Облыстық әкімдікте жаңа Конституция жобасының негізгі новеллаларын талқылауға арналған кездесу өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, департамент және басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.
Өңір басшысы жаңа бастама саяси жүйені кешенді түрде жаңғыртып, жасанды интеллект дәуіріндегі елдің тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Жаңа өзгерістер аясында Ата заңның 84 пайызына өзгеріс енгізіледі. Онда адам құқықтары мен бостандығына айрықша мән берілген.
– Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық пен аумақтық тұтастық бұлжымайтын құндылық ретінде белгіленген. Әділет, заң мен тәртіп, табиғатқа қамқорлықпен қарау қағидаттары алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілмек. Жаңа заңға сай еліміздің ертеңі минералды байлығына емес, адами капитал мен ел азаматтарының жетістігіне байланысты болмақ, – деді Ғауез Торсанұлы.
Өңір басшысы ұсынылған Конституция мәтінінде цифрландыруға ерекше мән берілгенін атап өтті. Онда цифрлық ортадағы азаматтардың құқықтарын қорғау нормалары қарастырылған. Сонымен қатар өзгеріс аясында білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипатын бекіту ұсынылып отыр. Бір палаталы парламент, билік пен бұқараның арасын жалғайтын халық кеңесін құру елдің жаңа саяси бағдарын айқындайды.
Жиында сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Владимир Бубенко, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ерлан Тоқшылық, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенттік үкіметінің басшысы Асанәлі Жанатұлы жаңа өзгерістердің маңызды тұстарына тоқталып өтті.
– Конституциялық реформаның жаңа сипаты, мазмұнды тұжырымдары еліміздің ертеңін айқындайды. Жаңа Конституция білім мен ғылымды, инновацияны Ата заң деңгейінде қорғау иммунитетіне ие болып отыр. Президенттік басқару жүйесі сақтала отырып, мемлекеттік билік жүйесі елеулі түрде жаңғырады. Конституцияның тұтас мәтінінде бірлік пен ынтымақ, әділдік, заң мен тәртіп, табиғатқа, мәдениетке, адами капиталға құрмет негізгі құндылықтар ретінде көрсетілген. Ата заң жобасының кең қоғамдық диалог негізінде әзірленуі аса маңызды, – деді Ерлан Тоқшылық.
Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің жалғыз жолы – жалпыхалықтық референдум. Оны өткізу туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды. Елдегі өзгерістер негізгі заңды жаңарту керектігін көрсетіп отыр. Жиынға қатысушылардың пікірінше, Конституцияның жаңа мәтіні мемлекет дамуының стратегиялық міндеттеріне жауап береді.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.