«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫММЕН ТІЛ ТАБЫСА АЛМАЙ ЖҮРМІН

Менің ұлым 15 жаста. Соңғы кезде оның мінезі күрт өзгеріп кетті. Болмашыға ашуланып, сөз көтермей, дөрекі сөйлейтінді шығарды. Ұлыммен тіл табыса алмай жүрмін. Не істесем екен?

Айым ОМАРОВА.

Айыртау ауданы.

Жасөспірімдердің мінез-құлқында осындай құбылыс жиі кездеседі. Олар мектепте, үйде күйзеліске бой алдырып, құрдастарымен тіл табыса алмайды, өзін өзгелерден кем немесе артық санайды. Бұл кезеңде жасөспірімдер туындаған қиындықтар мен мәселелерді өз бетімен шеше алмай қиналады. Ондай жағдайларда ата-аналар мен педагогтер балаға көмектесуі керек. Ол үшін баланың өз-өзіне сенімін қалыптастырып, оны қиындыққа күйзелмей, қарсы тұратын төзімділікке, мақсаткерлікке тәрбиелеген жөн.  

Өмірге төзімді бала кездескен қиындықтар мен өзгерістерді оңай еңсеріп, оған тез бейімделеді. Олар өздерін ешкімге, ештеңеге тәуелсіз, қоғамның дербес, толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Өз-өздеріне іштей бақылау жасап отырады. Ондай бала белсенді, бастамашыл, айналасында болып жатқан дүниеге жауапкершілікпен қарайды. Ол кемінде бір ересек адаммен сенімді қарым-қатынас орнатып, құрдастарымен жақсы араласады, жақын достары болады. Олар өмірде кездесетін ең бір қиын жағдайда да мойымайды. Балалардың өмірге төзімділігін тәрбиелеу ата-аналар мен ұстаздардың белгілі іс-әрекетін талап етеді. Ол үшін:

– баланы үнемі қолдап, оған жанашыр орта қалыптастыру қажет. Өйткені, әр бала туғандарынан жылылықты аңсап, олардың өзін жақсы көргенін қалайды;

– баланың қызығушылығын, қабілетін, біліктілігі мен дағдысын дамыту керек;

– отбасын, туыстарын құрмет тұтып, оларды мақтан етуі маңызды;

– оның өз бетімен жұмыс істеуін қолпаштап, таңдау жасауына рұқсат етіңіз;

– балаға қойылатын талаптар мен ережелер түсінікті, айқын болуы тиіс;

– өз сезімін ашық білдіруіне мүмкіндік берген абзал;

– белсенділігін мадақтап, кез келген жағдайда шешімді тез қабылдауға үйрету керек. Баланың баяулығы мәселені қиындатып жібереді;

– кез келген мәселе өмірдің қалыпты жағдайы екенін, одан шығу жолын ересектермен бірлесіп табуға болатынын түсіндіріңіз;

– қоғамда өз-өзін ұстай білуі тиіс. Ол айналасындағылармен достық қарым-қатынаста, тіл табыса алатын, жауапкершілігі мол, көмек қолын созуға әрдайым дайын болғаны дұрыс;

– баланың жаман көңілкүйін жақсымен ауыстыруға көмектесіңіз.

– өз бетімен жұмыс істей алатын қасиетін және өзіне сенімділігін мадақтап отырыңыз;

– балаңыз қандай болса, сондай қалпында қабылдаңыз. Оған көбірек көңіл бөліп, әңгімеге тартыңыз. Ол қандай қиындық кездессе де, өмір ғажап екенін сезініп өссін.

Анастасия ЯКУШЕВА,

№44 орта мектептің психологі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp