Сәбит ЖАМҰҚАНОВ,
Петропавл №2 сотының судьясы.
Қазақстан Республикасының дербес, тәуелсіз мемлекет мәртебесін иеленіп, әлем мемлекеттерінің қатарына қосылғанына жиырма екі жыл болды. Осы уақыттың ішінде қыруар істер тындырылғанын еліміздің халқы жақсы біледі. Өйткені, орын алған оң өзгерістер, алға басушылықтар, жетістіктер біздің көз алдымызда өтуде.
Сондықтан, біз қай салада қызмет атқарсақ та, жетістіктерімізді өзіміздің жекелеген ісіміздің тұрғысынан ғана бағаламай, тұтастай еліміздің алған асуларын, шыққан биіктерін жалпыхалықтық мерейіміз деп пайымдауға тиіспіз. Осы атап өткен жиырма екі жылдың ішінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрғындарына ілгерілеудің, алда тұрған қиыншылықтарды жеңе білудің жемісті бағыт-бағдарларын нұсқап, экономикалық-саяси, әлеуметтік өрлеуге қолымызды жеткізді. Бұл ретте оның Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы Жолдауларының игілігі ұшан-теңіз десем, артық емес. Себебі, Елбасымыздың Жолдаулары – әрбір жылдың басты құжаты, өміріміздің ең өзекті, келелі мәселелерін шешудің қозғаушы күші, алдағы шамшырағы.
Оларда біздің сот жүйесінің де келелі мәселелері шешіледі. Айтар болсам, 1990 жылдың 25 қазанында “Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы” Декларациясы қабылданып, ол еліміздің қазіргі заманауи сот жүйесінің қалыптасуына бастама болған ең алғашқы құжаттың біріне айналған еді. Мемлекеттік биліктің бір тармағы – сот билігінің негізгі бағыттары содан бері Елбасының Жолдауларында аталмай отырған жоқ. Еліміздің ұзақмерзімдік даму бағдарламасына айналған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында Н. Назарбаев: “Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыру болып табылады. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек” деп тапсырма берген еді.
Мен өзім қызмет атқаратын қалалық №2 сотта азаматтық істерді қарауда Елбасының осы тапсырмаларын басшылыққа аламын. Президент сот билігінің беделі шешімдер дұрыс орындалмаса төмендейтінін де айтты. Бұл біздің ісімізге үлкен жауапкершілік жүктейтін міндет. Қара қылды қақ жарған әділ төрелік соттың абыройын көтереді. Мұны жеңіл-желпі іс деп қарауға болмайды. Өйткені, өзім осы қызметпен айналысып келе жатқан он бес жылдың ішінде азаматтық істердің сан алуан қиын түйіндерін тарқатып жүрмін. Айына орта есеппен елуге тарта азаматтық істерді жүргіземін. Олар көбіне еңбек қарым-қатынастарындағы даулар, отбасының жанжалдары, жер бөлісіндегі келіспеушіліктер сияқты мәселелерді қамтиды.
Турасын айту керек, мұндай істерді әділ, бұрмалауға жол бермей шешу үшін судьяның жоғары біліктілігі, заңмаларға жетіктігі, өзіне қоғам артып отырған сенімді ақтауы қажет. Сот-құқықтық реформаның негізгі бағыттары – судьялардың әлеуметтік беделін көтеру, олардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету. Біз азаматтардың құқықтары мен еркіндігін қорғауда сенімді кепіл болуға тиіспіз. Қоғамда туындайтын дау-жанжалдарды заң баптарына сәйкес әділ шешуге күш салуымыз керек. Судья жаңылса – заңның бұзылғаны. Осы қағидатты естен шығармауымыз керек.
Егемен еліміздегі бүгінгі сот жүйесі зор жауапкершілікті талап етеді. Осы орайда Елбасымыз биылғы Жолдауында азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, олардың сотқа деген сеніміне селкеу түсірмей жұмыс жүргізуді талап етті.
Зайырлы қоғам рухы биік, болашағына сенімді азаматтардың еліміздің алдында тұрған ұлы мақсаттарға қол жеткізуіне өз тарапынан қосқан үлесіне байланысты. “Мен қоғамнан не аламын?” емес, “Мен қоғамға қандай игілік жасай аламын?” деген ниет әр азаматтың жүрегін лүпілдетуі керек.
Азаматтық істерді қарағанда кейбіреулердің адалдығын арамзалығына пайдаланатын адамдарды анықтаймыз, оларды жеке тұлғаға, яки қоғамға жасаған зиянына, тигізген залалына орай жазаға тартамыз. Алайда, біздің мақсатымыз жазалау емес, теріс пиғылға берілген адамдарды тәрбиелеу, санасын ояту, оңалдыру, мұндайды екіншілей қайталамай, оң жолға түсуіне мүмкіндік беру, соған жағдай жасау болуы керек.
Адамдардың әлеуметтік көңіл күйі жақсы, орнықты болса, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру қиындық тудырмайды. Мәңгілік Ел болу үшін өзімізді осы ұлы мақсатқа жігерлендіріп, қандай қиындықтар тұрса да, жеңе білуге, ілгерілеуге ұмтылуымыз қажет.