Мамлют ауданының орталығында жаңа азық-түлік дүкені ашылды. Оның иесі – жеке кәсіпкер, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Антонина Севостьянова.
Ол кәсіпкерлікпен 1994 жылдан бері айналысуда. Қазіргі таңда оның үш дүкені бар. Бастапқыда өнеркәсіп, тұрмыстық химия және құрылыс материалдарын сатумен айналысты.
– Аудан орталығында тұрғындар үшін арнайы азық-түлік дүкенін ашуды жоспарладым. Дүкен сөресінде жаңа өндірілген азық-түліктер сатылады. Оның ішінде ет, балық, көкөніс пен сүт өнімдерінің көптеген түрі бар. Әсіресе, отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне сұраныс ерекше. Тұрғындар табиғи өнімдермен қамтамасыз етілуде. Алайда, әрбір ауқымды жұмыс қаржылай қолдауды қажет етеді. Сондықтан бұл жоспарымды жүзеге асыруда ақша мәселесінде бірталай қиындық болды. Дегенмен, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес өкілдеріне әрқашан қолдау бар. Мен де бұл мүмкіндікті босқа жібермей, аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталығының көмегіне жүгіндім, – дейді Антонина Севостьянова.
Орталық мамандары “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша кәсіпкерге бизнес-жоспар құрып, қажетті құжаттарды дайындауға көмектескен. Нәтижесінде іскер әйел екі несиеге қол жеткізіп, меншігіндегі ғимаратты толығымен жөндеуден өткізіп, қалыпқа келтірді. Сондай-ақ, қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Аудан тұрғындары дүкен сөресіндегі өнімдердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай екеніне қуанышты. Бастысы – тауардың барлығы да қолжетімді.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер
палатасының баспасөз хатшысы.