Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында айқындалған негізгі міндеттерді түсіндіруге арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Виктор Зайберт, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова, Назарбаев зияткерлік мектебі тарих пәнінің мұғалімі Асхат Ахманов бастаған бір топ маман қала мектептерінің оқушылары мен ұстаздарының сұрақтарына жауап берді.
Жиынды ашқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко мақаланың тарихи маңызына тоқталып, өңірімізге қатысты тұстары жайлы баяндады.
Соңғы уақытта әдеби туындыларда немесе тарихи шығармаларда болсын, “Ұлы дала” ұғымы кеңінен қолданылып жүр. Бұл атау Қазақстан тарихы пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасына да енді. Қатысушылардың алғашқы сұрағы Елбасы мақаласындағы “Ұлы дала” ұғымының сипатталу ерекшелігіне байланысты болды.
– Бұл ұғым халқымызда ежелден қалыптасқан. Мұның бірінші себебі еліміздің алатын аумағына байланысты. Кеңістіктегі көшпелі даланың көп бөлігін Қазақстан жері алып жатыр. Басқа да көптеген мемлекеттерде бейресми атаулар бар. Мәселен, Англияны – “Тұманды Альбион елі”, Жапонияны – “Күншығыс елі”, Қытайды “Аспан асты елі” деп атаймыз. Сондықтан “Ұлы дала елі” деген атаумен мақтануымыз керек, – деді Асхат Ахманов.
Виктор Зайберт 1981-1983 жылдар аралығында өзінің жетекшілігімен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстары жайлы әңгімеледі. Экспедиция қазба жұмыстарының нәтижесінде осыдан алты мың жыл бұрын бұл өңірді мекендеген ботайлықтардың тарихта алғаш рет жылқыны қолға үйреткенін дәлелдеген. Виктор Федорович бұл мақаладағы міндеттерді орындауға өскелең ұрпақты қатыстыру қажеттігін айтты. “Өйткені, болашақта өз елінің мүддесі мен мәдени дәстүрлерін насихаттауда жетекші рөл атқаратын – жастар”, – деді ол.
Баспасөз мәслихатында жастардың атынан Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің 11-сынып оқушысы Арман Батырхановқа сөз беріліп, ол қоғамда рухани жаңғыртудағы жастардың рөлі төңірегінде әңгіме өрбітті.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústіk Qazaqstan”.