Бүкіл әлем халқының басына қайғы-қасірет бұлтын үйірген Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын, әсіресе, Кеңес Одағының азаматтары тартқаны тарихтан аян. Осы қасірет менің туған кішкене ғана ауылымның ер-азаматтарын да шарпыды. Осылайша қазіргі Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының қаншама ер-азаматтары Батыста мерт болды, яки мүгедек болып оралды.
Осы қанды қырғынды менің әкем Мұхамади Қаңтарбайұлы да басынан кешіріп қайтты. Ол 1910 жылы осы ауылда туып, 1963 жылы небәрі елу жас ғұмыр кешіп, дүниеден озды.
Мен оны әкем болғандықтан ардақтасам да, майданда Отан қорғағаны үшін мақтан тұтамын. Оның қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында көрмегені жоқ екен. Жеті жасында әкесі өмірден озады да, інілерімен бірге жетімдер үйіне қабылданады. Бұл кезде ел ішінде ауқатты адамдардың, байлардың әмірі жүріп тұрған кез екенін енді ұғамын. Жетім қалған әкемнің шешесіне – әжеме Тосан деген бай үйленіпті.
Әкем Мұхамадидің еті тірі, пысық болғандықтан, ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Оның үстіне Тәңір дарытқан өнерпаздығымен ел-жұртқа жаққан екен. Домбыра, сырнай, мандолина сияқты саз аспаптарын жақсы меңгеріп, ел ішінде ән салып, күй шертетін болыпты.
Осыған қоса, ол әртістік өнерге де бейім екен. Сондықтан оны құрдастары “Қодар” деп кетсе керек. Естуімше, ол ауылда “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жыры бойынша қойылымда Қодар бейнесін сомдапты. Бұл өнерін соғыстан кейінгі жылдары да жалғастырыпты. Қайран көңіл мен өнерге деген сүйіспеншілік-ай десеңші?! Әйтпесе, соғыстан қатты жараланып келген адамға ел алдына шығып, сахнадан өнер көрсету қайда?!
Соғыс демекші, біздің ауданнан майданға алынған бірнеше ондаған азаматтардың ішінен жараланса да, ауылға аман оралғандардың арасында әкем де болған. Онымен бірге екі інісі де майданға алынған. Алайда, әкем және бір інісі ғана тірі қалыпты.
Жоғарыда айтқанымдай, әкем төрт рет өте ауыр жараланған екен. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” дегендей, ел-жұрт та, өзі де аман оралғанына “Шүкіршілік!” деп, болашақтан үмітін үзбей ғұмыр кешті.
Ол әскерге 1937 жылы алынып, елге тоғыз жылдан соң оралған. Ойлап отырсаң, нағыз жансебілдік екен-ау! Ол өзі айтқандай, соғыс басталғанда Ленинград округінде болыпты. Әкемнің соғыста басынан кешкендері және бейбіт еңбектегі жетістіктері жайында кезінде облыстық “Қазақстан-Петропавл” телерадиокомпаниясының дикторы әрі тілшісі Бүркіт Бекмағамбетов Аралағашқа арнайы келіп, репортаж түсірген, артынан оны теледидардан облыс көрермендеріне ұсынған еді.
Әкем немістер Ленинградты қоршауға алған кезде өзге де көптеген жауынгерлермен бірге тұтқынға түседі. Фашистер бұларды қара жұмысқа жегу үшін жаяу-жалпы алдарына салып, орман ішімен алып жүреді. Аш-жалаңаш, ұрып-соғуға тап болып, әбден әл-дәрмендері құрыған кеңес жауынгерлері орман ішінде келе жатады. Сол шақта ішінен батыл да өжет адамдар бас көтеріп, бұлар қашып құтылу қамына кіріседі. “Бәрібір өлеміз! Одан да шайқасып, жауымызды жер жастандырып өлейік!” – дейді жасырын үгіт таратқан жолбасшылары. Сол қатарда әкем де бар, олар күзеттегі немістерді қапысын тауып өлтіріп, қашып, орманға тығылады.
Қарулы немістер аясын ба, әр ағаштың түбін сүзіп жүріп, орманды тінтіп шығады. Оқ жаудырады. Сондай қаңғыған оқтың бірі әкемнің оң қолына тиеді. Бәрібір орман ішінде ай жүріп, ақыры өз әскерлерімізге қосылады.
Ал 1942 жылы ол жауға кеткен өшін қайтарғандай қимыл-әрекет танытып, бір ұрыста ерлік көрсетеді де, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталады. Осы ісін бағалаған әскербасылары оны бөлімше командирі етіп тағайындайды.
1943 жылы жан алысып, жан беріскен бір шайқаста окоп ішінде қолма-қол айқасқа түсіп, бірнеше немісті штыкпен шаншып, жер жастандырады. Осы ерлігі үшін әкем ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. Осыдан соң оны взвод командирі етіп тағайындайды.
Ал келесі жылғы бір аса қиын шайқаста – жау басып алған деревняны немістерден босату үшін болған ұрыста әкем тағы да ауыр жараланады.
Қайткен күнде де жауынгерлерді қарсы шабуылға шығару керек. Взвод командирі болғандықтан, ол жараланғанына қарамай, әскерлерге үлгі көрсетіп, алға ұмтылады. Деревня азат етіледі. Бірақ қатты қансыраған әкем госпиталь төсегіне таңылады.
Бір айдан аса уақыт емделіп, қатарға қайта қосылған Мұхамади Қаңтарбайұлы Германияның жеріне кірген жауынгерлер сапында Одер өзенінен өту үшін болған шайқаста ерлікпен көзге түседі. Өзеннен өтіп, қарсы жағалаудағы неміс плацдармын басып алуға бұйрық берілген соң окоп ішінде тағы да қоян-қолтық айқасқа түсіп, жанындағы бір орыс жігітімен екеуі екі немісті қолға түсіреді. Осы айқаста бұлар немістердің аса маңызды, тактикалық-стратегиялық жоспары жасалған құжаттарын алады. Осы қимылы үшін әкеме штаб басшылары алғыс арнап, марапатқа ұсыныпты. Ол соғысты Берлиннің түбінде аяқтап, сол жерде Жеңісті тойлайды.
Әкем 1946 жылдың ақпан айында ауылға аман-есен оралады. Сол жылы ол анамыз Қаншайымға үйленіп, осы шаңырақта алты ұл, екі қыз сүйді.
Майдангерлердің іске жарамдысының қол қусырып, қарап отырғандары жоқ десем, жаңылмайтын шығармын. Менің әкем де 1960 жылға дейін кеңшарда тракторшы болып, бейбіт еңбектің де қараторысы атанды. Қолы епсекті әрі шебер еді. Сондықтан тракторшыдан ауысып, үй салумен айналысты. Әйтеуір, өзгенің еңбегімен күн көрген жоқ. Осы өнегесін балаларына да дарыта білді. “Адамды еңбек асырайды. Өз қолың өз аузыңа еңбек еткенде ғана жетеді!” – деп отырушы еді, жарықтық …
Есімде қалғандары осы. Мен оның ерлігін ұрпақтарына ғибрат етіп, зерделеріне құйып отыруды парызым санаймын.
Сансызбай ЖҰМАБЕКОВ.
Аққайың ауданы.