“ӘР ШАҢЫРАҚҚА – “SOLTUSTІK QAZAQSTAN!”
(“Soltústіk Qazaqstan” газеті, 22 қазан 2019 жыл)
Халықтың мұң-мұқтажын, әсіресе, ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін билік өкілдеріне жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше екені барлығымызға аян. Біз – ғасырға жуық тарихында өзекті мәселелерді қозғап, әр қазақтың төрінен табылған “Soltústik Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырмандарымыз.
Газет арқылы өңір жаңалықтарынан хабардар болып, рухани азық аламыз, білім және таным көкжиегімізді кеңейтеміз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда Мамлют ауданында қазақтардың саны кеміп қалды. Бексейіт және Бостандық ауылдарында ғана қазақ мектептері бар. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында “Soltústik Qazaqstan” газетінің ұжымы Қызылжар қаласында қазақ сыныптарының ашылуына атсалысқанын ұмытпауға тиіспіз. Басылым алғаш жарық көрген сәтінен бастап ұлт пен тілді қызғыштай қорғап келеді.
Бүгінде Бексейіт ауылында 100-ге жуық шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ұлтымыздың рухын асқақтатқан басылымға қолдау көрсетуді парызымыз деп білеміз. “Soltústik Qazaqstan”-ның ғасырлық тойына орай мұндағы әр отбасы газетке жазылуға шешім қабылдады.
Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылының тұрғындары атынан: Еркебұлан БАЛАҒАНОВ, Гүлжан КАБДОЛЛИНА, Нағима ҚҰРҒЫНБАЕВА. Хамит ҚОНТАЕВ, Сайлаубек ЕСМҰҚАНОВ.