Сонау алыста қалған, бай мен кедей, ақ пен қызыл алысып-жұлысқан алмағайып заманның небір қиын-қыстау кезеңдерінде жүрек тереңіне құндақтаған ұстанымынан айнымаған, ары мен жанының тазалығын сақтап, жүйкеге де, жүрекке де салмақ салған өмір сындарында сағы сынбаған, сөйтіп ұлтының абырой-беделіне көлеңке түсірмей өткен Алаш қайраткерлерінің қатары қалың дей алмаймыз. Ондай асылдардың есімдерін саусақпен санап шығуға болады. Ол тізімнің басында Смағұл Сәдуақасұлы да тұруға тиіс. Сол сияқты, Смағұлдың есімі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды қазақтың қазақ болуы үшін күресіп өткен, сол жолда өмірлерін пида еткен арыстардың біреуінен ілгері, біреуінен кейін емес, қатар аталуы керек деп ойлаймын. Рас, елі мен халқы асыл перзентін танып-біле қоймаған, тиісінше бағалай алмай жатқан бүгінгі таңда: «Ол кім еді?» деушілер де табылып қалуы мүмкін. Айтайын. Смағұл Сәдуақасұлы Қазақстан жастарының жетекшісі (1920-1921 ж.ж.), қазақ арасынан шыққан тұңғыш экономист, Қырғыз (Қазақ) АКСР-і Жоспарлау комитетінің алғашқы төрағасы (1924-1925 ж.ж.), Қазақ АКСР-нің халық ағарту комиссары (1925-1927 ж.ж.), тұңғыш қазақ драма театрының негізін қалаушы, жазушы, әдебиет сыншысы, “Кедей сөзі”, “Еңбекші жастар” (Омбы), “Еңбек туы” (Орынбор), “Еңбекші қазақ” (Қызылорда) газеттерінің және “Қызыл Қазақстан” журналының редакторы…
Осы қысқа деректерден-ақ оның өмірі тағылымды, сан қырлы азамат болғанын, қамшының сабындай қысқа ғұмырында талай қызметтің тізгінін ұстап, елі үшін, халқы үшін ұлан-ғайыр істер тындырғанын аңғару қиын емес. Десек те, Смағұл Сәдуақасұлы сияқты толағай тұлғаны тарихтың төріне шығарып отырған тіпті де шаруашылықтың әр саласында төгілген тері, атқарған лауазымды қызметтері емес, оның өз ұлтына деген сүйіспеншілігі, сан ғасырлық ғұмырында мың өліп, мың тірілген, жиырмасыншы ғасырдың басында ұлт ретінде ұйыса бастаған қазаққа қызмет етуді, қайда болсын оның мүддесі үшін табандылықпен күресуді өмір мұратына айналдыруы десек қателеспейміз. Оның бағы да, соры да – өз ұлтын жан-тәнімен сүйгендігі.
Смағұл Сәдуақасұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің бәрі де оның осы бекзат қасиетіне тәнті. Смағұлдай арда ұлдың халқына қайта оралуына, асыл бейнесінің ұлт жүрегіне ұялауына көп еңбек сіңірген, оның мұрасын ширек ғасырдай уақыт зерттеп, 2 томдық еңбегін шығарған, 1 монография жазған, жастайынан тағылымды сөз сабақтап, терең ой айтып жүрген ұлтжанды ғалым Диқан Қамзабекұлының еңбектерінде де оның осы қасиеті айрықша әспеттеледі. “Әрине, 20-шы жылдары қазақта елеулі, білікті қайраткерлер аз болған жоқ. Бірақ солардан Смағұл Сәдуақасұлының айырмашылығы – ұлт мүддесі мен тарихын терең саралай алатындығы және “ескі оқығандарды” (Алаш осылай тұспалданып айтылған) жаңа мемлекет ісіне орнымен тарта алғандығы және орталық (Мәскеу) пен республика арасындағы саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынаста принципті көзқарас ұстағандығы еді”.
Ол бар болғаны отыз үш жыл ғана өмір сүрді. Егер ол қарақан басының қамын ғана ойласа, бойындағы бар қасиетін осы мақсатқа ғана жұмылдырса, қай салада болмасын, тау қопарып, тас жарар, басқалар үшін қол жетпес биіктерді бағындырар еді. Бірақ ол мансап қуған жоқ, қайда жүрсе де, қандай қызметтің тізгінін ұстаса да халықтың жайын, елдің болашағын есінен шығармады. Өкініштісі сол, ол кезде қазақтың болашағына алаңдағандардың қарасы тым аз болатын, кейде олардың да басы бір қазанға сыймай жататын. Содан да Смағұлға мыңмен жалғыз алысуға тура келді. Мәселен, жауапты қызметкерлердi даярлайтын аймақтық кеңестiк партия мектебi басшылығы қазақ тiлiндегi оқулықтардың, оқу құралдарының жоқтығын және сапалы бiлiм беретiн оқытушылардың жетіспейтінін желеу етіп, қазақ бөлiмiндегi тыңдаушыларды орыс тiлiнде оқытуды ұсынғанда, ол “ауылға бетбұрыс” қадамында мұндай әрекеттердiң саяси қателiк екенiн, қазақ бөлiмдерiндегi кемшiлiктер және қазақ тiлiнде сабақ беру мүмкiн емес екендiгi оның болашағы жоқтығына байланысты болып отырған жоқ, бұл iсте мектеп әкiмшiлiгiнiң ерiк-жiгерiн көрсетiп, жұмыс iстей алмауынан деп батыл қарсы шықты. Ұлттық мектептер ашу жөнiнде мақала жазды, қазақ балаларын орыс тiлiнде оқыту, ұлттық кадрларды даярлаудың тамырына балта шабу екендiгiн ашып айтты.
Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев Смағұлдың өмірден озғанын естігенде қабырғасы қайысып, былай деген екен:
Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол баладан, сол панадан айрылған,
Қайран қазақ, орны толмас жара екен.
Кім білді ердің асыл туған бағасын,
Байтақ елдің асқар таудай ағасын.
Ажал шіркін қарамайсың ажарға
Тағдыр тартып
жыртқызыпты жағасын.
Аққуы жоқ, қаздары жоқ көл жетім,
Шүйгіні жоқ, шалғыны жоқ жер жетім.
Смағұлдай баласынан айрылған
Қайран қазақ, болдың бүгін сен жетім!
Бұл өлеңді маған көзі тірісінде Смағұл Сәдуақасұлының жерлесі, Ұлы Отан соғысының ардагері, “Отан” орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Нұрым Сансызбаев берген еді. “Смағұл Сәдуақасұлы бұрынғы Көкшетау облысының Ленин ауданына қарасты Жарқын ауылында (Жиырмасыншы ғасырдың басында Ақмола губерниясы, Омбы уезі, Қорған болысының құрамында болған бұл ауыл қазір Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданына қарайды – Ж.С.) туған, мен де сол жердікімін. Менің туған ағам Омар Сансызбаев Смағұлмен көп араласқан екен, осы өлеңді жазып алыпты. Ал маған 1990 жылы ауылдасым Шақарбек Кәрібаев арқылы жетті”, – деген ақсақал.
Халқының бақыты үшін басын бәйгеге тіккен Смағұлдың есімі кеңес заманында ауызға мүлде алынбады деуге болмайды. Ол кезде, негізінен, Смағұлды қаралау тұрғысындағы еңбектер ғана жарық көрді. Оған деген көзқарас тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өзгере бастады. Міне, осы кезде белсенділік танытып, жақсының атын жаңғыртуға, халқына қайтаруға күш салғандардың бірі Нұрым Сансызбайұлы еді. Ол кісі қартайып, жүріп-тұруы қиындап қалған кездің өзінде осы мәселемен Алматыдан Қызылжарға сан мәрте келіп, талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Сөйтіп, Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Смағұл Сәдуақасұлының өмірі мен қызметіне, шығармашылық жұмысына қатысты жәдігерлермен толығуына, ұлының есімін ұлықтауға бағытталған басқа да шаралардың қолға алынуына қозғау салған.
Нұрым ақсақалдың айтуымен, 2003 жылы Ақжар ауданының әкімі болып істеп жүрген, есімі солтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс ұлтжанды азамат Ерік Нұрақаев белгілі ғалымдарды шақырып, араларында Диқан Қамзабекұлы да бар, Смағұл Сәдуақасұлының туған ауылынан таяқ тастам жердегі аудан орталығы – Талшықта атақты жерлестерінің өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Жалпы, мұндай бас қосулар шалғайдағы ауданды былай қойғанда, облыста да жиі бола бермейді. Ерекең көп оқитын, өткен-кеткеннен хабары мол, ұлтымыздың салт-дәстүрлерін қатты құрметтейтін азамат, Смағұлға тәнті болғаны соншалық, бәрін өзі ұйымдастырды. Бұл – ақжарлықтардың бір кезде халқы көз жазып қалған, тәуелсіздіктің арқасында қайта оралған атақты жерлесімен алғашқы қауышуы еді. Көп кешікпей Ерік Есімұлы тағы бір ерлік жасады, Омбыға арнайы тапсырыс беріп, Смағұлға Талшықтың орталық алаңында ескерткіш орнатты.
Мағжан Смағұлды байтақ елдің асқар таудай панасы санайды, “Смағұлдай баласынан айрылған, қайран қазақ, болдың бүгін сен жетім!” деп күңіренеді. Иә, Смағұл Сәдуақасұлының еліне, халқына сіңірген еңбегі шын мәнінде өлшеусіз. Ол жастайынан туған халқын сүйіп өсті, оның басқалармен терезесі тең болғанын қалады, сол үшін күресті, өз өмірін осы мақсатқа қызмет етуге арнады және осы жолда өзіне терең білім ғана сүйеу болатынын ерте түсінді. Оған әкесінің де ықпалы аз болмаған сияқты. “Медресе Ғалияны” тамамдаған Сәдуақас хазірет мұсылманша хат таныған баласын өз жолына тартпай, көрші селодағы орыс мектебінде оқытады. Смағұл 1912-1915 жылдары Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, бір жыл мұғалім болады да, Омбыдағы ауылшаруашылық мектебіне түседі. Осында қазақ жастарының алғашқы жасырын ұйымы – “Бірліктің” жұмысына араласа бастайды.
Алғашқы қазақ жастары ұйымының құрылуы, оның мақсат-мүдделері жөнінде Смағұл Сәдуақасұлының өзі кезінде былай деп жазыпты: “Бірліктің” мақсаты оның программасында (тұтынған жолында) айтылған. Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу, һәм ұлттықты сақтау… Бастауыш, орта дәрежелі мектептерге кітаптар жазу, школға түсемін деген шәкірттер даярлайтын курстар ашу”.
Отарлық тәуелділіктегі елінің азаттығын армандаған “Бірліктің” мүшелері білім алып қана қоймай, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, әлеумет істерінде ұлт мүддесі үшін күресті, жиі-жиі Омбыдан бар-жоғы 100 шақырым жердегі Жарқын, Ұялы, Байнияз, Қызылшілік, Қарашілік, Төрегелді, Бұланбай, Жандос, Томар, Дүйсенбай сияқты қазақ ауылдарына ат басын бұрып, сол кездегі “Қазақ” газетінде жарияланған мақалаларды, өздері шығаратын “Жас азамат” газеті және “Балапан” қолжазба журналымен таныстырып, Ресейде болып жатқан өзге де саяси оқиғаларды жұртқа жеткізіп отырды, ағартушылық қызметпен айналысты, жастарды өнер-білімге құштарлыққа үндеді.
1916 жылы “Бірлік” ұйымы “Балапан” деген журнал шығара бастады. Басылымның көздеген мақсаты саясат екендігі, әлеумет мүддесін қорғамақ ниеті Мағжанның: “Балапан қанат қақты жас еді… амалсыз қақты… солтүстіктің суығына шыдай алмады… балапанды көріп: “қорама кір, қолыма тұр, қалған-құтқанды берермін” деп күледі солтүстіктің салқын жүрек, тас бауыр адамы”, – дегенінен-ақ айқын аңғарылады.
Өмір Смағұлды қатарластарынан бұрын есейтті, жаңаруды тілеген жастардың төңкерісшіл көңіл күйі оның саяси сана-сезімінің тез өсіп-жетілуіне, азаматтық тұлғасының қалыптасуына ықпал етіп, бодандықтың азабын тартқан халқына пана болсам деген ізгі ниетін ерте оятты. Ол басқару ісіне де ерте араласты. 1917 жылғы төңкерістің дүмпуі кешікпей қазақ даласына да жеткені тарихтан белгілі. Нақ осы кезде, мұнда да жер-жерде жергілікті басқару органдары – комитеттер сайлана бастайды. Сондай комитеттердің бірі Омбыда құрылған болатын. Ақмола губерниялық қазақ комитеті деп аталатын өзін-өзі басқару мекемесінің құрамына біраз оқыған жігіттермен бірге Смағұл да кіреді. Кейін, 1918 жылғы мамырда, “Бірлік” “Жас азамат” деген жаңа ұйым болып қайта құрылғанда да, Смағұл басқарма мүшесі болып сайланады. Осы кезден бастап Смағұл саясатқа белсене араласып, қоғамдық қызмет баспалдақтарымен жоғары өрлей береді. 1920 жылдардың бас кезінде ол Батыс Сібір кооперация одағының бұратана халықтар арасында жұмыс жүргізетін нұсқаушысы қызметін атқарады. Қазақстан автономия болып енші алған кезде, советтердің бүкілқазақстандық I съезіне Ақмола губерниясынан делегат болып қатысып, Қазақ орталық атқару комитетінің төралқа мүшелігіне сайланады, артынша Бүкілодақтық орталық атқару комитетіне де мүше болады. Осы съездерден кейін, Қазақ АССР үкіметі тағайындалған кезде, ол халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсыновтың орынбасары болып бекиді.
Келесі, 1921 жылы Смағұлды Ақмола губерниясы Қазақстан советтерінің II съезіне тағы да делегат етіп сайлайды, тағы да орталық атқару комитетінің төралқа мүшесі болады. 1922 жылдың 4 ақпанында ол Қазақ орталық атқару комитетінің Түркістан республикасындағы өкілі болып тағайындалады. 1923 жылы Қазақ орталық атқару комитетінің хатшысы, ал 1924 жылы мемлекеттік жоспарлау комитетінде төрағаның орынбасары қызметін атқарады. Смағұл Сәдуақасұлы 1925 жылғы сәуірде, Қазақстан советтерінің V съезінде, халық ағарту комиссары болып тағайындалғанға дейін осындай әр деңгейдегі мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, үлкен мектептен өткен қайраткер ретінде қалыптасып қалған еді.
Ол өзінің жаңа қызметіне де құлшына кіріседі. Бұл – халық 1921-23 жылдардағы аштықтың салдарынан, отаршылдық саясаттың зардаптарынан толық арыла қоймаған – ел өміріндегі ерекше бір күрделі кезең еді. Халық ағарту саласындағы жұмыстарды ұйымдастыруда өлкенiң саяси-экономикалық тұрғыдан артта қалуы, қазақ халқының арасынан шыққан педагог мамандардың өте аздығы, оқулықтардың, оқу құралдарының жетiспеуi және оқу-ағарту саласына қаражаттың аз бөлiнуi қолбайлау болды. Жаңадан тағайындалған Халық ағарту комиссары, ең алдымен, ауыл мектептерiн дамытуды қолға алды. “С.Сәдуақасовтың мектептер санын көбейтудегi бiлек сыбана кiрiскен еңбегiнiң нәтижесiнде 1925-1927 жылдары аралығында республика бойынша 147 мектепке жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi және жаңадан 153 мектеп салынды. Республикамызда 1920 жылдары ғана қолға алынған мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемелерiнiң саны 1925-26 жылдары 14-ке жетсе, 1926-27 жылдары балабақшалардың саны 42-ге жетiп, онда 2440 бала тәрбиелендi. (ҚР ОММ. Қ. 81. т. 1, iс-1305. п 11).
Ендігі жерде мектептерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету маңызды іске айналды. Ол халыққа бiлiм беру iсiн жақсартудың тізгіні мұғалiмнiң қолында екенiн, оларға аса үлкен жауапкершiлiк жүктелетiнiн “Оқу iсiндегi кемшiлiктер” деген мақаласында талдап көрсетедi. Халық ағарту комиссары бұл мақаласында оқу iсiндегi кемшiлiктердiң бiрi мұғалiмдердiң өз iстерiне қалай болса солай қарап, саудасаттықпен айналысуы, еңбек тәртiбiн бұзуында жатыр деп санайды. Сондай-ақ, мектептердегi кертартпа атқамiнерлерді сын тезіне алады, баршаны олармен күресуге шақырады.
Оның қаршадайынан саясаттың қазанында қайнап, тез өсуіне бірден-бір ықпал еткен жағдай ойшылдығы, жастайынан қиялына қанат байлап алға жетелеп отырған қаламгерлік қасиеті дегім келеді. «Балапаннан» басталған оның қаламгерлік жолы ақтық демі таусылғанша үзілген жоқ. Ол өзінің мақалаларымен, публицистикалық еңбектерімен қоғамда қалыптасқан жағдайға талдау жасап, халыққа бағыт-бағдар сілтеп отырды. Оның осындай оқушысын баураған мақалаларының бірі “Еңбек туы” газетінің 1920 жылғы 13 қарашасында жарияланған “Көтеріл, жастар!” болды. Оған автор бүкіл халықтың тұрмысын өзгерту, адамшылық, ұйымшылдық негізімен өзгерту, жаңа дүние орнату деген жеңіл жұмыс емес екенін өзек ете отырып, бұл секілді жұмыс басын жарып, көзін шығарғанмен оңдалмайтынын, бұған ақыл, білім, ақ жүрек, адал ниет керек екенін, ұлттың ісін, елдің жұмысын жастар атқаратынын атап көрсетеді, “Жастар, жастар, жастар. Бұлардан басқа ешкімге сенім, ешкімнен үміт жоқ” – дейді жас Смағұл.
Ол қайда жүрсе де, қазағын ұмытпайды, елдің болашағы қазақтың біліміне, белсенділігіне байланысты екенін баса айтып, ой-санаға қамшы басып отырады. Осындай құнды дүниелердің бірі – “Қостанай-Торғай” деп аталатын жолжазбасы. “Қызыл Қазақстан” журналында 1922 жылы басылған бұл еңбегінде ол Қостанай өңірін мекендейтін қазақтардың тіршілік-тынысын талдай отырып, кеңестік билікке мойынсұнған қазақ жұртының ауыр халін ашып көрсетеді, отаршылдардың зымияндығын әшкерелейді. “Қостанай уезінің қазағы орыспен сан жағынан тепетең, құқық жағынан, бостаншылық жағынан Қостанай қазағының халі ескі замандағыдан төмен. Іс басында бір қазақ жоқ деуге болады. Бәрі орыстар… Істегендері зорлық-зомбылық, қиянат, қырып кету, жойып кету. Ел ішіне жақсылық сөзбен, таза пікірмен барған біреу жоқ”, – дейді ол күйініп.
“Ауылдағы жастар туралы” мақаласы “Еңбек туы” газетінде 1920 жылғы 25 желтоқсанда жарияланған. Смағұл осы мақаласында: “Осы күнгі заман – бірлескеннің, білгеннің заманы. Бірлестің, бірауызды болдың – сен күн көре аласың. Бытырадың, надан болдың – өлесің” – деп, ел жастарын бірлікке, ұйымдасуға, өрелілікке шақырады. Ал “Жастар съезіне” атты мақаласында қаламгер ұлтты қадірлеу қажеттігін ескертеді. “Мен – коммунист. Маған қазағы да, орысы да бәрі бір” деушілер табылады. Бірақ бұл секілді сөзді айтушылар орысқа да, қазаққа да пайдасыз адам болып шығады”, – дейді ол.
Ол өзі таңдаған жолдың, ұлт мүддесі үшін күресудің қауіптілігін, кеңестiк билiктің өз саясатына қарсы келгендерді аямайтынын, басып, жаныштайтынын түсінді. Оған 1925 жылы бiреулердiң жалған жаласымен айыпталып, жазаға тартылған ағартушы-ғалым, қазақтың көрнектi жазушысы Ж.Аймауытовтың соты да көз жеткізген. Алайда, ол таңдаған жолынан тайған жоқ. Кейін өзіне соққы болып тиетінін біле тұра, жазықсыз жапа шеккендерді арашалауға ұмтылды, оларға көмек қолын ұсынды. “Ленинградта оқып жүргенде Әуезовке қаржылай да көмектескен. “Жас Қазақстан” атты жинақ шығарып, оған Мұхтар, Жүсiпбек, Бейiмбеттердiң шығармаларын бередi” (Диқан Қамзабекұлы). “Жоғары биліктегі коммунистер алаш атынан алты қырды айналып қашып жүргенде Халық комиссары Смағұл Сәдуақасұлы шығармашылықтағы алаштық зиялыларға қаржылай түрлі қолдаулар жасап отыруды өз бақылауында ұстады. Мәселен, 1926 жылы М.Әуезов “Қаракөз” драмасы үшін шамамен екі мың, Ж.Аймауытов “Шернияз” драмасы үшін бір мың рубль сыйлық алды. А.Құнанбаев пен С.Торайғыровтың шығармаларын жинап, құрастыруға арнайы қаржы бөлінді. Ж.Аймауытов 1926 жылдың 6-7 айы көлемінде жазған шығармалары үшін он мың рубль көлемінде қаламақы алды” (Мәмбет Қойгелді. “Егемен Қазақстан”, 12 қаңтар, 2011 ж.).
Сәдуақасовтың өз ұлтына деген жанашырлығы, әсіресе, 1925 жылы Қазақстанның тізгінін қолына алған Голощекиннің қитығына қатты тиді. Ф.Голощекин Сталиннің өзін қолдағанын арқаланып, Смағұл Сәдуақасұлына неше түрлі жала жапты, соңына шам алып түсті. Оның тоқпағымен өлкелік партия комитеті Смағұл Сәдуақасұлын ұлтшылдардың жетекшісі деп таныды. Бірақ Смағұл одан қаймыққан жоқ, кез келген мәселеге пікірін ашық білдіріп отырды. Мысалы, Ф.Голощекин мекемелерді қазақыландыру, яғни мекемелердегі ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізуге қатысты: “қазақыландыру жұмысы партиядан басқа мекемелердің бәрінде жүруі керек, партияның қазақылануының қажеті жоқ, өйткені, партия Россиянікі, оның тілі орысша болса да жетеді” десе, Смағұл Сәдуақасұлы: “Партия қазақ жұртшылығымен жұмыс істейді, қазақ коммунистерімен қарым-қатынаста болады, ол неге өз жұмысын қазақ тілінде жүргізе алмайды” деп оның айтқандарын теріске шығарады. Сол сияқты, Ф.Голощекин орыс поселкесіндегі кулак пен қазақ ауылындағы байдың үлкен айырмашылығы бар екенін айтады. “Кулак өз шаруашылығын мәдениетті жүргізеді, соқа-сайманы бар, ал бай болса, біреуді қанайды, совет өкіметін мойындамайды” деген пікірге келіп, орыс кулактарына тимей-ақ қояйық, ал қазақ байларын тақымдап отыру керек деген ұсынысын өткізуге күш салады. Бұл мәселелерде де Смағұл: “Ауыл-поселкеде жүргізілуге тиісті біздің саясатымыз бірдей болуы керек. Қазақ ауылында бір түрлі, орыс поселкесінде басқаша саясат жүргізуіміз дұрыс емес, қазақтың байымен қатар орыстың да жуан жұдырықтарын (кулак) тақымдап отыруымыз керек”, деп оған қарсы шығады.
Ақыры жағдай ушығып, 1926 жылы 27 қаңтарда болған Өлкелiк комитет пен жұмысшы-шаруа инспекциясы комиссариатының бiрiккен мәжiлiсi Өлкелiк комитеттiң ұсынысымен Халық ағарту комиссариатын тексеру жөнiнде шешiм қабылдайды. Соған орай, 1926 жылы 17 қарашада Өлкелiк комитеттiң алқа мәжiлiсiнде Халық ағарту комиссариатындағы жағдайды тексеруге байланысты жұмысшы-шаруа инспекциясының өкiлi Смирнягиннiң баяндамасы тыңдалып, талқыланады. Жабық жағдайда өткен алқа мәжiлiсiн ашқан Ф.Голощекин С.Сәдуақасовтың өз атына жұмыстан босату жөнiнде өтiнiш жазғанын, Сәдуақасовты райынан қайтаруға әрекеттенгенiн, бiрақ одан ештеңе шықпағанын хабарлайды. Смағұл Сәдуақасұлының өз еркімен өтініш жазғаны рас еді. Оны талқылау барысында оның арызы жөнiнде және жеке басына байланысты алқа мүшелерi тарапынан әртүрлi пiкiрлер айтылады. Алғашқылардың бiрi болып сөйлеген Тәтiмов: “Сәдуақасовтың бұл жұмыстан бас тартуы неге байланысты екенiн мен бiлмеймiн. Оның осы уақытқа дейiнгi Қазақстандағы жұмысын бiлемiн және оны бiздiң аймақтағы iскер қызметкерлердiң бiрi санаймын. С.Сәдуақасов өзiнiң қабiлеттiлiгi жөнiнен басқа қызметкерлерден әлдеқайда биiк тұр. Ол тек ағарту комиссариатында ғана емес, қаласа басқа да салаларға ауыса алады. … Жазатындар бар, партиядағылар және партияда жоқтар жазып жүр, бiрақ оларды басқару керек. Жолдас Сәдуақасов осы жұмысқа лайықты келетiн iрi масштабтағы қызметкер және көрегендiгi жағынан бәрiмiзден әлденеше рет жоғары тұр”, – деп оның қызметiне лайықты бағасын берсе, Н.Нұрмақов: “Жолдас Сәдуақасовтың iс-әрекетiнiң шынайылығына мен күдiктенбеймiн, ал бiрақ бұл арыздың берiлуi қазiргi уақытта кездейсоқ дей алмаймын. … Сәдуақасовты ағарту комиссариатында алмастыратын адам жоқ демесем де, ол бұл жұмысқа өзiнiң деңгейi жағынан, қабiлетi жағынан толықтай лайықты және сәттi кандидатура болып табылады. Ағарту комиссариаты басшылыққа тек жақсы әкiмдi қоя салатын орын емес. Мұнда ағарту комиссариатының алдында тұрған барлық мiндеттердi жете түсiнетiн, толықтай мәдениеттi адам керек”, – деп арызды қабылдамай, жұмыста қалдыруды ұсынады. Мәжiлiс соңында талқыланған мәселе дауысқа салынып, Смағұл Сәдуақасұлының өтiнiшi қанағаттандырылмайды. Алайда, Ф.Голощекин қазақ зиялыларын қудалауын тоқтатқан жоқ. Смағұл Сәдуақасұлына “ұлтшыл” деп айып таққанда, оның Алаш қайраткерлерiмен байланысын, оларды қолдағанын үнемi алға тартумен болды.
Кейін, 1927 жылы 22 маусымда Халық ағарту комиссары қызметiнен босатылған Смағұл Сәдуақасұлы Ташкент қаласындағы қазақ педагогика институтының ректорлығына жiберiлдi.
Көп кешікпей Смағұл Сәдуақасұлының айтқандары келіп, Голощекин басқарған жылдары қазақ шын мәнінде сорлап қалды. 1928-1930 жылдары егін шықпай, астық тапшылығы анық сезілсе, 1929-1930 жылдары халықтың көпшілігі қолда бар малынан айрылып, үлкен күйзеліске ұшырады. Ол ол ма, байтал түгілі, бас қайғы болып, адамдардың өздері шетіней бастады. Осы кездегі ел тіршілігін белгілі тарихшы Т.Көлбаев былайша суреттейді: “Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Баяғы қоғамдастырылған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнделікті күтімі болмағандықтан жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның 4 миллиондайы ғана қалды … “Бала-шағаларымды аштық апатынан аман алып қаламын ба?” деген үмітпен арып-ашқан қазақтар (олардың панасыз қалған балалары) лек-легімен шұбырып, өнеркәсіп орындарының, поселкелердің, көптеген қалалардың (Алматы, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Семей, Қарсақбай, Қарағанды, Балқаш, Ақмола, Петропавл, т. б.) теміржол стансаларының төңірегінде сеңдей соғылып, сандалып жүрді. Бұл қалалар мен поселкелерден ересектер мен балалардың мәйітін күн сайын қала сыртына алып кетіп жатты” (“Ақиқат”, 1989, №5, 21-бет).
Нақ осы кезде Т.Рысқұлов пен О.Исаев Сталинге хат жолдап, 1932 жылдың көктемінде Орталық Қазақстанда 10-15 мың адам аштан өлгенін, Торғай мен Батпаққара аудандарында халықтың 20-30 пайызы қырылып қалғанын хабарлайды. Кейін анықталған ресми деректерге қарағанда, қызыл қырғын кезінде Қазақстанда тұратын және қонысынан ауып көршілес өлкелер мен республикаларға барған қазақтардың өлгендерінің саны 2,3 миллионға жеткен. Бұл 1930 жылы Қазақстанда тұрған бүкіл қазақ халқының жартысынан көп еді.
Смағұл Сәдуақасұлы сияқты арыстың халқына қайта оралуына Сабыр Қасымов, Берік Әбдіғалиев, Диқан Қамзабекұлы, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Бейбіт Қойшыбаев сынды азаматтардың көп еңбек сіңіргені жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Осы ретте, ауызға көп алына бермейтін тағы бір есім бар. Ол – өмірден ерте кеткен белгілі қоғам қайраткері, қаламгер Батырхан Дәрімбет. Ол сонау 1993 жылы Смағұл Сәдуақасұлының таңдамалы еңбектерін жинақ етіп шығарған. Қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан сол бір қиын-қыстау кезеңде, белгілі мемлекет қайраткері Жәнібек Кәрібжановтың қаржылай қолдауымен жарық көрген осы еңбекпен танысу барысында Батырхан Дәрімбеттің де Смағұл Сәдуақасұлы туралы айтары аз емес екеніне көз жеткіздім. Ол Смағұл Сәдуақасұлын ағып өткен бір жұлдызға теңейді, “Смағұлдың жазушылық қабілеті оның көркем шығармаларымен бірге ғылыми-публицистикалық еңбектерінде де айқын көрінеді. Қалыптасқан стереотиптерден ада еркін ой өзіне еріксіз баурап отырады” (Смағұл Сәдуақасұлы, “Таңдамалы”, 1993 ж. 14-бет).
Әдебиет дегенде мына бір жай ойға оралады. Жоғарыда Смағұл Сәдуақасұлының ескі оқығандарға, соның ішінде революцияға дейін аты елге жайылған, кезінде “Алаш” партиясымен байланысты болған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды ақын-жазушыларға көзқарасы туралы айттық. Бүкіл газет-журналдар жоғарыда аты аталған Алаш қайраткерлерін байшылдар, түрікшілдер, ұлтшылдар деп шулап жатқанда, Смағұл Сәдуақасұлы солардың қиқуына ілесіп кетпей, “Рас, олар патша заманында ұлтазаттық қозғалысына қатысты, қатысып қана қойған жоқ, басқарды. Сондай кездерде олар кей жағдайда ұлтшылдық пікір де айтып қалып жүрді. Сол үшін оларды күйдіруге бола ма? Ондағы мақсаттары ұйқыда жатқан қазақ елінің ұлттық сезімін ояту, ұлт ретінде калыптастыру, өзін-өзі ұлт ретінде сезіну сезімін ояту болды ғой. Міне, осындай қасиеттері үшін біз оларды үнемі түртпектей беруге тиіспіз бе?”, дейді “Ахаңның алдында” деген баяндамасында. Ал “Молодой Казахстан” деген жинаққа жазған алғысөзінде “қазақ – дүниеге қайта шығып келе жатқан, ғасырлар бойы қараңғылықта ұсталған халық, оның рухани мұрасын жасаушылар да аз. Ал енді осы “саусақпен санағандай”, ат төбеліндей аз ғана топтың бірін түрікшіл, бірін ұлтшыл қылып соңына түскеннен кім не ұтады? Бұларды жауып тастап, дүниені жаңадан жасаймыз дейтіндердің дәрежесі бұлардың жеткен биігіне орайласа ала ма? Әлде бұларды қолдап-қошеметтегеннен қазақ халқы әлдеқандай бір пәлеге ұшырап қала ма?” деп ара түседі. Оның көрегендігіне таңғаласың.
Осындай текетірестің немен аяқталғаны белгілі. Смағұл Сәдуақасұлы туған елінен қуылып, жат жерде жұмбақ жағдайда қаза болды. Бірақ уақыт оның тұлғасын көмескілей алған жоқ, алмас кездік қап түбінде жатпайды деген емес пе, Смағұл Сәдуақасұлы халқына қайта оралды, мәңгілікке оралды.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.