемнің үйінде көптің алдында қызартты. Алдымен мақтады, сосын темекі тартып жүргенімді мүлде дұрыс көрмейтінін мақтамен бауыздағандай жеткізді. Осыдан кейін жаман әдетке ұрынған емеспін.

Сөз жоқ, батыстың ғылым-білімі, технологиясы бізден әлде-қайда озық. Біздің қазіргі көп жас-тарымыз осы ұғымды желеу етіп, батыс елдерінде орын алып жатқан түрлі оқиғаларға, жайттарға ерекше қызығушылықпен қарайды. Әсіресе, олар батыстың әбден құлдырауға шақ тұрған руханиятынан үлгі алады. Биыл 125 жылдығын барша түркі әлемі түгел атап өткен “ақынның ақыны” атанған Мағжан Жұмабаев өткен ғасырдың басында “Батыстың Құдайы – ақша, ал рухани байлықты олар шығыстан алсын” деп жазып кеткен. Қандай даналық! Бүгінде оған әлемнің өркениетті саналатын көп елдерінің көзі жетіп отыр емес пе?! Ақиық ақынның осы қанатты сөзін барша өрен өздерінің өмірлік ұстанымына айналдырса, артық болмас еді. Мұны Елбасымыздың сөзімен дәйектейтін болсақ, “Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгіле­рі­нің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгі­сін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ре­тінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда”.

Біздің рухани құндылығымыз өте бай, тамыры сонау сақ дәуірінен басталады. Сақ дәуірінің біз білетін атақтысы – Анақарыс. Ол ежелгі Элладаның даналарымен иық түйістірген, кейінгіге өшпес өсиет қалдырған. Ғұн заманының айтулы тұлғасы Мөде қаған. Ол “Жеріміздің титтей телімін де жауға бермейміз”, – деп айтып кеткен. Ал көк түріктің асылдары – Бумын, Күлтегін, Тоныкөктердің өсиеті: “Бөлінбеңдер, бөлінгенді бөрі жейді”. “Мәңгілік Ел” орнату идеясы осылардан басталған.

“Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек”, – деді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Менің ойымша, кертартпа әдеттерге ішімдік пен рушылдық жатады. Аллаға шүкір, соңғы кезде арақшарап ақ дастарқаннан бірте-бірте ысырылып келеді. Қазақтың байырғы дәстүрінде жиын-тойдың, үлкен астардың негізгі сусыны – қымыз емес пе еді? Жиын болардың алдында алыс-жақынға сауын айтылатын. Олар өздерімен бірге сойыстық малдарын, саба-саба қымыздарын ала келген. Жиналған жұрт әр жердің қымызына баға берген. Осы дәстүрді жаңғыртсақ, көпшілік қымыз өндірумен айналысса, халықтың әл-ауқаты да көтерілер еді, адамзаттың есін алатын ішімдіктерден арылар едік, игі дәстүрлерімізге даңғыл жол ашылар еді.

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта өңіріміздегі ауылдар ескіліктің сарқыншағынан әлі арылар емес. Оған өзім жиі баратын отырыстарда куә болып жүрмін. Ішімдіктің зияны аз айтылып жүрген жоқ. Тіпті, көршілес Ресейдің бүтін бір ауылдары осы дертке шалдығып, ел қатарына қосыла алмай отыр екен. Мұндай теріс әдеттен тыйылудың жолын қарастырған абзал.

Елдің келешегіне, бірлігіне, тұтастығына теріс әсер ететін кертартпалық – рушылдық. “Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін” деген бабаларымыз. Сол сияқты “Руға бөлінген ырысынан айырылсын!” деген тәмсілде рушылдықтың, бөлінушіліктің ұзаққа бармайтынын көксемей ме? Халқымыздағы жеті ата түсінігінің руларды бір-бірімен жақындастырғаны белгілі. Құданың жеті атаға жататын туыстары екінші жаққа құда болып келмей ме? Екінші жақта да дәл солай. Ал нағашы-жиен феномені де дәл солай. Жиен бүкіл атаға жиен болып, екі рудың арасында жанашырлық сезімі болған, рулар тату-тәтті өмір сүрген. Тарихтан мұны дәлелдейтін мысалдарды көп келтіруге болады. Мәселен, Қожаберген – кіші жүз Жалаңтөс Баһадүр мен Әйтекеге, Қазыбек би – Керей руына, Шоқан Уәлиханов Арғын Шорман әулетіне жиен. “Рушылдық” деген сорақылық қашан пайда болды? Менің пайымдауымша, бұл отаршылардың отарланған елге қолданған саяси ұстанымы, “бөліп ал да, билей бердің” кесірі. Екі рудың арасына әртүрлі айламен от салады, осал жағына қысыр сөз береді, екі жақ таластан қажып, тұзағына түседі.

Осындай қитұрқы саясат ақ патшадан басталып, қазір де бой көрсетіп қалып жүр. Биыл Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы қарсаңында “Адамзаттың ақыны” деген мақала жаздым. Оны оқып шыққан бір таныс азамат “Сен – керейсің, Мағжан арғын, қалайша сонша мақтағансың?” – дейді. “Қожаберген, Сегіз сері, Шал ақын, Мағжан, Ғабит, Сәбиттерді бір румен шектеуге бола ма? Олар қазақтың жоғын түгендеген ұлтымызға ортақ тұлғалар емес пе? Үндістанның атақты көсемі Махатма Ганди: “Отаршылардың тәрбиесінен шыққан элита – өз халқының ең басты жауы”, – деген екен. Біз руға, жерге бөлінбей бір қазақтың бақытты болашағы үшін күрессек, сонда ғана үшбаққа жетеміз. Тіпті, асыл дініміз исламда да, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерінде де: “Бөлінбеңдер, бірге болыңдар, мұсылман мұсылманның бауыры” делінген.

Рухани жаңғыру бүгін басталып, бүгін бітетін жұмыс емес. “Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Тарихтың көшінде өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін озық дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, тозығын тастай білуіміз керек. Менің ойымша, халқымыз ерекше қадірлейтін қыз баланы құрметтеу дәстүрін кеңінен насихаттағанымыз абзал. Бабаларымыз “Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле”, – деп айтып кеткендей, қыздың орны қашанда төрде болуы тиіс. Бүгінгі жас қыз – ертеңгі ана. Бес-алтыға дейін бала болсын, қыз болсын ананың тәрбиесінде болады. Осыны ата-бабаларымыз терең түсінген, оны қазіргі ғылым растап отыр. Ананың, әженің берген тәрбиесін әрі қарай әке, ата, орта жалғастырады. Яғни, балаға, соның ішінде қыз балаға берілген үйдегі тәрбие оның алдағы өмірінің, болашағының темір-қазығы саналады. Бұрындары үлкендер жүрген жерлерінде мынау қыз келін болуға лайық-ау, әке-шешелері текті жерден, біреу-міреу құда түсіп қоймаса, жастарды ретін тауып таныстыру керек деп пайымдап жүрген. Қазіргі уақытта ата-аналардың көбі баласының мамандық таңдауына, жұмысқа орналасуына араласады. Ал отбасы болып, қай жерден қыз алу мәселесіне онша бас қатыра қоймайды. Осының салдарынан біздің қоғамда отбасы құндылығына мән бермейтін қыз баланы қадірлемейтін адамдар көбейді.

Ертеректе біздің өңірде бір жақсы адам болыпты, ол көпшілік жиналған жерде әсерлі әңгіме айтады екен. Біреу зейін салып тыңдайды, кейбіреу ұйқыға кетеді. Сонда әлгі кісі былай дейді екен: “Анау антұрғанды оятыңдаршы, ертең біздей болғанда кейінгіге несін айтады?”. Біз де сол кісінің жасына жетіп, көрген-түйгенімізді қағаз бетіне түсіретін жағдайға жетіп отырмыз.

Шариаздан БАШЕЕВ, еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp