«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰН ӨНДІРІСІНІҢ ӨСІМІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛСІН

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ұн тартатын кәсіпорындар басшыларының қатысуымен өңірде астық өңдеу көлемін арттыру шараларын талқылауға арналған кеңес өткізді.

– Біз әлемдік экономикалық дағдарыстың қарсаңында тұрмыз. Осындай қиын жағдайда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдалануымыз, ал тоқтап тұрған өндіріс орындарын іске қосуымыз қажет. Тек сонда ғана біз тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеміз, табысты молайтамыз, әлеуметтік саланы қолдай аламыз, – деді кеңесті ашқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов.

Облыстық статистика департаментінің және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мәліметтеріне қарағанда, өңірде жылдық өндірістік қуаттылығы 927 мың тоннаны құрайтын 86 астық өңдеу кәсіпорны тіркелген. Олардың ішінде бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған, бірақ күні бүгінге дейін тіркеу есебінен шығарылмаған диірмендер де бар.

Ұн тартатын нысандардың басшылары облыс әкіміне өздерінің кәсіпорындарында қалыптасқан жағдайды баяндап, ағымдағы мәселелер жайлы айтып берді.

Кеңес соңында Ерік Сұлтанов аудан әкімдерінің орынбасарларына және ұн тартатын кәсіпорындардың басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Астық өңдеу кәсіпорындарының толық қуатында жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қолдану қажет, – дей келіп, Ерік Хамзаұлы кәсіпорындарды жаңғырту есебінен ұн өндірісі өсімін қамтамасыз етуді және шығарылатын өнімнің сапасын арттыруды тапсырды.

  (Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp