Биыл әйгілі күйші, композитор, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Мерейтойға орай Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында «Өз елім» атты концерт ұйымдастырылды. Ұлы композитордың мұрасын ұлықтаған кешті аға буын өкілдері мен студенттер тамашалады.
Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы, Іле ауданындағы Шилікемер ауылында дүниеге келген. Әкесі Атабай домбырашы, халық әндерінің білгірі болған. Шешесі Салиқа да музыканы жақсы көрген, өлең айтқан, тіпті сырнайда да ойнаған екен. Нұрғиса бес жасында әкесінен домбыра тартуды үйренген. Ал анасы баласының ноталық сауатын ашқан.
Кеш композитордың атақты «Саржайлау» әнімен басталды. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншілері сазгердің түрлі тақырыптағы туындыларын шырқап, күйлерін тартты.
– Нұрғиса Тілендиев шығармашылығында бір ғана өңірдің өнер мектебін арқалаған жоқ. Оның тұтас шығармашылығын қарап отырсақ, Алтайдың тік күйін, Арқаның қоңыр күйін, Жетісудың жайсаң күйін ХХ ғасырда бүкіл республика бойынша ұлттық деңгейге көтеріп, төл өнерімізді бүкіл әлемге паш етті. Ардақты тұлғаның күйлерінен бөлек, 500-ге жақын әні бар. Біз «Құстар әні», «Алатау», «Әке жыры» туындыларын тыңдап өстік, – дейді филармония әншісі Дәмеш Құрманкина.
Шара барысында өнер иесінің өмір жолы, шығармалары туралы мол дерек айтылды. Жиналғандар шарадан рухани азық алып тарқасты.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».