«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ҮЛКЕН МЕРЕЙ

Менің туған жерім – Алтайдың арғы беті. Ол жақты қоныстанған қазақтар салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына өте берік. Ұлттық құндылықтарды ұрпағының бойына дарытып, қылаудай кір жұқтырмайды, әркез аманаттап отырады. Атамекенімізге көшіп келгенде қазақшаға қамшы салдырмайтын жүйріктігімді қайтейін, кейбір қатарластарым орысша білмейтінімді, сөйлей алмайтынымды күлкі-келеке етті.

Құжат толтыру мәселесінде қиындықтар аз кездескен жоқ. Қалыптасқан жағдайды ой елегінен өткізе келіп, бәрі өзімізге байланыс ты деген шешімге келдім. Таласып- тартысқаннан ешнәрсе өнбейтінін ұқтым. 2022 жылы аудандық «Қазақ тілі» ұйымына жетекшілік ету сенімі көрсетілгенде бас тартпағаным сондықтан. Осылайша маңайыма қолынан іс келетін азаматтарды топтастыра отырып, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін арттыруға өз үлесімізді қосуға бел шеше кірісіп кеттік. Тұрғындар жиі келетін халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту орталықтарымен, денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер мекемелерімен, «Қазақтелеком», «Қазпошта» бөлімшелерімен, теміржол, автожол бекеттерімен қоян-қолтық жұмыс істеудің арқасында ақпараттық құралдар, өтініш парақтарының екі тілде толтырылуы ретке келтірілді.

Ұлттық өнердің, оның ішінде асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ ойындарының, айтыстың жандануына барынша ықпал жасалынып, мәдениет, спорт бөлімдері тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Сөйтіп, бірлесе атқарылған іс-шаралар біртіндеп жемісін бере бастады. Аудан әкімінің жеке қабылдауында болғанымда орталық саябақта «Асық ату» ойын алаңын салу туралы ұсынысым мақұлданып, ойын ережесі қоса бекітілді. Қазіргі уақытта қала балаларының бос уақыттарын ұтымды өткізетін орны саналады.

Өзекті мәселелердің бірі – елді ме көшелерді қазақыландыру. «Ономаскендердің тарихи атауларын қайтару, тикалық кеңістікті реттеу жолдары» жобасы аясында бірқыдыру шаруа атқару белгіленген. Белгілі саясаттанушы Досмахамбет Көшім бастаған топ мүшелері Келлер және Тихоокеан ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, мәселе ашық талқыланды.

Ауданымызда тұңғыш рет облыстық ақындар айтысының өткізілуі – біз үшін үлкен мерей. Басты ерекшелігі, «ат тұяғын тай басар» дегендей болашағынан үміт күттіретін тегеурінді жастар қатарға қосылды. Амандық, Тихоокеан, Теңдік ауылдық округінде ұлттық қолөнер бұйымдары мен тағамдар көрмесін жұртшылық қызыға тамашалады. «Садақ ату» ұлттық ойынын ерекше мәнермен ұйымдастыра білген алғашқы әскери және техникалық дайындық пәнінің мұғалімі Қайыр Қаппасовқа алғысымыз шексіз. Балалар облыстық сайыстан олжалы оралды. Садақ ату алаңы ашылды. «Асық ату» – жасөспірімдер арасында танымал ұлттық ойындардың бірі. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде «Болашақ» бөбекжай-бақшасында «Әжелер, әкелер және аналар» мектебінің ашылу салтанаты да тағылымға толы болды.

Қажымұрат ТОЙЛЫБАЙ,

Тайынша аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp