Өңірімізде диспансерлік есептегі тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Бүгінгі күні медицина мекемелері есепке алған 160 мыңнан астам науқасқа берілетін тегін дәрі-дәрмекке биылғы жылға 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Осы және денсаулық сақтау саласындағы басқа да түйткілді мәселелер жайында аталмыш басқарманың басшысы Қабдрахман Сақтағанов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Қабдрахман Еркінұлының атап өткеніндей, бүгінгі күні облысымызда 26 аурухана, 73 амбулаторлық емхана және 52 фельдшерлік, 449 медициналық пункт бар. Ал тұрғындар денсаулығына 1500-ге жуық дәрігер және 5 мыңға тарта орта білімді медицина қызметкерлері бақылау жасайды. Бүгінгі күні кадр тапшылығы – денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Былтыр дәрігерлер қатары 68 маманмен толығыпты, әлі де жоғары білімді 114 медицина қызметкерінің орны бос тұр. Қабдрахман Еркінұлы қазіргі таңда Астана, Семей, Қарағанды қалаларындағы медицина университеттерінің түлектерімен келісімдер жүргізіліп жатқанын айтты.
Баспасөз мәслихатында медициналық-демографиялық көрсеткіш, ана және бала денсаулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Өлім-жітім көрсеткішін қан айналымы жүйесі және тыныс алу органдарының аурулары арттырған. Сонымен қатар, түрлі жарақат және улану салдарынан қайтыс болғандар да бар. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы өңірімізде онкологиялық аурулардың артқанын да айтты. Соңғы жылдары өкпе, тері, сүт безі, асқазан обырымен сырқаттанушылар қатары көбейген. Бірақ, ауру түрлерін бірінші, екінші кезеңде анықтауға скринингтік тексеру нәтижесінде қол жеткен.
Баспасөз мәслихатына қатысқан журналистер денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық жағдайы, туберкулез ауруының алдын алу және дәрігерлер арасындағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерді болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысы жайлы да сұрады. Биылғы жылы өңіріміздің медицина саласына 23,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Соның 900 миллион теңгеге жуығы 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. Медицина техникаларын және жабдықтарын сатып алуға 360 миллион теңге қаржы жоспарланған.
Қабдрахман Сақтағановтың айтуынша, биылғы жылы дәрігерлер денсаулық саласындағы қызмет түрлерінің сапасын арттыруға және тұрғындар арасында кең тараған ауру түрлерін азайтуға күш жұмылдыратын болады.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.