
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау және фармацевтикалық бақылау департаменттерінің бірігуі нәтижесінде биыл тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті құрылды. Жаңа мемлекеттік мекеме – қоғамдық денсаулық сақтауды, тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылығын қамтамасыз етуді, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етеді. Өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Эпидемияға қарсы жүргізілген санитарлық шаралар жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алуға мүмкіндік берді. Облыста азық-түлік өнеркәсібі, сауда, сумен қамтамасыз ету кәсіпорындары арасында жаппай ауру тіркелген жоқ. Жіті ішек жұқпасы мен респираторлық вирустық инфекция, вирустық гепатит, менингококк, эхинококкоз, энтеробиоз, токсакороз, риккетсиоз бен педикулез аурулары азайды.
Жыл сайын күзде тұмауға қарсы өңір тұрғындарын иммундау жүргізіледі. “Гриппол плюс” вакцинасының 60 000 дозасы (өндіруші ел – Ресей) сатып алынды. Алдымен вакцинаны балалар, медициналық қызметкерлер, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар, жүктіліктің екінші және үшінші кезеңіндегі екіқабат әйелдер, созылмалы тыныс алу, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары бар адамдар алады. Бүгінде тәуекел тобындағы тұрғындардың 34,4 пайызына екпе қойылды. Иммундау шаралары қараша айының ортасында аяқталады. Сондықтан вирустық аурулардың алдын алу үшін өңір тұрғындарын өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Жыл сайын сібір жарасы ауруының алдын алу бойынша ведомствоаралық ұйымдардың қатысуымен мәжіліс өтеді. Қауіпті инфекцияларға жол бермеу үшін ұйымдар тарпынан ұсынымдар әзірленеді.
Облыста сібір жарасы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Көп жылдан бері ауру тіркелген жоқ. Алайда, облыс аумағында сібір жарасының 161 эпизоотиялық және эпидемиялық ошағы бар. Барлық жер қоршауға алынып, арнайы белгілер орнатылды. Соңғы бірнеше жылда екі адамның бруцеллез ауруын жұқтырғаны анықталды. Науқастар ем-дом алып, инфекция ошақтары дезинфекцияланды. Сондай-ақ, құтырма ауруының алдын алу бойынша аумақтық медициналық ұйымдармен, ветеринарлық, орман және аңшылық шаруашылығы қызметі және басқа да мүдделі ведомстволармен кешенді жұмыстар атқарылатынын айтып өткен жөн.
Медицина мамандарының дайындығын қамтамасыз ету, аурудың алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу мақсатында тренингтер мен оқыту курстары ұйымдастырылды. Өңірімізде туберкулез сырқаты 3,8 пайызға төмендеді, құрт ауруын жұқтырған балаларды дер кезінде анықтау және оларды сауықтыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 18 жасқа дейінгі балалар арасында ауру көрсеткіші 66,6 пайызға азайды. Жергілікті атқарушы органдармен жүйелі жұмыс жүргізіліп, туберкулезбен ауыратын науқастарды әлеуметтік қолдау көлемі артты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл орайда мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллион теңге бөлінеді. Біздің өңірде тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін 1004 денсаулық сақтау ұйымы бар. Жүргізілген кешенді іс-шаралардың арқасында медициналық ұйымдардың санитарлық-техникалық жағдайы жақсаруда. Бүгінде 729 мекеменің 578-іне жоспарлы тексеріс жүргізілді. Тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша санитарлық ережелердің талаптарын бұзғаны үшін денсаулық сақтау ұйымдарына 237 айыппұл салынды. Соның 219-ы өндіріліп алынса, 42 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Қазір медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты тұрғындар тарапынан шағым айту азайды. Бұл көңілге қуаныш ұялатады.
Биыл департамент алғаш рет денсаулық сақтау субъектілеріне жоспарлы бақылау жүргізуде. Кәсіптік бақылау шеңберінде тексерілген барлық жеті медициналық ұйымда бұзушылықтар анықталып, оны жою үшін ұйғарым берілді.
Өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау – мемлекеттің маңызды стратегиялық міндеті. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы екенін ескерсек, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына ерекше көңіл бөлген жөн. Қазір оқушылар арасында көз аурулары алдыңғы қатарда. Одан кейін жүйке жүйесі, сүйек-бұлшық-ет, асқазан-ішек аурулары орын алады.
Барлық жерде кәріз жүйесі іске қосылып, су құбыры тартылмаған. Сумен жабдықтаудағы кемшіліктер білім беру ұйымдарының санитарлық-гигиеналық жағдайына әсер етеді. Өңірде 292 мектеп орталықтандырылған су құбырына қосылған. Ал 82 білім беру ұйымына су тасымалданады. Бұл ауызсу сапасының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Әсіресе, ауылдық жердегі мектептердің көпшілігінде орталықтандырылған су бұру жүйесі жоқ. Бұл факторлар оқушылардың денсаулығына теріс әсер етеді. Біздің талап бойынша соңғы 2 жылда 112 ауыл мектебінде жылы дәретхана орнатылды.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бала денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу үшін ата-аналармен бірге оқушылардың сөмке жүктемесіне мониторинг жүргізеді. Бастауыш сынып оқушылары ұстайтын сөмкенің салмағы тиісті талапқа сәйкес келмейді. Кейбір балалар рюкзактарына сабақ кестесінен тыс оқу құралдары мен спорттық киім, аяқ киім салады. Сөмкедегі артық салмақ баланың денсаулығына қауіп төндіреді. Бұдан сынып жетекшілері мен ата-аналардың балаға немқұрайды қарайтынын аңғарамыз. Талап бойынша әрбір білім беру мекемесі оқулықтарды, ауыстырып киетін аяқ киім мен спорт құралдарын сақтауға арналған жеке шкафтармен жабдықталуы тиіс.
Біздің департаментте тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын өндірумен, сақтаумен және сатумен айналысатын 494 кәсіпорын бақылауда тұр. 2013-2019 жылдар аралығында қайта реттеу аясында бақылауда тұрған нысандар саны 6,4 есеге қысқарды. Өңір кәсіпорындарында өндірістік бақылау бағдарламаларын енгізу бойынша оң динамика байқалады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында ерекше тәртіп бойынша тексерілген 179 нысанның 153-інде өндірістік бақылау бағдарламасы әзірленді. Тексеру барысында 626 тамақ өнімдерінің сынамалары іріктеліп, зерттелді. Соның жетеуі талапқа сәйкес келмейді.
Өткен тоғыз айда облыстағы 203 азық-түлік сауда орындарында 2165 тамақ өнімдерінің үлгілері сатып алынды. Онда балық, ет, сүт өнімдерінің атаулары дұрыс көрсетілмеген. Сүт өнімдерінің құрамындағы май қышқылы талапқа сәйкес келмейді. Ет және құс өнімдерінен алынған сынама нәтижесі бойынша кейбіреуінде антибиотиктердің қалдық мөлшері анықталды. Бүгінгі таңда облыстағы 654 елді мекен тұрғындарының жартысына жуығы құбыр суын пайдаланады. Халықтың таза ауызсумен қамтамасыз етілуі 89 пайызды құрайды. Айыртау, Есіл, Мамлют, Тайынша, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда сапалы ауызсуға қолжетімділік төмен. Облыстың барлық аудандарында сумен жабдықтау нысандарына қызмет көрсететін мамандандырылған кәсіпорындар құрылды. Бірақ олар аудан орталықтары мен тұрғыны көп ауылдарға ғана қызмет көрсетеді. Судың сапасына бактериологиялық, санитарлық-химиялық тексеру жүргізу барысында сынамалардан талапқа сәйкес келмейтін кемшіліктер анықталды.
Сырқаттардың дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз етудің де маңызы зор. Департаменттің фармацевтикалық инспекторат және фармацевтикалық бақылау бөлімдерінің негізгі міндеті тұрғындар мен денсаулық сақтау ұйымдарын қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта облыста фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын 552 нысан бар. Соның ішінде 284 дәріхана, 158 дәріхана пункті, он төрт дәріхана дүңгіршегі мен отыз төрт дәріхана қоймасы бар.
Бүгінде дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығы “ДАРИКЗ” мобильді қосымшасын іске қосты. Қанатқақты жоба тұрғындарға дәріханадағы бағаның белгіленген шекті бағаларға сәйкес келетінін тексеруге және қажет болған жағдайда аумақтық департаментке автоматты режімде шағым жіберуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта сәби өлімінің алдын алу, созылмалы вирустық гепатиттері бар науқастарды вирусқа қарсы терапиямен, В және С вирустық гепатиттерін емдеу үшін дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізілуде. Елімізде БҰҰ-ның даму бағдарламасы арқылы вирустық гепатиттерге қарсы тегін инновациялық дәрілер сатып алынды. Бұл препараттар тұрғындарды вирусты гепатиттерден тиімді емдеуге мүмкіндік береді.
Облыстың дәріханалық және медициналық ұйымдарын тексеру барысында департамент мамандары заңсыздықтарды анықтады. Фармацевтикалық талаптарды бұзған ұйымдарға 11 хаттама толтырылды.
Үстіміздегі жылы Уәлиханов ауданындағы тұрғындардың бірінен шағым түсті. Сырқат қажетті дәрімен қамтамасыз етілмеген. Бұған жауапты лауазымды тұлғаға әкімшілік шара қолданылды. Ал өткен жылы Айыртау ауданы мен Петропавл қаласы тұрғындарының шағымдары бойынша екі жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Серікбай ҚАСМАҚАСОВ,
облыстық тауарлар мен
көрсетілетін қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін
бақылау департаментінің басшысы.