«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ АҚЫННЫҢ БЕЙНЕСІ Абай және Әуезов көшелерінің қиылысында

Ұлы ақын, ақыл-ойдың кемеңгері Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында облыс орталығындағы Абай және Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде біртуар тұлғаның портреті бейнеленген мурал салынып жатыр. Қала басшылығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстың авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков.

Жаңа мурал – автордың қолға ал­ған ауқымды жұмыстарының бірі. Облыс орталығына көрік беретін бейнені салу үшін Алматыдан арнайы сәулетшілер шақыртылған. Керамикалық плиталардан жасалып жатқан мурал үйдің бір қабырғасын тұтастай алады. Ортасында ұлы ақынның портреті бейнеленсе, жан-жағы қазақтың ою-өрнектерімен өрнектелген. “Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған ұлы ақынның бейнесін салу үшін Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысын таңдауымыз бекер емес. Өйткені, халқымыз үшін екі алыптың байланысы өте құнды”, – деген Болат Әсербеков муралдың әдемілігіне ғана емес, рухани маңызына да тоқталды. Портрет салуда пайдаланылған плиткалардың қыстың суығына, жаздың ыстығына төтеп беретінін де ерекше атап өткен жөн. Абай Құнанбаевтың мерейтойына орай салынған мурал санаулы күндерден кейін дайын болып, елу жылға дейін шыдайды деп күтілуде.

Жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеп, елімізге әйгілі ғимараттарда қолтаңбасын қалдырған Болат Әсербековтың “Ботай art” фирмасы өңірімізге танымал. Кәсіби мамандар 19-шы шағынаудандағы жаңа мешіттің, Н.Погодин атындағы орыс драма театрын жөндеген кезде дизайнын жасаған. Болат Әсербеков жұмыстың облыс ор­талығының тұрғындары мен қонақтарының ойынан шығып, қаланың көркіне айналатынына се­нім білдірді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp