«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлт көсемі — Әлихан

Биыл алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін болады. Осыған орай облыс орталығындағы №2 кітапханада “Тарихтан тағылым” атты әдеби шара ұйымдастырылды. Онда ел үшін басын бәйгеге тіккен алаш қайраткерінің еңбегін жұртшылыққа кеңінен таныстыру қажеттігі туралы айтылды. Сондай-ақ, тұлғаның өмірін, сан қырлы қызметін, баға жетпес мұрасын жастарға насихаттаудың маңызы сөз болды.

Әлихан Бөкейханов қазақ халқының жазбаша тарихын жазып, жас ұрпаққа терең таныту үшін оны тиянақты зерделеп, терең зерттеді. Батыс Еуропа, орыс, көне грек, Шығыс әдебиеттерінің үздік үлгілерін талмай оқып, қазақ әдебиетін француз Ги де Мопассанның, ағылшын Оскар Уайльдтың, орыс Лев Толстой, Антон Чехов, Владимир Короленко шығармаларының, көне Еуропа әдебиетінен Эзоп пен Үнді мысалдарының, Қырым татарлары туралы аудармаларымен байытты. Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларына, Міржақып Дулатовтың, Сұлтан­махмұт Торайғыровтың, Спандияр Көбеевтің романдарына сын жазып, қазіргі әдебиеттанудың, оның ішінде абайтанудың классикалық үлгісін көрсетіп, негізін қалады. Оның “Қара қыпшақ Қобыланды”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайын” эпостарын, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырын жеке жинақ етіп бас­тырып, қазақ ауыз әдебиетінің дамуына зор серпін беруі – бір төбе. Алаш көсемінің осындай белгілі, белгісіз қырлары жайында өңіріміздің зиялы қауым өкілдері баяндады.

Әдеби шара барысында “Туған жерді нұрландырған” атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған Ә. Бөкейхановтың таңдаулы туындылары, сирек кездесетін фотосуреттері және ол туралы жазылған жазушылардың, сыншылардың зерттеу мақалалары мен кітаптары қойылды.

Жиналғандардың назарына ұсынылған “Алаш ардақтылары” деректі фильмінің мазмұны ел тәуелсіздігі үшін құрбан болған айтулы тұлғалардың өлшеусіз еңбегін көз алдымызға әкелгендей болды.

Ләззат ЕРҒОЖИНА,

№2 қалалық кітапхананың меңгерушісі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp