«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

 

 “Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!”– деген Елбасының сөзі бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауымның жүректеріне жетті, бір ауыздан шығып, байтақ жерімізді шарлады. Иә, бұл қазақ елінің қызу құштарлықпен, сарқылмас сүйіспеншілікпен айтар, ардақ тұтар асыл лебізі. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында салтанатты шара өтті. Сахна төріне Туымыз салтанатпен шығарылып, Гимніміз шырқалғаннан кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов өз құттықтауын жолдап:

–Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекет басшысы осындай жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Тәуелсіз ел болу мәртебесін көру–бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Қазақстан өтпелі кезеңдердің барлық қиындықтарын жеңіп, беделі биік, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Еліміз экономикалық, әлеуметтік, саяси салаларда орасан зор жетістіктерге жетті. Осындай алып белестерді бағындыруға барша қазақстандықтар сүбелі үлес қосып келеді. Ерлік пен елдіктің арқасында келген Тәуелсіздіктің мәні мен маңызы әрқайсымыз үшін қасиетті. Азаматтықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – асыл мұратымыз,– деді.

 

Бабалары аңсап, ұрпақтары қол жеткізген, Елбасының басшылығымен Мәңгілік Елге жол тартқан азат елдің тәуелсіздігінің 24 жылдығын мерекелеу барысында бірқатар азаматтар марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров “Парасат” орденімен марапатталды. “Бұл марапат өңіріміздің ауыл шаруашылығында ерен еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет”, – деді алғысын білдірген Айдарбек Сейпілұлы. Ал “Құрмет” ордені “ЗИКСТО” АҚ бас директоры Валерий Спицынге, Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралиновқа, Есіл ауданындағы “Заградовское” ЖШС-нің директоры Иван Фисенкоға табыс етілді. Сондай-ақ, бірқатар солтүстікқазақстандықтар “Ерен еңбегі үшін”, “Шапағат” медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Елдегі қоғамдық келісімнің нығаюына, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан, отандық заңнама жүйесін жетілдіруге бағытталған белсенді қызметі үшін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқан бір топ белсенді азаматқа “Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл” мерекелік медалі, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының және облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табыс етілді.

 

 

Тәуелсіздігімізді баянды етіп, елімізді жасампаздыққа жетелеген азаматтарға құрмет көрсетілгеннен кейін жиналған қауым назарына өңіріміздің маңдайалды өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарлама ұсынылды.    

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp