«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҰЛТЫМ” ДЕП ӨТКЕН ӨР ТҰЛҒА

Азаттық таңы атқан күннен бас­тап қазақ тарихы жан-жақты зерт­теліп, зерделенді десек те, Алаш қайраткерлері және олар­дың еңбегі туралы әлі де болса то­лық білеміз деп айта алмаймыз. Алаш арысы, Алашорданың Ба­тыс бөлімі жетекшілерінің бірі Жаһанша Досмұхамедов сынды тұлғалардың саяси қызметі тура­лы көп айтылмайды. 

Жаһанша Досмұхамедов – қа­зақ халқының көрнекті мемлекет қайраткері, жоғары білімді ал­ғашқы заңгерлердің бірі, саясат­кер, Алашорда үкіметінің өкілі, I-II Мемлекеттік Дума мүшесі. 1885 жылы Сырым ауданы, Бұлдырты ауылы, Тамды өзені бойында дү­ниеге келген. Әкесі Досмұхамед Жайық өңіріне аты мәлім дәулетті, көзі ашық кісі болған. 

Жаһанша Досмұхамедов жас­тайынан етінің тірілігімен көзге түсіп, 1896 жылы ауыл мектебін бітіргеннен кейін Орал қаласын­дағы реальдық әскери училище­нің дайындық класына қабыл­дан­ды. Әскери дайындықпен қатар дүниәуи пәндерден сабақ берген Ескоев, Михайлов, Звя­бин, Глизенгер тәрізді мұғалімдерден тиянақты білім алып, үз­дік оқыды,сыныптан-сыныпқа ем­тихансыз көшіріліп отырды. Оның есімі әрдайым училищенің Құрмет тақтасына жазылатын. Сон­дай-ақ, ол мұндағы әуесқой дра­ма үйірмесінің жұмысына, “Ревизор” тәрізді пьесаларды сахналауға қатысып, әдеби шы­ғар­маларды мәнерлеп оқумен көзге түсті. Бұл жерде Халел Дос­мұхамедов, Жалмұхамед Сүйін­тұрұлы, Нұрғали Ипмағамбетов, Нұрғали Досбайұлы, Ғұбайдолла Бердиев, Шабһазкерей Күсеп­қалиев сияқты болашақ қоғам қайраткерлерімен араласып, осы топтың әсерімен алғашқы саяси-қоғамдық көзқарасы қалып­тасты.
1904 жылы училищені біті­ріп, 1906 жылы белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қа­ратаевтың ақылымен Санкт-Пе­тербург университетінің заң фа­культетіне түсіп, оны 1911 жылы үздік тамамдайды. Осы оқу ор­нында орыс және батыс ғалымда­рының озық ойлы еңбектерінің ықпалымен заңдық-құқықтық қо­ғам жетістіктеріне көз жеткізіп, дамудың төменгі сатысында қалған қазақ үшін азаматтық-заңдық би­л­ік түріне көшудің аса қажет екен­дігін ұғынды. С.А.Андреевский, Н.П.Карабчевский, А.Ф.Кони, Ф.Н.Плевако, В.Д.Спасович сияқ­ты Ресейдің атақты адамдарының өмірі мен қызметін зерттеп, сөз өнерінің қыр-сырын меңгерді. Оралға оралып, заңгер болып жұмысқа орналасты, жергілікті баспасөз беттерінде жер, ұлт мәсе­лесіне қатысты батыл ой айтып, мақалалар жариялады. Бұдан кейін Орал генерал-губернаторы соңына түсіп, Том қаласына қыз­метке кетуге мәжбүр болды. 1911-1917 жылдары әуелі адво­кат, кейін Том округтік сотының Каинск уезі бойынша прокуроры қызметтерін абыроймен атқарды.
1917 жылғы атышулы ақпан төңкерісінен бастап ол саясатқа батыл араласып, сол жылдың сəуірінде Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Əлібековтің ұсынысымен осы өлкеге келеді. Ол сол жолы Орал облыстық комитетінің бірінші қа­зақ съезін жинау жөніндегі жұмысына белсене қатысады. 1917 жылдың 19-22 сəуірі күндері аралығында Орал қаласында қазақтардың облыстық бірінші съезі өтті. Маңызды шараға дайындық жан-жақты жүргізілді және 800-дей делегат қатысты. Жайық қазақтары үшін өмірлік маңызы бар бірқатар қарар қабылданды, со­ның ішінде тұрақты Жайық сыртқы облыстық қазақ комитеті сайланды, жаңадан жергілікті басқару құрылымы белгіленді. Сонымен қатар Жаһанша Досмұхаме­дов Мәскеуде өтетін I Бүкілресейлік мұсылман съезіне делегат ре­тінде сайланды.
1917 жылы Мәскеуде көпес Аса­дуллаевтың үйінде өткен I Бү­кілресейлік мұсылман съезінде Жаһанша Досмұхамедов ерекше белсенділігімен көзге түсті. Сол жиында ол Ресей мұсылмандары­ның кеңесі – Бүкілресейлік “Шуро-и-ислам” комитеті төраға­сының орынбасары қызметіне ұсы­нылды. Осы сапарында Уақытша үкіметтің құрылтай жиналысы жөніндегі заң жобасын әзір­лейтін айрықша кеңесіне  мүше болып енді. 1917 жылдың жазында және желтоқсан айында өткен I және II Жалпықазақ съездеріне Орал қазақтары атынан делегат болып қатысып, Алашорда үкіметіне (Уақытша ұлт кеңесіне) мүше, “Шуро-и-исламға” II Жалпы­қазақ съезі атынан өкіл болып сайланды. 1918 жылғы сәуір айында Қазақ әскери үкіметі мен Орал Қазақ земство басқармасы әскери-саяси одақ жөнінде келісім­шарт жасасып, бұл ұлттық құрылымды Жайық сыртына, қазақ ауылдары арасына көшіру жөнінде шешім қабылданды. Таңдау Жымпиты қалашығына түсті. Жа­һанша Досмұхамедов 1918 жылғы мамырда Жымпитыда өткен ІV Қазақ Орал облыстық съезіне тө­рағалық етіп, Орал губерниясы­ның Жайық сыртқы бөлігін біріктірген дербес әкімшілік – “Ойыл уәлаяты” Уақытша үкіметінің тө­рағасы болып сайланды.
Жаһанша Досмұхамедов 1918 жылы 8-23 қыркүйек күндері ара­лығында өткен Уфа кеңесіне де белсене қатысты. Кеңес күндері оның басшылығымен Уәлаят делегациясы Алашорда үкіметінің төтенше мәжілісін өткізіп, Ойыл уәлаяты үкіметін таратып, оның орнына бүгінде “Батыс Алаш орда” деген композит атау алған ірі әкімшілік бірлік – Алашорда автономиясының батыс бө­лі­гін басқару жөніндегі бөлімшесін кұру шешімін шығартуға қол жеткізді. Осылайша, Батыс Алашорда орталық Алашорда үкіметі тарапынан заңды түрде мойында­лды және оның әкімшілік басқару билігі Бөкей, Ырғыз, Маң­ғыстау жеріне тарады.
1920 жылы қыркүйектің аяғында аталмыш мекеменің жолдама­сымен Жаһанша Досмұхамедов Түркістан Республикасы Халық ша­руашылығы Ортақ кеңесінің бөлімшесіне меңгеруші болып Ташкент қаласына жіберілді. Ол мұнда Түркістан Республикасы Орталық атқару комитеті Қазақ бөлімінің хатшысы міндетін қоса атқарды. 1922-1924 жылдары Ташкент­тегі “Талап” мәдени-ағарту қауымының тапсыруымен “Жауыз­дық низамы” деген атпен қа­зақ тіліндегі алғашқы кеңестік Қылмыстық кодексті әзірледі. 1927 жылғы қарашадан бастап, 1929 жылға дейін Қызылорда қала­сындағы Қазақ ауыл шаруа­шылық банкінде заң кеңесшісі болып істеді, 1928 жылы қорғаушы­лар коллегиясына мүше болып қа­былданды. 1930 жылғы ақпан айында Надежда Константинов­на Колоссовскаяның шақыруы­мен Мәскеуге аттанды. 1930 жылғы қазан айында “Скотовод” басқармасында аға экономист бо­лып қызмет атқарып жүрген ке­зінде Замоскворечье ауданында­ғы Шаболовка келте көшесіндегі өз үйінде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне қамалды, кейінірек Алматыда жауапқа тартылды. 1932 жылғы 20 сәуірде үштіктің “1921 жылы Ташкентте Мұхамеджан Тынышпаевпен бірге астыртын ұйым құрды және кеңес өкіметіне қарсы шықты” деп айып таққан қаулысымен Воронеж қаласына бес жыл мерзімге жер аударыл­ды. Воронежде жоғары оқу орындарында сабақ берді.
Жаһанша Досмұхамедовтың бұдан кейінгі тағдыры жөнінде бір-біріне кереғар ауызекі айтылып жүрген түрлі деректер бар. Бір мәліметтерге қарағанда, жаза мерзімін өтеп келген соң 1938 жылы қыста Мәскеудегі пәтерінен қазақстандық екі қауіпсіздік қызметкері шұғыл алып кеткен. Енді бір деректерде, бет-әлпетін өзгертіп, Қарақалпақ­станда бой тасалап жүріп, Мәскеу­ге келген жерде ұсталады. Ал енді біреулер үйде сал болып жатқан күйінде Мәскеу түрмесіне қамалғанын айтады.
Жаһанша Дос­мұхамедов 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Жымпи­ты ауданында бір көшеге және Орал педагогикалық колледжіне Алаш арысының аты берілген.
 

Ақмарал ИБРАЕВА
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
 СУРЕТТЕ: Ж.Досмұхамедов (оң жақта) Қырымда демалыста. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp