«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы өзінің 35 жылдық тарихында ұлтымыздың мүддесін көздеген ұмытылмас игі істердің ұйытқысы бола білді.
1990 жылы қазағының үлес салмағы 19 пайыз ғана болған Қызылжар өңірінде құрылған ұйым мүшелері ана тіліміздің суалып бара жатқан бұлағының көзін ашқандай шарапатты шаруа тындырды. Сол жылы «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті белсенділері Петропавл қаласындағы орыс мектептерінің жанынан алғаш рет қазақ сыныптарын аштырамыз деп бастама көтеріп, мектеп табалдырығын аттайтын балалары бар 80 қазақ отбасын тізімге алып, үй жағалап үгіт жүргізген екен. Сонда жиырма шақты ата-ана: «Қазақ тілі кімге керек? Орыс тілін білмейтін адам ертең нан таба алмай, далада қалады. Біз баламызды орыс тілінде оқытамыз», – деп бір-ақ қайырып, есіктерін тарс жапқан. Рәшит Бәдірленов, Мүтәллап Қанғожин, Мәлік Мұқанов, Зейнолла Әкімжанов, Өмір Есқали, Жақсыбай Самрат сынды есімдері республикаға белгілі журналистердің және басқа ұлтжанды азаматтардың жанайқайы саналарына сәуле түсірген алпыс шақты ата-ана сол жылы мектепке баратын қарадомалақтарын қазақ сыныбына беруге уәде еткен. Алайда көпшілігі сөздерінде тұрмай, ақыры күзде 20 мыңдай қазағы бар шаһардан ана тілінде білім алуға шын ықылас білдірген небәрі 15-ақ отбасы табылған. Сөйтіп, қаладағы №3 орыс мектебінің жанынан 15 қазақ баласы ның басын әрең қосқан алғашқы қазақ сыныбы ашылған еді.
Қызылжар қазақтарының өтінішімен көрнекті жазушы, жерлесіміз Сафуан Шаймерденовтің Үкімет алдында мәселе көтеруінің арқасында Петропавлдың дәл орталығында 360 орындық қазақ классикалық гимназиясының қабырғасы қаланды. 1996 жылы ашылған бұл білім ордасындағы оқушылар саны он шақты жылдың ішінде 1 мыңнан асып, оқу үдерісін үш ауысымға көшіруге тура келген. «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен 2015 жылы аталған гимназияға Сафуан Шаймерденовтің есімі берілді.
Облыстық филиалдың алғашқы төрағасы болып белгілі ақын, тележурналист Мүтәллап Қанғожин сайланған. 1991 жылы денсаулық жағдайына байланысты қоғамдық ұйымның басшылық тізгінін Қызылжар өңіріне танымал азаматтардың бірі Қосыл Омаровқа тапсырған. Ол филиалды 14 жылдай басқарып, өтпелі кезеңнің қиын жылдарына қарамастан облыста ана тіліміздің өрісін барынша кеңейтуге аянбай атсалысты. 2005-2007 жылдары филиал төрағалығы міндетін белгілі қоғам қайраткері, жазушы, журналист, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов атқарды. Кейін бұл қоғамдық міндет ана тілімізге жанашырлығымен танылған Жангелді Тәжинге жүктелді. Олардың бәрі де облыс басшыларымен тіл табысып, талай игі іске жол аша білді.
Мәселен, Қосыл Омаров бастаған «Қазақ тілі» қоғамы белсенділерінің өтінішімен 2000 жылы Петропавл қаласында ашылған Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры Қызылжар өңірінде ұлттық рухымыздың көтерілуіне елеулі үлес қосып келеді. 2007 жылы Петропавлдың 19-шы шағын ауданында 1100 оқушыға арналған қазақ мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді. Тимирязев ауданының орталығында да заманауи қазақ мектеп-интернаты салынды. Петропавл қаласында қазақ және өзге ұлттардың балалары бірге тәрбиеленіп, эксперимент ретінде мемлекеттік тіл мен орыс тілін қатар үйренетін алғашқы «Айгөлек» балабақшасы ашылды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қазақ филологиясы мамандығына оқуға түскен басқа этностардың 17 ұл-қызына облыс әкімінің гранты берілді. Облыстағы 1397 қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің 700-ден астамы ай сайын өз еңбекақыларына жергілікті бюджет есебінен 50 пайыздық үстемақы алып отырды. Сондай-ақ орыс тілі мен әдебиетінің үздік 40 мұғаліміне ақшалай сыйақы тағайындалды.
Новоишимка ауылы мен Тайынша қаласында компартияның босап қалған аудандық комитеттерінің шағын ғимараттарында 1991 жылы ашылған 110 орындық қазақ орта мектептеріндегі шәкірттер саны уақыт өте келе 400-ден асып жығылғандықтан, олар үш ауысымда оқытуға көшірілген. Сөйтіп, қазақ балалары спорт залы мүлдем жоқ мектепте, ауа жетпейтін тар бөлмелердегі тақтаға тым жақын қойылған парталарда көздерін ауыртып, сығылыса отырып оқуға мәжбүр болған. Бұл проблеманы «Қазақ тілі» қоғамының облыс басшылығының алдында бірбелсенділері 2012 жылы анықтап, неше мәрте көтерді. Нәтижесінде Новоишимкада жаңа 400 орындық қазақ мектеп-интернаты және Тайыншада 300 орындық қазақ орта мектебі бір жылдың ішінде салынды.
2010 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шет елдерден атажұртқа оралған отандастарымыз үшін облыс орталығының іргесіндегі Қызылжар ауданының аумағында жаңадан салынған Бәйтерек ауылының 320 баласы солтүстіктің қытымыр қысының қақаған аязды күндерінде де көршілес Бескөл ауылындағы мектептерге өздеріне арнайы бөлінген автобустармен қатынап оқыған-ды. Сол себепті мәпелеп өсіріп отырған ұл-қыздарының денсаулығын ойлаған ағайындар Бәйтеректе мектеп салу мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген. Бұл туралы «Қазақ тілі» қоғамының белсенділері де облыс басшылығының алдында талай рет сөз қозғаған. Ақыры облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазақ және орыс тілдерінде оқитын 300 оқушыға арналған осы заманғы білім ордасы салынды.
1993 жылы облыстық әкімдіктің жанынан мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік орган – облыстық тіл басқармасы құрылып, жұмыс істей бастағандықтан, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымын қаржыландыру тоқтатылды. Соған қарамастан, қоғам белсенділері Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамында өздерінің қоғамдық негіздегі қызметін жалғастырып, Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, ономастика мәселелерін шешуге оң ықпалын тигізіп келеді. Облыс аудандарының бұрынғы орысша атаулары қазақшаланды. Қызылжар өңіріндегі бірсыпыра елді мекеннің де ескі атаулары өзгертілді.
Облыстық филиал басшылығына Жанат Мұхамеджанов келгелі ұйым жұмысы жандана түскенін байқап отырмыз. Ұлы Мағжанның «Мен сенемін жастарға!» дегеніндей, жас басшы филиалды қаржыландыру көзін де таба білді. Дегенмен облыстық филиалдың қолға алған баста малары жемісті болуы үшін жергілікті атқарушы органдардың қолдауы қажет. Бұл ретте бұдан бірнеше жыл бұрын облыстың тілдерді дамыту басқармасы жабылғандығы – қынжылтарлық жайт. Мұндай мемлекеттік орган Алматы облысы сияқты қазағы қалың өңірде сақталып, жұмыс істеп жатқандығын ескерсек, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту және ономастика мәселелері өзекті күйінде тұрған біздің өңірге тілдерді дамыту жөніндегі басқарма қажет-ақ. Облыс басшылығы осы жөнінде жергілікті зиялы қауым тарапынан айтылып жүрген ұсынысқа алдағы уақытта құлақ асар деп үміттенеміз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» РҚБ облыстық филиалының 2007-2016 жылдардағы төрағасы.