«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМЫТЫЛМАС ӘСЕР

Еліміздегі осы күздегі елеулі оқиғалардың бірі – Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы. Қызылжар төрінде өткен алқалы жиын аяқталысымен жұртшылық “Жас Өркен” шағын ауданындағы сәні мен салтанаты келіскен Оқушылар сарайы мен теннис орталығына ағылды.

Тұрғындар сенбі-жексенбі күндері көрмені тегін көрді. Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен өткен көрмеге келушілер легі аз болмады. Өйткені, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған аймақтың абыройын асырған мерейлі оқиғаның ордасына айналған жаңа нысандар жақында ғана бой көтерген болатын. Келушілердің өңіріміздегі ғана емес, еліміздегі бірегей ІТ орталыққа айналған Оқушылар сарайы мен форум аясында арнайы көрме өткен теннис ғимаратынан алған әсері жайлы сұрап білген едік.

– Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың тарихы бағзы замандардан бастау алады. Бірнеше ғасырға ұласқан татулығымыз алдағы уақытта бұдан бетер беки түспек. Өйткені, туристік байланыстарды дамыту бағытындағы ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның айқын бір дәлелі кешегі форум.

Елімізде де, көрші Ресейде де көркімен көз баурайтын туристік орындар аз емес. Келесі жылы бағасы қолжетімді әрі денсаулығымызды жақсартуға көмегі тиетін сауықтыру орындарына отбасымызбен баруды жоспарлап жүр едік. Осы мақсатта форум аясында ұйымдастырылған көрмеге арнайы келдік. Бірақ меймандардың көбі кетіп қалыпты. Өз басым Ресейдің таулы аймағы – Алтай өңіріне арнайы барып, сол өлкенің жауһарларын көзбен көріп қайтқым келеді, – деді шаһар тұрғыны Ақмарал Махметова.

Орынбасар Әбушәкімова есімді қызылжарлық та туризм тақырыбына арналған көрмені көруге асыға жеткендердің бірі. 1980 жылдан осы шаһарда тұратын ол маңызды шараға дайындық барысында қала құлпыра түскенін жеткізді.

– Бүгін Оқушылар сарайын және теннис орталығындағы көрмені тегін тамашалауға болатынын естіп, немерелерімді ертіп келдім. ІТ мамандарды даярлайтын орталық іші мен сырты бүгінгі заманға лайықталып жасалған екен. Құдды ертегілер әлеміне енгендей әсер алдым. Теннис орталығына да арнайы бардық. Көрмені аралап көргенде, жүрегіме мақтаныш сезімі ұялады. Үлкен экрандардан туристік орындар жайлы бейнероликтер көрсетілді. Өзім Қызылжарда қырық жылға жуық тұрып жатырмын. Өткен ғасырмен салыстыруға мүлдем келмейді. Неше түрлі заманауи ғимараттар шаһардың сәніне-сән қосып тұр. Жылдан-жылға қаламыздың құлпырып келе жатқанына аға буын өкілдері әркез қуанып отырады, – деді ол.

Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltustik Qazaqztan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp