«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ АБАЙҒА АРНАЛДЫ

С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қазақтың бас ақыны, философ, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Шараға өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еңбек ардагерлері, ұстаздар мен жастар қатысты.

“Өлмейтұғын артына сөз қалдырған” алдаспан ақынның мол мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген шара барысында сөз алған Петропавлдағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия жанындағы “Абайтану” орталығының жетекшісі Гүлбаршын Есмұханова өзі жетекшілік етіп отырған орталықтың жұмысымен таныстырды.  

– 2006 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан орталық ұлы ақынның қазақ әдебиетінің асыл қазынасына, сарқылмас байлығына айналған әрбір шығармасын кеңірек танытуда, келер ұрпаққа үлгі етуде айтулы жұмыс атқарып келеді. Өткен жылдан бастап қосымша ретінде енгізілген “Абайтану” пәнінің жүйелі өткізілуі үшін күнтізбелік жоспар дайындап, облыс мектептерінің көпшілігіне ұсындық, – деген ол жыл сайын өткізілетін дәстүрлі “Абай оқулары” байқауының республикалық кезеңіне қатысқан өңір оқушыларының қанжығаларының майланып қайтатынын да мақтанышпен жеткізді.

“Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев ақын мұрасының бүгінгі қажеттілігін, келер буын өкілдеріне берер тағылымын баса айтты. Оның әрбір шығармасын, “Қарасөзін” өскелең ұрпақты адам болуға, өз ұлтын, елін, жерін сүюге, адал еңбектеніп, жемісін көруге үндейтін тәрбие мектебіне балады.

Содан кейін облыстық XVI “Абай оқулары” байқауының жеңімпазы Занипа Еғзам ақынның бірнеше өлеңін жатқа оқыды.

Шара соңында жиналғандар “Абай – қазақ ой-санасының шыңы” атты кітап көрмесін тамашалады.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp