«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ХАН АШҚАН ЖӘРМЕҢКЕ

XVIII ғасыр орта кезінен бастап Абылай қазақ елінің ерікті, іргелі біртұтас ел болуын, ата қонысына жайғасып, бейбіт еңбек етуін қалады. Жантәсілім етерде: “Орындалмаған үш арманым қалып барады, бiрiншiсi – жаумен жағаласумен жүргенде елдi отырықшылдыққа үйрете алмадым, екiншiсi – қала сала алмадым, үшiншiсi – егiн егiп, халқыма жер емшегiн емдiре алмадым”, – деген сөздері әлі күнге дейін ел жадында.

Ал халықтың әл-ауқатын көтеру үшін Абылай сауда-саттыққа жол ашып, оған тікелей өзі басшылық етті. Ханның сауда-саттықты дамытқаны туралы Шоқан Уәлиханов еңбегінде мынадай жазбалар бар: «Между тем сам Абылай имел свидание с Илийским цзян-цзунем (генерал-губернатором) около озера Сайрам-Куль и заключил с ним торговый договор, по которому открыты были в Тарбагатае (Чугучаке) и в Или (Кульдже) меновые базары». Абылай Ресей мен Қытай шекараларындағы қалалардың қазақтарға сауда үшін ашық болуына, жәрмеңкелер ұйымдастыруға көп үлес қосты.  

Абылай хан дәуірінде қазақтардың Қытаймен сауда-саттығы айтарлықтай деңгейде болғандығын Чианлұң жылнамасы сарай жазбаларының көптеген мұрағат бумаларынан көруге болады. Солардың бірінде 1757 жылдың желтоқсан айының 15-і күні жазылған мәлімдемесінде былай делінген: “Біздің бұрынғы келіскен пікірімізше болса, қазақтармен Үрімшіде айырбас сауда жасауды біз бұрын Абылаймен ақылдасып бекіткенбіз… Келер жылы жәрмеңкеде жылқы саудасы ғана жасалады. Егер қазақтар түйе, сиыр, қой секілді түліктерді айдап әкеліп жатса, оны да алайық. Қонысымызға олар да қажет”. Тарбағатай мен Құлжада жәрмеңкелер ашылып, олар қазақтарға малын, қолөнер бұйымдарын Қытай тауарларымен айырбастауға мүмкіншілік тудырды және Ресей мен Орта Азия мемлекеттеріне де Қытаймен сауда қарым-қатынасын орнатуға жол ашты. Абылай бүкіл Шыңжаңдағы сауданы қыздыруға ұйытқы болып, сауданың 70-80 пайызы Құлжа, Шәуешек, Үрімші қалаларында тек қазақтар жасағандықтан, тарихта бұл саудалар “Құлжа – қазақ саудасы”, “Шәуешек – қазақ саудасы”, “Үрімші – қазақ саудасы” деп аталған.

Абылайдың Қытаймен жақындасуы – Ресейді бейжай қалдырмайды. Абылайдың Қытайға біржола беріліп кетуінен қорыққан Ресей өкіметі оны өз бодандығында сақтап қалу үшін келіссөздер жүргізуді және басқа да амалдар қолдануды жиілетеді. Әрі Абылайдың қойған талаптарын орындауға тырысады. Осы орайда патша өкіметі 1759 жылы Абылай ханның Петропавл бекінісінің маңынан жәрмеңке ашу туралы ұсынысын қуана-қуана құп алады.

Абылай сұлтан 1759 жылдың 22 қазанында әскер шебінің командирі, полковник П.А.Роденге жолдаған хатында: “…Через это письмо доношу вам, что сего октября 20-го числа е.и.в. ко мне пожалованную высочайщую и всемилостившую за белым гербом грамоту… також и ваше письмо получил и оною грамотой я доволен… От государыни отпасть не желаю, во всяких службах будем… Прошу ж я и народ мой, чтоб дозволить в крепости святого Петра киргизцам выменивать муку и крупу” деп жазады.

1759 жылдың 22 желтоқсанында Петропавл бекінісінде далалықтармен сауда-саттық жәрмеңкесін ашу жөнінде жоғары мәртебелі жарлық шықты. Екі-үш айдан кейін Петропавл бекінісінде жаңа жәрмеңке ашылғаны туралы хабар қазақ даласына жайылды. Ел ішінде ол “Қызылжар жәрмеңкесі” деп аталып кетті. Сауда алаңы бекіністің төменгі жағында орналастырылды, жағалай керме ағаштармен қоршалды. Ал алаңда орыс көпестерінің лавкалары екі қатар болып тұрды. Ол кезде сауда ақшамен емес, айырбас арқылы жүрді. Сауда айырбасының ортақ бағасы негізінен қоймен есептелді. Қызылжар жәрмеңкесінде екі ірі керуен тоғысты. Бірі – Ташкент пен Бұқарадан, екіншісі Құлжадан келді, негізінен, ортаазиялық және қытайлық тауарлар жеткізілді. Бұрын айырбас сауда тек Орынборда ғана жүргізілсе, енді 1760 жылдары Троицкіде, Семейде, Қызылжарда жүргізілетін болды. Ертіс өзенінің сол жағын бойлай шығысқа – Қытайға қарай “Абылай жолы” атты сауда жолы салынды. Есілдің оң жағалауындағы қазіргі Подгорное ауылының маңы Абылай мекені деп аталады. Шөбі шүйгін, жағалай шоқ-шоқ қайыңдар қоршаған жайылым. Бұл жерлерде Абылай ханның жәрмеңкеге әкелген малы бағылған. Сол жайылымдағы мал да, басқа өңірлерден келген керуен де жәрмеңкеге қазіргі Кәрім Сүтішев көшесінің бойымен жүріп өткен. Бұл көшенің 1924 жылға дейін Караванная деп аталуының да себебі сол болар.

Жалпы тарихшылар Қызылжардағы сауда қазақ үшін бәлендей түсімді болған жоқ деген пікір айтады. Мәселен, қазақ жылқысы 15-25 теңге аралығында ғана сатылған, ал мұжықтың жаман мәстектері 50 теңгеге дейін бағаланған. Өйткені, олардың аттары қала ішінде жүруге үйретілген, үрікпейтін арық-тұрақ болғанда қазақ жылқылары жүген-құрық тимеген семіз, шу асаулар болған екен. Соны көріп қазақ байлары да жәрмеңкеге үйретілген аттар әкелуге тырысқан. Қалай десек те, сауда ісі қазақ үшін маңызды болып, жылына келетін 50-60 керуенмен кең далаға Қытай мен Үндістанның, орыстың және батыстың сапалы тауарлары тарап отырған. Соның ішінде ортаазиялық саудагерлер болса жеміс, өрік-мейіз, түрлі маталар әкелген. Мыстан, темірден жасалған сапалы тауарлар да келіп, олар да қазақ арасына жол тартқан. Тобыл, Тула, Қазан, Мәскеу, Рязань, Владимир және т.б. қалалардан келген көпестер өздерінің тауарларын ғана емес, “болыскей” (польский) кереуеттер, “борансыздың” (француздың) айна-тарақтары сияқты тұрмыстық сапалы бұйымдар жеткізіп отырған. Астық негізінен Тобыл, Астрахань, Саратов губернияларынан келген. Соның бәрі қазақтың үйір-үйір жылқысы, табын-табын қара малы мен қойларын айдап кетіп отырған. 1839 жылғы бір дерек бойынша қазақтар Қызылжар базарында 69679 бас мал сатқан екен. Ал 1777 жылы Қызылжар жәрмеңкесінде сауданың аса күшті дамығаны сонша, мұндағы дала тауарларының айырбасы Өскемен, Семей, Жәміш, Омбы бекіністерінің барлығының айырбасын қосқан сомасынан артық болған.

Бұл жәрмеңкеге Абылайдың өзі де малын әкелдіріп, сауда жасатқан. “Русско-казахские отношения в ХVІІ-ХVІІІ в.в.” атты құжаттар жинағында Петропавлда тұратын Нежин көпесі И.Курбанов 1773 жылы Абылайдың адамы өзінен ханға арнап 300 рубльдің тауарын алғанын айтқан дерек бар …

Жалпы Абылай ханның Қызылжар қаласымен қатынасы тығыз болған. Ханның Бурабайдағы негізгі ставкасына да ең жақын ірі мекен осы болатын. Қазақтың әйгілі ханы Абылайдың дәл осы жерде алғаш сауда орталығын ашқызуы – біз үшін зор мақтаныш. Абылай қазақ үшін тәуелсiздiкке дейiн жететiндей етiп кеудемiздi кере жұпар ауа жұтқызған, несiбе боларлықтай iнжу-маржан сүздiрген, тiршiлiк атты көк толқындарды көктей өтуге ықпал жасаған, арман мен үмiт селдiрегенде сәулесi тиген, елдiк пен ерлiк қасиеттердi ынтымақ, береке, бiрлiктi ыстық қанға араластырып жiберген ұлы тұлға болып қала бермек.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp