«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМЫТ БОЛҒАН ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАР

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кі­тапхана өз оқырмандарына халқымыздың ұлттық құндылық­тары мен дәстүрлері жайында ақпарат беру мақсатында түрлі библиографиялық шолу жүргізеді. Осы жолы біз халқымыздың ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдары жайында ақпарат беруді жөн санадық.

«Сүмесүт» немесе «сүттік» деп ата­латын сирек тағамды көпті көр­ген қариялар білмесе, жалпы жұрт­­тың бәрі біле бермеуі мүмкін. Се­міз әрі жас, түсі ақ қойдың жүнін мейлінше тақырлап қырқып алып, сояды. Терісін сыпырып алғаннан кейін оның жүнін үйітеді. Оны күйеден, кірден, шаң-тозаңнан та­зартып жуады. Содан соң шелін, етін сыдырады. Таза теріні қойдың сүті құйылған қазанға салып, бап­пен қайната береді. Сүт азайған сайын қазанға еселеп сүт құйып оты­рады. Құйған сүтің сіңбесе, ол қай­нап, пісіп болды деген сөз. Осы­дан кейін оны алып суытады. Енді бұ­рынғыдай тері емес, жұмсақ желін тәріздес тағам пайда бола­ды. Мұ­ны енді сығылмайтын етіп табақ, қазан сияқты дәмі шаппай­тын ыдыстарға салып, күнге тигіз­бей сал­қын жерде сақтайды. «Сү­ме­сүтті» бір жапырақ етіп тіліп, ұзақ, алыс жолдарға шыққанда ба­ла­ның аузына емшек тәріздес етіп салып қояды. Баланың тамағына кетіп қалмас үшін шетінен ши не­ме­се жіңішке арша өткізеді. Ал ба­ла анасының емшегін емгендей тәтті қою сүтті сорып, тойып бал­бырап жата береді. Қойдың бір те­рісі бірнеше балаға көп күнге же­тетін азық болады екен». (Қо­жахметова Г. «Сүмесүт»).
Үлпершек – құ­ра­мында түрлі дәрумені бар аса пай­далы тағам. Негізінен, бұл та­ғам­ды үйінен ұза­тылып кеткен қыз төр­кіндеп кел­генде пісіріп береді. Үл­першек «қай­да жүрсең де біздің жүрегіміз­де­сің» деген мағынада жылқы не­месе сиырдың жүрегінен жаса­лады. Жүректі тіліп, қа­нын та­за­лай­ды да, ішіне тұз бен бұрыш се­­беді. Сосын ұсақталып туралған ет және май­мен толтырады да, бір ай бойы ұнға батырып қояды. (Ә. Ән­уарбек. Ұмытыла бастаған ұлт­тық тағамдар //Түркістан. 2019. 31 қазан. Б. 6)
Ежігей – қой сүті мен құрт қос­қан қойртпақ қоспа. Кей жерлерде ірім­шік қосқан сықпа құртты да осылай айтады (Қазақтың ұлттық тағамдары. Алматы: Қайнар, 1995. Б. 31).
Түйемеш – келіге түйіп, жаң­ғы­рыққа салып тоқпақпен жаныш­тал­ған кескен ет. Оны кейде сол күйі қатырып немесе қарынға са­лып сақтаған. Майға қарып, суға қай­натып, кейде ішекке тығып қай­натып пісіреді (Касиманов, С. Қа­зақтың ұлттық тағамдары. Ал­ма­ты: Қайнар, 1977. Б. 27).
Қарма – балықтан жасалатын та­ғам. Балықты жеп болғаннан кейін оның сүйегін (оның арасында аз болса да ет болады) жинап алады да оны қазанға салып күйдірмей қуырады. Сүйек қызарып мортылдақ болғаннан кейін келіге салып түйіп, ұсақтай­ды. Оны диірменге тартқанда қы­зыл қоңыр ұнтақ болып түседі. Мұ­ны қарма деп атайды. Мұны ба­лықшылар ауылдарынан көруге болады. (Кенжеахметұлы, С. Же­ті қазына. Алматы: Ана тілі, 2000. б. 92).
Жаубүйрек – лақтың жалпақ омыртқасынан бүйрегін алмай бірге, тобылғы не аршаның түтінсіз қызыл шоғына қақтап пісірілетін, жорықта не жолаушылап жүргенде дайындалатын тағам. Бұл тәмсіл­дің шығуына байланысты мына­дай әңгіме айтылады. Қазақ-қал­мақ соғысында екі араға елшілер де жүргені белгілі. Қазақ билеу­шілерінің басы бірікпей жатқан ке­зеңде, қазақ арасындағы жағдай­ды сыртқа шығармау үшін елші­лерден құтылу қажет болғанда қазақтар мынадай амал жасайды. Елшілерге жолбасшы қазақтар тұзын көбірек сеуіп, жаубүйрек пісіріп беріп, шай бермей шығарып салса керек. Тамаққа тойып, шөл қысқан ел­шілер жолдағы бұлақтың мұз­дай суын ішіп, лақтың майы іш­те­рінде қатып қалып, өлген екен. Қал­мақтар «елшілерімізді өлтір­діңдер» деп дау шығарып келгенде қа­зақ­тар бұл мезгілде сыйлы қо­нақ­тар­ға семіз серке соя­тын сал­тын ай­тып, ақталып кеткен екен (Атаха­нова, Р. Жаубүйректен жан қалмас //Ана тілі. 2011. 22 қыркүйек. б. 3).
Шалжығар – қазақтың ұлттық тағамдарының бірі. Шалжығар тағамының жасалу жолы мына­дай. Жаңа сойылған қойдың етін құйрық, өкпе-бауырымен қоса тү­гел қа­рын­ға тығып, тұз, бұрыш, са­рымсақ, пияз қо­сады да аузы тігілген қарынды шұң­қыр­ға от жа­ғып, оның шоғына көмеді де, то­пы­рақпен бастырып тастайды. Қа­рын­да­ғы еттің демі шығып тұруы үшін қойдың асық жілігінен түтік жасап, бір басын қа­рынға тығып, екінші басын пештің мұр­жасы се­кіл­ді, топырақтан шығарып қояды (Ә. Әнуарбек. Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдар //Түркістан. 2019. 31 қазан. Б. 6).
Бұдан да басқа ұлттық тағам түрлері туралы ақпараттарды біздің кітапханамыздан оқып біле аласыздар.

Кәмшат ӘБІЛКӘРІМОВА,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық
ғылыми-әмбебап кітапхананың библиографы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp