«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БЕЛ БАЛАСЫ

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында өмірден озғанына бір жыл болған көрнекті кайраткер, қарымды қаламгер, жерлесіміз Герольд Бельгерді еске алу кеші өтті. Аталмыш шараға ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері, жазушы-мен жеке кездесу сәттеріне ие болғандар мен шығармаларын оқып, оны сырттай құрмет тұтатын жерлестері жиналды.

Еске алу кешіне қатысушылар жеті жасында Қазақстанға жер аударылып келген неміс баласының Есілдің жағасындағы қазіргі Шал ақын ауданының Ыбыраев ауылына қалай қоныстанғандығы, ондағы жергілікті тұрғындар арасында өзге этнос өкілінен бір орыс пен бір неміс отбасы ғана болғандығы, оның қазақ тілін қалай үйреніп, қазақы әдет-ғұрыпты қалай бойына сіңіргендігі туралы әңгімесін Герольд Бельгердің көзі тірі күнінде түсірілген бейнежазба арқылы тамашалап, өз аузынан естіді.  

Шараға жиналғандар Герольд Бельгермен қандай жағдайда таныс болғандары жайында баяндап, оны әр қырынан танытты. “Мен оны ең алғаш Мәскеу қаласында өткен бір жиында кездестіріп, кейін жиі араласып тұрдым. Сол кезде Герольд Бельгердің қазақ елінің нағыз патриоты екендігіне көзім анық жетті”, – деп алғашқы таныстығын есіне алған Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Александр Меркті жазушының қазақ халқына деген риясыз таза көңілі, өскен жеріне деген шынайы сезімі, үш тілде таза сөйлейтін неміс азаматының білімділігі мен парасаттылығы тәнті етіпті.

“Мен жақсы неміс болғанша, жаман қазақ болғанды қалар едім”, – деген Герольд Бельгердің сөзін қазақ балаларына үлгі етіп айтуға болады. Ол қазақтың әр сөзіне аса мән беріп зерттеген. Сөздің дұрыс айтылуына, тіпті, әр дыбысының таза дыбысталуын қадағалаған жан екендігіне М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, профессор Зарқын Тайшыбай тоқталды.

Облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменовке жастайынан өмірдің тақсіретін тартса да, қиындықтарды жеңе білген жерлес жазушымен оның қарашаңырағында кездесіп, сұхбат алу бұйырған. “Сөзімен де, ісімен де басқалардан биік тұра білген жерлесіміз Герольд Бельгер 80 жасқа толғанда оған “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағы берілді. Оны табыстауға өңір басшысы Ерік Сұлтановтың тапсырмасымен Алматыға бардым”, – деген Жарасбай Қабдоллаұлы: “Қоғамда болып жатқан өзгерістерге әрдайым сын көзбен қарап, өле-өлгенше қазақтың мүддесін қорғап, олардың айта алмаған сөзін айтып келген Герольд Бельгердің артында қалған 80-ге жуық кітабы, қазақ тілінде жазған – 465, орыс және неміс тілдерінде мың жарымнан астам мақалалары бар. Герольд Бельгердің есімі Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Біз оны әрдайым мақтаныш етеміз”, – деді.

Облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, олар Герольд Бельгер туралы құнды материалдарды жинастыруда. Бүгінгі күні Президент мұрағатындағы әріптестерімен байланысып, онда сақталып қалған фотосуреттер мен мәліметтердің көшірмелерін алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Сабина Ағыбаева да жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, ол мұралардың жас ұрпақ үшін таптырмас құнды қазына екендігін айтты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp