
Аудан активіне жаңа әкімді өңір басшысы Ерік Сұлтанов таныстырды. Медет Оспановқа қызметте сәттілік тілеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде жүктеген міндеттерді абыроймен атқаруды тапсырды. Ауданның негізгі басымдық берілген саласы – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сонымен қатар инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау мен көліктік инфрақұрылымды жақсартуды ерекше бақылауға алу қажеттігін ескертті. Бұл тағайындауға дейін Тайынша ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған 32 жасар Медет Оспанов ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларына жетекшілік еткен болатын.
Уәлиханов ауданына сапары барысында облыс әкімі жеке мәселелерін айта келген ауыл тұрғындарын қабылдады. Бидайық ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының тұрғыны, он баланың анасы, “Алтын алқа” иегері Мафруза Ахметқалымова елді мекеннің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға көмек сұрады. Нақтырақ айтсақ, автокөлік жолын жөндеп, газ сатушылар, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары мен дәрігерлер ауылға барып, қызмет көрсетсе деген өтінішін жеткізді.
Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қабылдауында Қайрат және Қулыкөл ауылдық округтерінің шаруа және фермерлік қожалықтарының басшылары да болды. Шаруалар өңір басшысынан округте мал сою цехын ашу үшін жеңілдетілген несие алуға қолдау білдіруді өтінді. Қабылдау қорытындысы бойынша Ерік Хамзаұлы тиісті мекемелердің басшыларына тұрғындардың мәселелерін мұқият қарап, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Бұл күні облыс әкімі Аққайың ауданына қарасты Шағалалы ауылында болды. Әлемдік стандартқа сай заманауи жабдықтар орнатылған Қазақстандағы үш кәсіпорынның бірі осы елді мекенде жұмыс істейді. 19 жыл бойы ұзын саны 100-ден астам сапалы ет өнімдерін шығарады. Негізгі басымдық қақталған шұжықтарға берілген.
“Меденников” жеке кәсіпкерлігінің өнімдері Петропавл, Астана және Қарағанды қалаларында жоғары сұранысқа ие. Бағасы қолжетімді болғандықтан, жергілікті дүкенде де сатып алушылар көп. Кәсіпкердің айтуынша, 2014 жылы бұқтырылған сиыр етін шығаратын желіні іске қосыпты. Бірақ шикізаттың жетіспеушілігінен толық қуатында жұмыс істей алмауда. Өңір басшысы бұл мәселені жергілікті жерлерде құрылып жатқан ауыл шаруашылығы кооперативтерімен бірігіп шешуге болатынын жеткізді.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.