“Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанаты, мен жастарға сенемін!”. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтқан бұл сөз қанша заман ауысса да, мәні мен маңызын еш жоймақ емес. Кез келген ел жастарына сенім артып, оларға үлкен үмітпен қараған, келешекті кемел, болашақты баянды етеді деп жауапкершілік жүгін артқан. Аға ұрпақтың жастарға бар қамқорлығын аямай, қажетті білімін жинап, біліктілігін арттыруда жолбасшы болуының сыры да осында жатыр. Бүгінде тәуелсіз елімізді өркениеттің көшінен қалдырмайтын, ұлтты ұшпаққа шығарар жастардың алдынан даңғыл жол салынғандығы ақиқат. Оны Тұңғыш Президент күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен республикалық жастар форумында ерекше толқыныспен тағы бір мәрте сезіндік. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі өмірдің түрлі саласында жемісті қызмет етіп жүрген, форумға қатысқан таңдаулы жастардың қатарында біздің облысымыздан жиырмаға жуық өрен болды.
Мемлекет басшысының тәуелсіздікпен бірге өсіп келе жатқан жастарға әкелік қамқорлықпен қарап, сенім артуы біздің жүрегімізге елжандылық, отансүйгіштік сияқты қасиеттерді ұялатады. Бұл жолғы кездесуінде де небір тар жол, тайғақ кешулерден өткен еліміздің бүгіні мен болашағы, жастардың мүмкіндіктері мен міндеттері туралы әсерлі әңгімелер қозғалды. “Сіздер Тәуелсіздікпен құрдассыздар. Сіздер Отанымыздың кеңестік тарихы, әке-шешелеріңіз өмір сүрген жүйе, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қиындықтары туралы білмейтін алғашқы буынсыздар. Сіздерге басқа өмір таныс емес. Алайда, Тәуелсіздіктің бізге ғана емес, барлық халықтарға үлкен қиындықпен келетінін білулерің қажет”, – деген Мемлекет басшысы форумға қатысқан әрқайсымызға салмақты міндет жүктегендей болды.
Тәуелсіздік – тәтті ұғым ғана емес, еркіндік аңсаған ата-бабаларымыздың ғұмырлық армандарының жүзеге асқандығы, азат Қазақстанның нұрлы ертеңі. Тарих үшін 25 жыл қас қағымдай ғана уақыт болғанымен, Қазақстан осындай қысқа уақытта кейбір мемлекеттің ғасырлап басатын баспалдақтарынан өтті. Тәуелсіздік құндылығын жас буын өкілдерінің біліп өсуі қажеттігі форум барысында бірнеше мәрте айтылды.
Осы бір қасиетті ұғымның жастар санасында әбден бекіп, оны қызғыштай қорғауына, көздің қарашығындай сақтауына мемлекет бар мүмкіндіктерді жасап отыр. Тек осы жолда тартынбай талаптанып, ерінбей еңбектену қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен жыл сайын елімізде жастардың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын түрлі ресурстық орталықтар, ұйымдар мен бірлестіктер ашылып, өрендердің жан-жақты дамуына жағдай жасалуда.
Егемендік алғаннан бері біздің облысымызда да алпыс шақты жастар істерімен айналысатын ұйым құрылды. Солардың бірі – өзім басқаратын “Жастар бастамалары орталығы” мекемесі. Бүгінде аталған орталықта 60-қа жуық жас маман жемісті қызмет етуде. Олар өрендерге арналған “Жастар тәжірибесі”, “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар – Отанға!”, “Ардагерлерді ардақтайық!” сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда.
Еңбек биржасы арқылы еңбекпен қамтылғандар саны да жыл сайын артып келеді. Облысымызда түрлі білім, өнер, кәсіпкерлік, дін сынды өмірдің сан саласында жүрген өрендердің ойларымен, іргелі әрекеттерімен санаса отырып, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың да мұң-мұқтаждықтарын ескеріп, қорытынды шығарып, бірлесе жұмыс жүргізуді қызметіміздің негізі деп санаймыз.
Тәуелсіздіктің жастарға бергенін саусақпен санап, аз сөзбен қайыратын дүние емес. Ең біріншіден, ой бостандығын, жан азаттығын сыйлаған егемендіктің әр сәтіне біздің береріміз мол болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуы стратегиясындағы басым бағыттарда белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру, Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет тарихы үшін аса маңызды құжат болып табылатын “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясына” қолдау көрсету, жастар саясатын дамытуға, толеранттылық негіздеріне сүйене отырып, азаматтық қоғамды нығайту, сонымен қатар, республиканың кәсіподақтар қозғалысын жетілдіруге жастардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету сияқты іргелі мақсаттарды көздеген форумнан әрбір қазақстандық жас елін жарқын болашаққа бастайтын салмақты ой, ұғынықты ұстаным түйіп тарқасты.
Тимур ЖҰМАНОВ,
облыстық жастар бастамалары
орталығының директоры.