«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМТЫЛҒАН ҰТЫЛМАЙДЫ

Мамлют ауданының Новомихайловка және Бексейіт ауылдарындағы 4 отбасы биыл “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасының “Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту” атты екінші бағытына қатысу арқылы жалпы сомасы 6,2 млн. теңгенің кредитін алып, қосалқы шаруашылықтарында мал басын көбейтіп отыр. Солардың бірі – Новомихайловка ауылдық округінің орталығында тұратын Жүнісовтер отбасы.

Бауыржан мен Амангүл Жүнісовтердің отбасын құрып, жеке шаңырақ көтергендеріне бес жылдай болды. Мағжан Жұмабаев ауданында құрылысшы болып жүрген Бауыржан Елемесұлы өзінің өмірлік қосағын ұлы ақынның атақонысы – Сарытомар ауылынан тауыпты. Содан бері ынтымағы жарасқан жас отбасы Новомихайловка ауылында жұрт қатарлы өмір сүріп келеді. Олар үш ұл мен бір қыздың ата-анасы атанып отыр.

– Соңғы 4 жылдан бері Бауыржан Жүнісов көктемнен қар жауғанға дейін ауылдың малын бағады. Жергілікті тұрғындар оның күнделікті еңбегіне бірде-бір рет сын айтып көрген жоқ. Өз ісіне тиянақты, артына сөз ертпейтін азаматты жергілікті орта мектептің басшысы жылыту маусымы басталысымен-ақ жылу қазандығының от жағушысы жұмысына бекітіп қояды. Жылда солай. Зайыбы Амангүлдің де еңбектің қадірін білетін отбасынан шыққаны көрініп тұр. Үй шаруасына мығым. Осы жас отбасының таудай талабы мен қатарларынан қалмауға тырысқан ұмтылысын өте бағалаймын. Сол істері нәтижесіз де емес, көпке үлгі боларлықтай, – дейді Новомихайловка ауылдық округінің әкімі Беркімбай Уәлиев.

Айтса, айтқандай екен. Амангүл Амангелдіқызы өткен жылы “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағыты аясында мал басын көбейту үшін кредит берілетіндігін ести салысымен жергілікті әкімдікке келіп, аталмыш мемлекеттік қолдауға қол жеткізгісі келетіндігін білдірген. Жай ғана ниет білдіріп қоймай, тиісті қаражат қолына тигенше тыным таппаған. Сол тілегі биыл жүзеге асыпты.

– Өзіміз екі сиыр, бір бұзау және құлынды бие ұстайтынбыз. Жұрт қатарлы қаз-үйрек, тауық өсіреміз. Балалар әлі кішкентай, сондықтан үйден ұзап, жұмыс істей алмаймын. Қосалқы шаруашылығымызды ұлғайту арқылы күнкөрісімізді жақсартуға тырысып жатқанымыз да содан. “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы өзін-өзі қамтығандарға, әсіресе, жеке ұйымдастыруға немесе кеңейтуге тілек білдірген әйелдерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау екеніне көзім жетті. Биыл аталмыш бағдарлама бойынша берілген 1,2 млн. теңге кредитке 4 сиыр мен құлынды бие сатып алдық. Бес жылға берілген кредитті бір жарым жылдан кейін ғана өтей бастаймыз. Қазірдің өзінде қорамызға жаңадан қосылған сиырлардың пайдасын көріп жатырмыз, – дейді Амангүл Амангелдіқызы.

Округтің елді мекендерінде қосалқы шаруашылықтардан сүт жинау жолға қойылған. Бұл жұмыс жыл бойы жүргізіледі. Сүт тапсыру арқылы нәпақасын тауып отырғандардың бірі – осы Амангүл Амангелдіқызы.

– Өткен жылдары да сүт тапсыратынмын. Бірақ екі сиырдан алынған өнімнің өзімізден артылғаны онша пайда әкеле қоймайтын. Ұқсата білсең, Үкіметтің қолдауы арқасында берілген несиенің тиімді екенін өз тәжірибемізден-ақ көруге болады. Биыл жаз айларында күн сайын 60 литрден сүт тапсырып отырдым. Оны 55 теңгеден жинайды. Біздегі баға сондай. Сөйтіп, үйде отырып-ақ тапсырған сүтімізге ай сайын 90 мың теңгенің үстінде ақша алып келдік. Қазір шамамен 30-35 литр сүт тапсырамын. Сиырларымыздың бір айлық сүті ғана қысқы жемшөбін толығымен ақтап шығады. Қорапты “Т-16” тракторымыз бар. Отын-шөп тасуға қолайлы-ақ. Енді жеңіл автокөлік алсақ па дейміз. Соған қаражат жинап жатырмыз, – дейді үйдің шаруасын дөңгелетіп отырған Амангүл қарындасымыз.

“Ұмтылған ұтылмайды” деген осы болса керек. Оны Жүнісовтердің жас отбасы бүгінгі үлгі боларлық тірлігімен дәлелдеп отыр.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp