«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТ МҮДДЕСІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы жасампаздықтың бастауы десек қателеспейміз. Өйткені, тәуелсіз мемлекетімізді өрелі істерге бағыттаған тарихи құжат қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, табысқа жету үшін “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, жұдырықтай жұмылуға шақырды.

Еліміздің ертеңгі даму бағыты айқындалған халқымыз үшін маңызы зор, мәні терең құжатты Айыртау ауданына қарасты Кирилловка мектебінің ұжымы да талқылап, Жолдау жүктеген міндеттерді әңгіме арқауына айналдырды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмас Кәкен мен кітапханашы Лариса Полиш өздерінің пікірлерімен бөлісті. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіру міндеті жүктелді. “Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – келешек жоқ” демекші, туған жерінің тарихын, ата салтын, дәстүрін білмей өскен ұрпақтан отансүйгіш адам шықпайды. Қоғамдағы жаңғыру үдерісіне зор серпін берген “Рухани жаңғыру” бағдарламасын әрі қарай жалғастырып, білім көкжиегінде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – баршаның ісі.

Жолдауда білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы, туризм салаларын дамыту жайы да айтылды. Өзім ұстаз болған соң білім саласына қатысты тың ойларға ерекше назар аудардым. Бүгінде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне Үкімет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Сондықтан Қазақстанның озық ойлы өскелең ұрпағын тәрбиелеу – біздерге жүктелген абыройлы міндет. Орта мектепте баланы сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби бағдар берудің маңызын айтқан Елбасымыз “Педагог мәртебесі туралы” Заң қабылдау қажет екенін жеткізді. Ұстаздардың мәртебесі заңмен реттелсе, қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіздіктердің жолына тұсау салынатыны анық деп ойлаймын.

Ақнұр ТЕМІРҚЫЗЫ,

тарих пәнінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp