«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМЫТЫЛМАС КҮНДЕР

Жылдар жылжып өтсе де, кешегі әкелер, ағалар ерлігі ұмытылмақ емес. Жас өсті, ержетті, азамат болды. Біздер, менің қатарым, соғысқа қатысқан жоқпыз. Өйткені, менің құрбыларым – соғыс басталғанда немесе сол қанқұйлы соғыс жылдарында жарық дүниеге келгендер. Әкелері алыс майдан даласына аттанғанда (1941-1945 жж.), аналарының құрсағында қалған сәбилердің жарық дүниеге келгендері бүгінде аға буын қатарында.

Мен ұстазбын, ал құрбыларымның қатарынан дәрігер, инженер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары шықты. Менің Алматы қаласында орта және жоғары оқу орындарында ұстаз болып еңбек еткеніме, міне, биыл қырық бес жылдан асты. Демек, саналы да салиқалы жастық өмірдің күш-қуатын еліміздің білімді өскелең ұрпағы – қазақ жастарының тәрбиесіне арнаған екенмін.  

Қай-қайсымыз болсақ та, үлкен өмірге жолдаманы ауыл мектебінен алдық. Бізге дәріс берген ұстаздардың көпшілігі 1941-1945 жылдардағы Отан соғысына қатысып, оқ пен оттың ортасында болғандар еді. Солардың қатарында математика пәнінің мұғалімі Шияп Садықов, физика пәнінен дәріс берген Ахметжан Қалиахметов, тарихшы Жанғали Құсайынов және тағы басқалар болды. Әсіресе, тарих пәнінің мұғалімі әрдайым өз сөзінде: “Елім деп еңіреген қандастарымның нартәуекеліне, адамгершілігіне, ерлігіне, батылдығына сүйсіндім. Олардың жеңіске қосқан үлесінде шек жоқ. Ерлік алтынмен де, күміспен де, тіпті, орден-медальдармен де өлшенбейді, бағасы оның тым жоғары. Ол – адамның ар-намысына, туған-туыстарына, кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілігі, махаббаты. Сол үшін талай қазақ жауынгерлері өз жанын пида етті”, – дегенді жиі айтушы еді. Жанғали ағамыз соғыста ауыр жарақаттанып, бір қолынан айрылып оралған, оның бос жеңіне көзіміз түсіп, мұңая қараған сәттеріміз әлі де ұмытылмайды.

Шияп аға да соғыстан оң қолынан жараланып, оралған еді. Ауыл өміріне араласуын мектепте мұғалім болып бастаған ол кейінде орта мектеп директоры болды. Бастауыш партия ұйымының хатшылығы қызметін де абыроймен атқарды. Қандай жағдайда болсын, оған тән қарапайым ұстамдылық, таза киген киімі, баяу үні мен сабырлы жүрісі мектептегі оқушы жастар үшін өнеге еді. Ауыл тұрғындары одан ақыл-кеңес сұрайтын, жауабына сүйсінетін. Ол ойын тыңдаушысына әсерлі, бір әдемі үндестікпен жеткізетін. Мына бір оқиға еске оралады. Соғыстың аяқталғанына 10 жыл толуы қарсаңы. Ауылдық кеңес қарбалас дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Ардагер ағалар, жеңіс жауынгерлері мен оқушылардың кездесу кештерін өткізу дағдыға айналған кез. Сондай бір барша ауыл тұрғындары бас қосқан кездесуде Шияп, Жанғали бастаған майдангер-ұстаздар: “1941 жылдың күз-қыс айларында Көктерек ауылынан майданға кеткен азаматтардың тізімін анықтап, түгендеу ісін қолға алып, майдангер жауынгерлер есімін кейінгі ұрпаққа жаңартып жеткізу барша ауыл адамдары үшін тарихи қажеттілік” деген бастама көтерді. Ұстаздар көтерген бұл мәселе мектеп оқушыларының қатысуымен кезінде күшті қозғалысқа айналып, ауылдан соғысқа шақырылғандар тізімі құрастырылып, белгілі деңгейде нәтижелі жұмыс атқарылды. Айталық, Көктерек ауылын 90 отбасы құраса, онда әр шаңырақтан бір-екі, тіпті, үш ағайынды азаматтар соғысқа аттаныпты. Арнайы тақтада ауылдан майданға аттанғандардың аты-жөндері көрнекі етіп жазылды. 1941-1945 жылдары осы ауылдан Отан қорғауға аттанғандар саны 75-80 адам болса, солардың жартысынан астамы еліне оралған жоқ, сол сияқты ауыр жарақатпен оралғандары да көп …

Бұл – бір ғана ауылдың азаматтары хақында. Көктерек сияқты Есіл өзенінің қос жағалауындағы қаншама қазақ ауылдары соғыс жылдарында майдан үшін барын салып, жан аямай еңбек етті, ел басына түскен қиындықты бірге көтерді. Сол ауыл еңбеккерлері қатарында қарттар, жарақаттанған майдангерлермен бірге ерте қара жұмысқа араласқан, мына біздер де болдық. 1941 жылы басталған соғысқа ауылдан алғашқы болып алынған жастар санын түгендеуді майдангер-ұстаздар тегін көтермесе керек, анықталған толық құжаттық тізім қазір де жоқ. Ондай мәлімет болса оралмаған ауылдастардың қара тізімін жасау да қиын емес. Көктерек ауылының (бүгінгі Шал ақын ауданы) азаматтары Ғайса Ережепұлы, Едірес Мәдиұлы, Ғалым Сәдуақасұлы, Қажымұрат Қарсақбайұлы және т.б. Мәскеуді қорғау үшін болған ұрыста, Ржев-Опоко бағытында ұрыс даласындағы қанды шайқаста қаза болғандарын анықтайтын деректер Қызылжар ауданында тұратын Қорған Едіресұлында бар. Ол көп жыл іздеу салып, әкесінің жерленген жерін тауып, бұрнағы жылы басына барып, тәуәп етіп қайтты.

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толуын атап өтуге дайындық қызу жүріп жатыр. Ойланатын мәселелер мен сұрақтар жетерлік. Айталық 1941-1945 жылдардағы соғыстан аман-есен туған жеріне, отбасына оралғандар үшін қажетті жағдай жасалуда. Ол, әрине, дұрыс. Алайда, сол қарттарды құрметтеу іс-шаралары жартыкеш, біржақты атқарылуда, тыл еңбеккерлері аса елене бермейді. Кешегі тылда тәулікті-тәулікке ұластырып, ауыл шаруашылығында тынбай еңбек еткен, азық-түлік, киім-кешекпен майдангерлердің қажетіне тынымсыз жұмыс жасаған, тыл ерлерінің әлеуметтік мұқтажын, қартаң жағдайын неге естен шығарамыз? Бүгінгілер үшін бұл парыз екенін ұмытпасақ керек. Міндет сол парызды өтеу жолында әрбір ауыл, елді мекен бойынша оралмаған аға-әкелер мен тыл ардагерлері есімдерін анықтау, арнайы тізімін жасау, қалған ұрпағын іздестіру ісін тоқтатпай, мақсатты жұмыс жүргізу әлі де жалғасқаны дұрыс.

Жоғарыда айтылған ауыл ұстаздарының бастамасы жалғасын тауып, ұмыт қалған ауыл азаматтарының есімдерін жадымызда сақтап, қайта жаңартсақ, аталатын мерекенің мәні мен маңызы арта түспек. Әсіресе, жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор жұмыс атқарылған болар еді. Отан соғысында опат болғандардың ерлік есімдері Қазақстан Республикасы тарихының бетінен өздерінің лайықты орнын тапса, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында жауынгерлік борышын адал атқарып, өз өмірлерін қиған халқымыздың батыр ұл-қыздарының, еңбек тарландарының ерлігі мәңгілікке сақталар еді.

Көктерек ауылының тұрғындары Едірес, Ғалым, Ғайса, Қажымұрат сияқты, тағы басқадай көптеген жауынгер жерлестерін еске алған сәттерінде:

“Нағыз ер еді тайынбайтын

оттандағы

Амал не, арамыздан алып кетті

Соғыстың сұрапылы соққан шақта”, – деп күңірене күрсінетін еді. Қайран, сол боздақтарын есіне түсірген кездерде, ең болмаса, сүйектерінің қай жерде қалғанын білсек еді деп, көзден аққан ыстық тамшы жастарын төгіп-төгіп алушы еді-ау! Енді, міне, сол қан жылаған ата-әжелердің өздері де о дүниелік болғаны қашан? Бәрінің емшісі уақыт дейміз. Ал уақыт болса, тоқтаусыз алға жылжып көшуде. Есейдік, есті жидық десек, алда атқарылатын жұмыс әлі де орасан зор.

Бұл ретте майдангер аға-аталар есімін анықтап, арнайы тізім жасау барысында елде жас сәбилерін бауырына басып, қазақша айтсақ, бауыр етін боршалап, жанын пида еткен, еңбектен қол үзбей, баласын өсіріп, оқытып, ержеткізген ана-әжелер есімдерін де ұмытпай, көрнекті жерге тақтамен белгі орнатса, нұр үстіне нұр болар еді.

“Ауылда еңбекке араласпаған жан болмады. Өз жеке басының рахаты дегенді ойына алмады. Ақ қар, көк мұзда, аптаған аңызақта жүріп, ауыл қариялары, аналар және бұғанасы бекімеген жасөспірімдер арып-ашып, жүдеп-жадады”, – деп Күлбағила Мағауия апамыздың айтқаны есімде қалыпты. Ауылдастары арасында құрметке бөленуі былай тұрсын, тіпті, қарапайым қайыр көрмеген Отан соғысының мүгедектерінің жанкешті еңбегін білеміз, соғыстан кейінгі ашаршылық жылдарын біздер, жасөспірім балалар, басымыздан өткердік.

Халық өзінің таңдаулы ұл-қыздарын әрқашан мақтан еткен. Соғыс жылдарында қазақ жауынгерлерінің ерлігіне, батырлығына бүкіл кеңес қоғамы болып сүйсінді.

Міне, биыл Жеңіске 70 жыл толады. Иә, жарты ғасырдан астам тарихты, сан-қилы ұрыс даласындағы оқиғаларға толы уақытты бір еске алып, қатарлары күнбе-күн селдірей түскен ардагер – майдангер ағалар, әкелермен бірге ауыр күрсінетін күн бұл.

Мен өз замандастарымның бүгінде жастары 70-тің өріндегі Қорған Едіресұлының, Күләш Қайсақызының, Мерген Ғалымұлының Көктерек ауылынан түлеп ұшқандарын мақтан етемін. Сондай майдангер-жауынгерлердің ұл-қыздарымен бірге оқыған сыныптасы ретінде өзімнің ойымдағымды ортаға салдым. Майданда шейіт болған әкелер мен ағалар рухына тағзым ете отырып, кеше сұрапыл соғыс жылдарында әке-ағаларының мейіріне бөлене алмай, өмір қиыншылығын көп көрген замандастарымның атынан еске алып, жазып отырмын. Иә, кім балалық кезінің, жастық шағының ана мен әке бауырында шуақты, көңілді өткенін армандамайды дейсің?! Алайда, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде еліміздің терістігіндегі қазақ ауылында өскен мына менің замандастарым өздерінің балалық шағын есіне алғанда ауыр тұрмыстың соқпақты ізін, қарын тоймаған ашқұрсақ күндерін ешқашан ұмытпайды, әрдайым жадында ұстайды. Ол біздің қазақ ауылы үшін еңбек майданын бастан кешкен жылдар болатын.

Қайсар ҚҰСАЙЫНҰЛЫ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің профессоры.

 АЛМАТЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp