«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖАҢА АТА ЗАҢЫ

Облыстық әкімдікте жаңа Конституция жобасының негізгі новеллаларын тал­қылауға арналған кездесу өтті. Іс-ша­раға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, департамент және басқарма басшыла­ры, мәслихат депутаттары, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.

Өңір басшысы жаңа бастама саяси жүйені кешенді түрде жаңғыртып, жасанды интеллект дәуіріндегі елдің тұрақты дамуына жағдай жа­сауға бағытталғанын атап өтті. Жаңа өзгерістер аясында Ата заңның 84 пайызына өзгеріс енгізі­леді. Онда адам құқықтары мен бостандығына айрықша мән берілген.

– Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық пен аумақтық тұтастық бұлжымайтын құндылық ретінде белгіленген. Әділет, заң мен тәртіп, табиғатқа қамқорлықпен қарау қа­ғидаттары алғаш рет конституция­лық деңгейде бекітілмек. Жаңа заң­ға сай еліміздің ертеңі минералды байлығына емес, адами капитал мен ел азаматтарының жетістігіне байланысты болмақ, – деді Ғауез Торсанұлы.

Өңір басшысы ұсынылған Конституция мәтінінде цифрлан­дыруға ерекше мән берілгенін атап өтті. Онда цифрлық ортадағы аза­маттардың құқықтарын қорғау нормалары қарастырылған. Соны­мен қатар өзгеріс аясында білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипа­тын бекіту ұсынылып отыр. Бір па­латалы парламент, билік пен бұқараның арасын жалғайтын халық кеңесін құру елдің жаңа саяси бағ­дарын айқындайды.

Жиында сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Владимир Бу­бенко, облыстық ардагерлер ке­ңесінің төрағасы Ескендір Елеусі­зов, облыстық қоғамдық кеңес тө­рағасы Ерлан Тоқшылық, М.Қозы­баев атындағы СҚУ-дің студенттік үкіметінің басшысы Асанәлі Жа­натұлы жаңа өзгерістердің маңыз­ды тұстарына тоқталып өтті.

– Конституциялық реформа­ның жаңа сипаты, мазмұнды тұжы­рымдары еліміздің ертеңін айқын­дайды. Жаңа Конституция білім мен ғылымды, инновацияны Ата заң деңгейінде қорғау иммунитеті­не ие болып отыр. Президенттік басқару жүйесі сақтала отырып, мемлекеттік билік жүйесі елеулі түрде жаңғырады. Конституцияның тұтас мәтінінде бірлік пен ын­тымақ, әділдік, заң мен тәртіп, та­биғатқа, мәдениетке, адами капи­талға құрмет негізгі құндылықтар ретінде көрсетілген. Ата заң жоба­сының кең қоғамдық диалог негізінде әзірленуі аса маңызды, – деді Ерлан Тоқшылық.

Ата заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізудің жалғыз жолы – жалпыхалықтық референдум. Оны өткізу туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды. Елдегі өз­герістер негізгі заңды жаңарту ке­ректігін көрсетіп отыр. Жиынға қа­тысушылардың пікірінше, Консти­туцияның жаңа мәтіні мемлекет дамуының стратегиялық міндет­теріне жауап береді.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp