«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ӘМІРШІ МЕН МАЙҚЫ БИ

“Жасырарым жоқтығын сенен менің,

Білесің ғой сен жақсы, кемеңгерім!

Шау тартқанда батқандай тұңғиыққа

Болашақты болжаумен елеңдедім”.

 

Ойын толғап жүретін көп сынағы,

Жауап тосып, Шыңғыс хан топшылады.

“Данышпаным, айтшы сен бұл фәниде

Жеңдірмейтін зұлым не?!” деп сұрады.

Қарамастан қағанның қабағына,

Майқы отырды ой салып сарабына.

Сол сауалды күткендей көптен бері

Дайын болды әп-сәтте жауабы да.

“Болашақтың болжайсың алыс мәнін,

Аяғыңа жығылды алысқаның.

Көңіліңе келер деп шімірікпей,

Айтар саған жауабын данышпаның.

Жеңерсің сен жауыңды кегіңді алып,

Ауруды жеңерсің емін бағып.

Ажал ғана пендеге жеңдірмейді,

Апаратын зұлым сол өлімге анық.

Одан өзге бәрі де жеңіледі,

Жеңген емес ешқашан өмір оны.

Тірі пенде келген соң дүниеге

Қара жерге түбінде көміледі.

Ештеңеден бұл зұлым тайынбайды,

Қарасың ба, хансың ба – айырмайды.

Айдынына өмірдің салған кемең

Қайраңында ажалдың қайырлайды.

Осы зұлым бас иіп, көнерің де,

Жаныңды алар бұл зұлым өлеріңде.

Жер-жаһанға әмірін жүргізсе де

Оны жеңген еш пенде жоқ өмірде.

Тіршілік қыл, тәубе етіп тек Құдайға,

Таба алмайсың ажалға еп, бір айла.

Сен де өтесің бір күні бұл фәниден,

Бабаларың, өлмесе, кетті қайда?!”

… Ойнақ салып сұм ажал ойында нық,

Беріліпті Шыңғыс хан уайымға анық.

Жарты әлемді билеген ұлы әмірші

Ажалына жатыпты дайындалып…

  Зейнолла ӘКІМЖАНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp