«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ АҚЫН ҰЛАҒАТЫ

 

Биыл ұлы ақын, ойшыл, ағарту­шы, ғұлама ғалым, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы кең көлемде атап өтіледі. “Қазақтың бас ақыны” деп бағаланған ұлы ақынның мұрасы түркі халқының рухани қазынасына айналды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” мақаласында “Абай, шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы” деп жазды. Адамзатты өз-өзіне сын көзбен қарауға және кемшілікті жеңуге ұмтылдырған, дүниенің кілті ғылым мен мәдениет екенін халқының санасына сіңірген Абай бабамыздың қазақ тарихында орны өлшеусіз. Әдеби мұрасы өлеңдер, поэмалар, аудармалар және қарасөздерден тұрады. Қазақ өлеңінің негізгі қағидаларына сүйене отырып, Абай туған тілдің мүмкіндіктерін кең қолдануға арналған жаңа жолдарды аша білді.
Ұзақ жылдар бойындағы үздіксіз асыл ойдың жемісі болған ақын мұрасына қарасақ, ол қазақ халқының барлық асыл қасиетін бойына жиған ерекше бір қазынадай. Данышпан ақын қазақ халқының заманалар бойы жинақтаған даналығынан, араб, парсы, түркі тіліндегі шығыстың поэзиясынан және де орыс халқының мәдениетінен, сол арқылы Еуропа мәдениетінен нәр алды.
Абай – қазақ мәдениетіне бейне, форма, сюжет, айшықты оралым әкелген шебер суреткер. Оның поэзиясы ақындықтың жоғары шеберлігі мен дарқан дарынының үлгісі бола отыра, өзінің әдеби тәсіл қолданудағы қарапайымдылығымен, әсемдігімен ерекшеленеді. Қазақ мәдениетінің үздік өкілдері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков және басқалар – оның әдеби мұрасынан нәр алған тұлғалар.
Көзі тірісінде Абайдың азынаулақ өлеңдері ғана газет бетінде жарық көрді. Тек 1909 жылы, өмірден озғанына 5 жыл өткеннен кейін, Петербургте “Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбаевтың өлеңдері” атты шығармалар жинағы жарық көрді. Абайдың әдеби мұрасы негізінен қолжазба күйінде сақталып, ауыздан-ауызға тарады. Абайдың өлмес қазынасы әлем халықтарының 60 тіліне аударылған.
Шетілдіктердің қазақ ойшылына және оның шығармашылығына деген қызығушылығы шексіз. Ресейдің әдебиетшілері В.Рождественский, М.Дудин, В.Шкловский, Ю.Нейман, Л.Озеров, В.Звягинцева өз аудармаларында ұлы ақынның ойларын өз тілдерінде шебер жеткізе білген.
Абай шығармашылығындағы шоқтығы биік туындыларының бірі – ақынның философиялық ой-толғамды қарасөздері. Өзінің 45-ші қарасөзінде Абай: “Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді. Балаң бала болсын десең – оқыт”, – дейді. Бүгінде бұл ой өзекті, өйткені егемен Қазақстанға білімді, биік мақ­сатқа ұмтылған, бәсекеге қабілетті, халық қамын ойлайтын адамдар қажет.
Ақын шығармаларында айтылған ойлардан оның бай мұрасынан талмай сусындауды әсте тоқтатпақ емеспіз. Оның бір дәлелі – жыл сайын мектеп оқушылары және жастар арасында Абай оқуларының ұйымдастырылуы. Бұл байқаудың республикалық кезеңіне біздің жастар да қатысып, өңірдің намысын абыроймен қорғап жүр. 2010 жылы Ксения Аплеснина бас жүлдені қанжығасына байласа, 2006 жылы Юлия Маркова – 3-орын, 2016 жылы Сергей Воронцов 3-орынды иеленіп қайтты.
2006 жылы Қазақстанда – Пушкин, Ресейде – Абай жылы деп жарияланғаны белгілі. Сол игі шараның бастамасы ретінде Мәскеу қаласында ұлы ақынға ескерткіш орнатылды. Сол жылы Қызылжар шаһарында да Абай мен Пушкин ескерткіші ашылған. Өңірімізде 1 ауылдық округ және 97 көше ұлы ақынның есімімен аталады. 175 жылдығына орай оның есімін Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясына беру туралы ұсыныс республикалық ономастика комиссиясында қаралып, оң шешімін тапты. Бүгінде бұл жұмыс қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуде.
“… Өлді деуге сыя ма,
ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына
сөз қалдырған?” –
деп ақынның өзі жырлағандай, Абай бізбен мәңгі бірге жасамақ.

Кемел ОСПАНОВ,
облыстық тілдерді дамыту
жөніндегі басқарманың басшысы.

Сурет https://www.zharar.com/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp