
Петропавл қаласындағы Жұмабек Тәшенев атындағы №20 мектептің алаңында осы оқу орнына есімі берілген қайраткердің ғасырлық мерекесіне арналған салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты Жұмабек Тәшеневтің жүз жылдығына орай Қызылжардағы №20 мектепке оның есімі берілген болатын. Ардақты тұлғаның солтүстік аймақтардағы игі істерінің тарихи маңызы ерекше. Ұлтын сүйген азамат қайсарлығының арқасында еліміздің тұтастығын сақтауға көп еңбек сіңірді. Елордамыз – Астана, Көкшетау және Шымкент қалаларында тарихта алтын әріптермен жазылған нар тұлғаның есімімен аталатын көшелер бар. Біздің өңірімізде де лайықты құрмет көрсетілуде. Осындай игілікті іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деді.
Еңбек ардагерлері Жақсылық Ысқақов пен Григорий Кухарь өр тұлғаның еңбек жолы, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы қажырлы істеріне тоқталды.
Қайраткердің ұлы Саян Тәшенев әділдікті ту етіп, үнемі халқының қамын ойлаған әкесінің отбасындағы, бала тәрбиесіндегі мейірімділігін, көркем мінезін әңгімеледі. Саналы қызметінің он төрт жылын біздің қаламызға арнаған қайраткерді құрметке бөлеп отырған барша қызылжарлықтарға алғысын білдірді.
Осыдан кейін ол облыс әкімі Ерік Сұлтановпен бірге мектеп алаңында орналасқан ұлы тұлғаның мүсінін ашты.
Шара соңында қонақтар Жұмабек Тәшеневтің өмірі мен шығармашылығына арналған мұражаймен танысты.
***
Бұл шара С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Мәңгілік елдің парасатты тұлғасы – Жұмабек Тәшенев” тақырыбындағы “дөңгелек үстел” отырысымен жалғасты. Білім мекемелерінің, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мамандары қатысқан шараны облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов жүргізді. Жиын барысында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Мұрат Тәшеневтің, облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікованың, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ “Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндері” кафедрасының доценті Сабыр Ыбыраевтың, аталған университет жанындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласбаеваның мансапқа құл болмай, ұлтына адал ұл болған Жұмабек Тәшеневтің өнегелі өмірі мен еңбек жолына арналған баяндамалары тыңдалды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.