«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЫНА АДАЛ, ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

Облыс орталығындағы Жастар сарайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиын өтті. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне артылған сенімді ақтауда қиын да сындарлы кезеңдердегі ішкі ойтолғанысын баяндаған бейнефильмдерден үзінділер көрсетілді. Осы арқылы Қазақстанның дамуы соқпақ жолдың талай тезінен өткенін тағы бір еске түсірген солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтап:

– Осымен төртінші жыл аталып өтіліп жатқан бұл мерекенің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор. Егемендігін алып, тәуелсіздіктің туын тіккен Қазақстан 24 жылдың ішінде талай асуды бағындырып, биіктерден көрінді. Оның барлығының басында Елбасымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Ел тізгінін қолына алған Елбасы Қазақстанның басты қасиеті тұрақтылық пен бейбітшілік екенін айқындады. Саралы саясаттың, айқын бағыттың арқасында еліміз дамудың жарқын үлгісін көрсетті. Осының барлығы – еліміздің Тұңғыш Президентінің бастамасымен жүргізілген ұлы істердің жемісі, – деді.

Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік – әр ұлт үшін асыл арман, ал оны сақтау – мәңгілік мұрат. Біздің халық осы арманға жол бастауды Елбасына сеніп тапсырған еді. Елі сенген Елбасының құрметіне аталып өтілетін мереке қарсаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін бірқатар азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Осындай жағымды сәтке толы салтанатты шара мерекелік концертке ұласып, онда өңіріміздің маңдайалды өнерпаздары әннен шашу шашты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp