
Мағжан Жұмабаев ауданының Қарақоға ауылдық округіндегі “Ысқақов” жеке кәсіпкерлігінің құрылғанына он бес жылға жуықтады. Қанат Ысқақов кәсіпорын ашпас бұрын да қыруар мал ұстаған ауылдағы ауқатты шаруалардың бірі болатын. Сол кезде ол қосалқы үй шаруашылығында 4-5 жылқы, он шақты ірі қара және 20-ның үстінде қой ұстайтын еді.
Серіктестікте жүргізуші болған оны бұрынғы кеңшардың қирап қалған мал сою қосынын көрген сайын: “Шіркін-ай, жөндеп алып, іске қосар ма еді?” деген ой мазалайтын. Соны дөп басқандай, ауылдық кеңестің тарапынан ұсыныс жасалып, оған осы қосынға ие болып, іске қосу ұсынылды. Бұл жерде оның өз ісіне деген тыңғылықтылығы мен жауапкершілігі ескерілсе керек. Қара мал етінің экспорттық қуатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес арнайы мал сою қосындарын ашу жедел талап етіліп отырған бұл шақта найқалып, ойланып жүретіндей уақыт болған жоқ. Әрі өз көңіліне жағатын іс болғандықтан, оған келісімін берді және аукционға түсуге бел буды.
Өйткені, қирап жатса да, есептен шығарылмаған жылжымайтын мүліктің иесі болады, оны аукцион арқылы сатып алмаса, басқадай мүмкіндігі жоқ. Сол үшін өзінің жеке кәсіпорнын ашып, ол арқылы ауыл шаруашылығын қолдау қорының 400 мың теңге кредиттік қаржысына қол жеткізді.
– Қордың мақсатты қаржысының денін сол мал сою қосынын қалпына келтіруге жұмсадым. Ал мал басын толықтыру талабын да қосалқы үй шаруашылығымдағы өз мүмкіндігіммен шештім. Кейінде кредиттік берешегімізден толық құтылып, қолдағы қара малдың өсімі арқасында мал сою қосынындағы жұмысымызды түгелдей реттеп алдық. Қазір онда үш адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Мал сойып, ет бұзумен Әділбек Қайыржанов айналысады. Оның көмекшілері – Гүлнәр Жолдыбаева мен Анастасия Зиберт. Осы нәзік жандар малдың терісін сыпырып, етін бөлуде кәнігі қасапшылардан қалыспайтыны анық. Сойылған еттің сапасын анықтап, сараптама қағазын беру үшін аудандық ветеринарлық станцияның мал дәрігері Бауыржан Ысмайыловты тартамыз. Ауылдық округ тұрғындарының басым көпшілігі біздің мал сою қосынының қызметін пайдаланады. Олардан алынатын қызмет ақысы онша қымбат емес және сойым сапасы жақсы болғандықтан, ауыл тұрғындары бізге риза, – дейді Қанат Жұмабекұлы.
Жеке кәсібін осылайша біршама дамытып алған Қанат Ысқақов барды қанағат тұтып, қол жеткен белесінде қалып қоймақшы емес. Оған мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі шағын кәсіпкерлікті қолдау шаралары да қанат беруде. Бұрнағы жылы қабылданған “Құлан” мемлекеттік бағдарламасының көңілінен шыққаны сондай, оған өзі де қатысып, мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып, өзінің жеке жылқы шаруашылығын көтеруді ұйғарды. Бағдарламаның басты шарттарының бірі – кредит алғалы отырған жылқы басына сәйкес үйір малы өзіңде де болуы керек. Ол жағынан мығым кәсіпкер кредиттік кепілдікке мал соятын қосынын салудан да тартынған жоқ. Сөйтіп, өткен жылы аграрлық несие корпорациясы арқылы аталмыш бағдарламаның 4,5 млн. теңге кредиттік қаржысына қол жеткізді.
– Қолға тиген қаржыға 15 бас жылқы сатып алдым, бәрі өзіміздің жергілікті тұқымнан. Қазір ірілі-ұсағын қосқанда жеке шаруашылығымдағы жылқы басы З0-ға жетті. Олардың қорада бағылатын бірер құлынды биелерден басқасын қыс айларында даладағы тебінде ұстадық, жылдың басқа мерзімдерінде жайылымдық бағымда болады. Оған әзірге бір жылқышы жеткілікті. Бағумен бізден еңбекақы алатын Серік Оспанов айналысып жүр, яғни мұнда да бір адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Аталмыш бағдарламаның талабы бойынша үйірге асылтұқымды айғыр сатып алып, қосу ойым бар, ол үшін Асановодағы жылқы шаруашылығымен құны шамамен 450-500 мың теңге тұратын айғыр алуға келісім жасап қойдым, – дейді жеке кәсіп иесі.
Осылайша малын да өсіріп, өзінің тұрғындарға қызмет көрсететін шағын өндірісін табысты жолға қоя білген ауылдың кәсіпкер жігіті мал сою қосыны жұмысын одан әрі дамыта түсуді көздеуде. Онда термоқондырғылы тоңазытқышы бар “FАФ” автомашинасы бұрыннан болатын. Оны кәсібін жаңа ашып, ауыл шаруашылығын қолдау қорынан кредит алған кезінде сатып алған еді. Кейінде мал сою қосынына қажетті ет кесетін арасын және екі тельфер көтергішін алып қосты. Енді мұндағы жұмыс жартылай механикаландырылған деуге болады. Жұмысшыларының жұмыс орнына барып-қайтуы үшін және кәсіпорынның басқа қажеттіліктеріне өзінің ескі “ВАЗ-01” көлігін берді.
Өндірісін әрі қарай ұлғайту үшін арнайы тоңазытқыш сатып алмақ ниеті де бар. Бірақ осы күнге дейін мал сою қосынының суға қосылмай отырғаны жұмысқа кедергі келтіріп, қиындық тудыруда. Ал тасымал суына ғана қарап отырғандықтан, ойындағы кейбір істерді кейінге қалдырып келеді. Айталық, қосында тәп-тәуір демалыс бөлмесі болғанымен, мал союшыларға өте қажетті жуынып-шайынатын душ жоқ. Су келсе, алдымен соны жүзеге асырмақшы. Су құбыры іргелеріндегі мал фермасына өткен күзде тартылған. Қанат Жұмабекұлы сол кезде өз қаражатын салып, бұрма су желісін тартып алмағанына әлі өкінеді. Енді жер құрғағасын-ақ соған кіріскелі отыр. Сөйтіп, мол суға кенелер болса, “Құлан” бағдарламасы бойынша кеңіген жылқы шаруашылығын дамытып, бие байлап, қымыз өндіру де ойында бар.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: жеке кәсіп иесі Қ. Ысқақов.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.