
Біздің өңір де Керей мен Жәнібек хандар бастап, туын көтерген Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығын салтанатты түрде атап өтті.
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында кеше болған жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Ерік Сұлтанов: “Елбасымыз: “Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұлан-ғайыр қоныс қалдырған бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынның арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлттық тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты”, – деп атап көрсетті. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – азаттық сыйлаған бабаларға деген құрметтің дәлелі”, – деді.
Еліміз үшін ұлы тойдың аясында бір топ азаматтарға отансүйгіштікті нығайтқаны, рухани өсуді қамтамасыз еткені үшін және аталмыш мерейтойға байланысты “Қазақ хандығына 550 жыл” естелік белгісі тапсырылды.
Ұлы даланың ұлағатты тарихы дәріптелген салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртістері Қазақ хандығы болып туымыз көтерілген сәттен тәуелсіз Қазақстан болып еңсемізді тіктегенге дейінгі тарихымызды тамаша жеткізе білді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.