Ақындардың ақыны Мағжан Жұмабаев, барша қазақтың туысына айналып, бөтенсінуді білмеген бауырмал кәдімгі Сәбит Мұқанов, ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі қазақ әдебиетінің болашағысың деп томағасын сыпырған Сафуан Шаймерденов сынды алыптар шыққан бұл әдеби ортаны басқаша айту, сірә, мүмкін емес. Сондықтан «Солтүстік Қазақстан» тек өңірлік басылым демесең, тарих тұрғысынан келсеңіз де, мұнда қалам тартқан тау тұлғалар тұрғысынан келсеңіз де қазақ баспасөзіндегі аузын Айға білеген бүгінгі кез келген республикалық газет-журналды шаң қаптыратыны анық.
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің иегері Сафуан Шаймерденов – өзінің шыңға шығудағы алғашқы баспалдағы – қарашаңырағын әсте естен шығармай жадында ұстаған жан. Көзінің тірісінде редакциямен байланысын ешқашан үзбеген қаламгер. Заңғар жазушы сонау 1980 жылы «Ленин туы» газетінің 60 жылдығына орай жазған «Газет шарапаты» атты мақаласында: «…Мен әдебиетке бала күнімнен-ақ құмар едім. Әу баста осы құмарлық отын кім тұтатты?» – деп, өзіне сауал тастайды да, дәріс берген ұстаздарым ба, әлде әңгіменің майын тамызатын ауылдағы зағип жан Бәри ме, мүмкін сықсима шамның жарығымен түні бойы беріле оқитын батырлар жыры мен қиссалар ма немесе ата-бабалардан ауысып келген қасиет пе, дөп басып айта алмаймын дей келіп: «…Ал әдебиетке деген сол құмарлықты баптап, жазушылық ұлы өнердің додасына салып жіберген не күш десеңіз, жауабым дайын: ол өзім ұшқан ұям – «Ленин туы» газеті», – деп ағынан жарылған.
Сафекең – бәз біреулер сияқты болдым-толдым демей, шыққан тегі, өскен ортасымен қатынасын еш-қашан үзбеген қаламгер. Бертінге дейін жылына әлденеше рет, ең болмағанда солтүстіктің қысқа жайма-шуақ жазында ауылына қарай ат басын бұратын жазушының Қызылжардағы газет редакциясына соқпай кеткен кезі жоқ. Келген сайын газет, радиодағы көңіліне жақын кей қаламдас інілерін қасына ерте жүріп, ел ішін бірге аралаушы еді. Сөзімнің дәлелі іспеттес жоғарыда айтылған мақаладан тағы бір үзінді келтірейін : «…Кейде жиі, кейде сирек болса да «Ленин туы» газетіне қалам тартқаныма қырық жылдан асты. Әуелі жеңіл-желпі хабарлар, жүре-бара әдеби сын, рецензиялар, өлең, очерктерім көріне бастады. Бір қызығы, мен жазып, редакцияға жолдаған дүниелерімнің жарияланбай қалғаны, жә болмаса, ойсырата жөндеуге ұшырағаны болған емес. Газет құдды менің хатымды ғана күтіп отырғандай-ақ, жазғаным жеткен болар-ау деген шамада жарқ етіп шыға келетінді. Өз газетім – «Ленин туы» мені осылай аялаушы еді…».
Атағынан ат үркетін, ел таныған, жұрт сыйлаған жазушының туған басылымы жайлы нәзік те сырға толы бұл сыйластығын қалай бағаламассың?! Өзінің әдеби мектебі жайлы осыншама жылы лебіз айтып, сарала сағынышын зор ілтипатпен жазған тағы бір қаламгерді мысалға келтіріп беріңізші, әй, қайдам, табыла қоймас ондай жан.
Осыдан 35 жыл бұрын жазылған бұл шағын мақаланы зер салып оқыған адам одан жазушының бүкіл болмыс бітімі, алдына қойған мақсат-мұраты, тіпті, қазіргі сан алуан ақпарат түрімен шырмауықша шырмалған ғаламтор заманмен үндесіп жатқанын аңғарары анық. «…1944-1945 жылдары мен газеттің Преснов, Октябрь аудандарындағы тілшісі болып қызмет атқардым. Тапсырма көп пе, әлде, сапарға әуес өз қасиетім бе, әйтеуір елді көп аралайтынмын. Ол кездегі жүріп-тұрудың қиындығы да мені қиналтпайтынды. Жаяулап-жалпылап, кейде ат, кейде өгіз демей, әйтеуір жүре беруші едім. Қисапсыз көп адамдармен таныстым. Қисапсыз көп мінез-құлықтарды жадыма түйдім. Сол жүріс-тұрыстың нәтижелі іздері шығармаларымда сайрап жатыр десем де болады. Бұл ретте мен «Ленин туы» газетіне өтелмес қарыз иесімін. Газетте істеген сол күндерімді сағынам», – дейді тарлан талант иесі өзінің қайнар бастауын еске алып. Сондай-ақ, жазушы аталмыш мақалада қолына қалам алып, журналистік жолға түскен ізбасарларын қызығы мен шыжығы мол бұл сапарда алдан шығатын қиыншылықтарды жеңу, адамгершілік келбеттен айрылмау, қасиетті қаламды ақша, мансап құралына айналдырмау мәселесіне де айрықша тоқталып, ақыл-кеңесін айтады: «…Өзімнен кейінгі журналистерге, газет қызметкерлеріне құлаққағыс етерім – еш жерде, қайбір жағдайда болсын: «Мен газет қызметкерімін», – деп кеуде көтеруші болмаңдар. Ол кезде не көп? Жетімсіздік, кемістік көп. Ақсап жатқан жұмыс… Орындалмай жатқан науқан… Боздағы майданнан қайтпай қалған қаралы үйлер… Соның өзінде де қаламымды қара басымның қамына пайдаланған жерім жоқ. Жақсы қарсы алмадың, жақсы шығарып салмадың, – деп өкпелеп, өш алу деген де менде болмаған».
Иә, жазушының бұл жолдары қалталының алдына түсіп құрдай жорғалаған немесе биліктегінің алдында бүк түсіп, қыңсылап, етігін жалаған, жалған атақ, болмашы бедел үшін аз-кем қателікті жерден жеті қоян тапқандай жалаулатып жария қылатын, жасыратыны жоқ, бүгінгі журналистиканың көлеңке жағын, келеңсіз көрінісін дөп басып отырған жоқ па, ағайын?!
«Әке көрген оқ жонар» демекші, кішкентайымнан атамның, үй ішіндегілердің: «Сен – Сафуанның баласысың, сен де ертең жазушы боласың», – дегендерінен бе, әлде, шынымен, сөз өнеріне деген қасиет атаның қаны, ананың сүтімен дариды ма, қайдам, ақыл тоқтатқаннан бері мен де осы тілшілікті тіршілігімнің тірегі етіп келемін. Және бұл жолда менің де алғашқы баспалдағым, газетке деген құштарлығым әкем әр кез ризашылықпен еске алып отыратын «Ленин туынан» басталды. 1987 жылы институттан кейін Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылдық мектебінде мұғалім болып қызмет атқардым. Бірде орыстілді газетті оқып отырып, «Эпистолярный роман» деген әзіл әңгіме көзіме түсті. Неге екенін қайдам, көңіліме ұнаған, құйтырқысы жоқ осы бір шағын әзілді тәржімалап газетке жібердім. Арада көп күн өтпей, әлгі әзіл әңгіме «Хатпен жазылған хикая» деген атпен сол кездегі «Ленин туында» жарқ етіп шыға келді. Жазушы әкемді қияға самғатқан газет сөйтіп менің де журналистикадағы тұсауымды кесті. Содан бері телевидение, газет-журналдарда, баспасөз қызметінде қалам ұстағаныма 30 жылға тарта уақыт өтті. Бірақ қайда жүрсемде «Ақ сөйле, әділіңді айт, таза бол!» – деген әкемнің сөзін есімнен шығарған емеспін.
Сөз соңында журналистика атты ғажайып әлемге маған да жолдама берген ақсақал газетті, онда істейтін әріптестерімді, басылымды асыға күтіп отырған барша оқырманды мерейлі мерейтойымен құттықтаймын! Мағжан, Сәбең, Сафуан сынды ұлыларға ұя болған орта әлі де туған жердің талай талантын баптап ұшыратынына сенімдімін.
Сайын ШАЙМЕРДЕН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, «Литер Media»
баспа үйінің бас директоры.
Астана қаласы.