«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРЛАНҒАН БАҚЫТ

Мен де өзге бойжеткендердей жан-жүрегіммен қалаған жанға тұрмысқа шықсам деп армандаушы едім. Еркімнен тыс басыма орамал салынған күні бақытты болашақ туралы қиялымның күлпаршасы шықты.

…17 жаста едім. Көкшетау қаласындағы колледжде оқып жүрген кезім. Құрбымның туған күн кешінен кейін бірге келген қыз-жігіттер көлікке отырып, үйге қарай бет алдық. Әңгімелесе отырып, Көкшетаудың маңындағы Красный Яр ауылындағы бөтен үйдің алдына тоқтағанымызды байқадым. Көлік жүргізген жігіт бәрімізден сыртқа шығуды өтінді. Бір кезде көлікке жақындаған орта жастағы келіншек көлік иесімен ымдасып сөйлесті де, маған қарай күлімдеп келіп, мойныма орамалды іле сала, қолтықтап ала жөнелді. Бір сұмдықтың болғанын түсіндім. Буындарым босап, тілім күрмеліп, бар дүние шыр көбелек айналып барады. Үйге дедектетіп енгізген соң есімді жинадым. Сыртқа тұра ұмтылып едім, екі жағымнан мықтап ұстаған еңгезердей екі келіншек жіберер емес. Ағыл-тегіл жылап, қайткен күнде де қалмайтынымды айттым. Бір уақытта жасы сексенді алқымдаған қария бас орамалын аяғымның астына атып жіберді де: “Сабаңа түс, салттан аттама! Қарғысқа қалма!” – деп зеки сөйледі.

Намысқа булығып тұрып, көндім. Көнбеске амалым болмады. Қарияның мына әрекеті әрі күйеу жігіттің: “Кетер болсаң, өзіме-өзім қол салам”, – дегені тоқтатты. Жастары егде тартқан әке-шешемнің алдындағы ұят тағы бар. Өзгеге қиянат жасамайын деп, өзімді-өзім сор құдықтың шыңырау түбіне тастай салғанымды кеш түсіндім. Сол уақытта полицейлерге хабарласқанымда адам ұрлаған арсыздар заң алдында тиісті жазасын алар ма еді?

Осылайша, жүзіне көзім түскен сайын жүрегім зырқ ететін сұрықсыз, аласа бойлы, жасы 30-ға таяған жігітпен сүреңсіз күндерім басталды. Ол ауылда тұрайық деді. Мен оқуымды тастамайтынымды айттым. Қайын атам: “Жүре бер”, – деген соң, қалаға келіп, оқуымды жалғастырдым. Ол кезде аяғым ауыр болатын. Пәтер жалдау үшін жұмысқа орналастым. Оқу мен жұмыстан шаршап келіп, жалғыз мұңдасым – жастықты құшақтап, екі көзге ерік беретінмін.

Бір күні дәрігерім ультра-дыбыстық зерттеуден соң айы-күні жақындаған шарананы алып тастау керектігін айтты. Жүйке күйзелісі бар әрі тойып тамақтанбағандықтан, балам хромосомдық ауытқушылыққа душар болған. Бауыр етім – балам ғой. Тағы да қатал тағдырыма налып, көз жасымды көлдете отыра, баланы жансыздандырып, алдыруға келісімімді бердім…

Бұл оқиға мені ерте есейтті. Енді қайта күйеуіме оралмадым. Заң жүзінде қиылған некені бұзуға әрекет етпедім. Қайын жұртым да төбе көрсетпеді. Айналасы бір жыл ішінде өмірімнің астан-кестенін шығарған бұл неке ешкімге абырой әкелмеді. Орамалын атып ұрған қария да, өзіне қол жұмсамақшы болған күйеу де менің бұл өмірде бар екенімді ұмытты.

Арада бес жыл өткен соң менен кейін бірнеше келіншек алып үлгерген күйеуіммен заңды түрде ажырастым.

Бүгінде сүйіп қосылған жарыммен тұрып жатқаныма төрт жылдың жүзі өтті. Өткен өмірім қорқынышты түсімдей. Тек әлі күнге дейін балалы бола алмай жүргенім өткен оқиғаның түс еместігін еске салатыны жаныма батады.

Өз басымнан өткен оқиғаны баяндай отыра, жас қыздарға шаңырақ құрар алдында қабырғаңмен кеңесіп, сезімдеріңе сенімді болып, ата-ананың ақ батасын алған соң ғана маңызды қадамға аяқ басу керектігін айтқым келеді. Ал қызды алып қашу қылмысқа, адам ұрлау түріне жататынын кейін білдім. Адам ұрлаушы 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін екен. Сондықтан да, отасуға мәжбүрлеудің заңмен қудаланатынын білмеу мен сияқты жандарды тура жолдан тайдыртпаса екен деймін …

Әлия БЕКЕНОВА.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp