Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалық етуімен өткен селекторлық кеңесте өзгенің мүлкін ұрлауға қарсы қолданылатын іс-шаралардың тиімділігін арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Кеңеске мемлекеттік органдар мен құқық қорғау ведомстволарының, қоғамдық құрылымдардың басшылары қатысты. Аудан әкімдері мен аудандық ішкі істер бөлімдерінің басшылары бейнеселекторлық режімде қосылды.
– Мемлекет басшысының жылсайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрғындардың қауіпсіз және қолайлы жағдайда өмір сүруі мәселелеріне баса назар аударылады. Бүгін біз өзгенің мүлкін ұрлауға қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыруды талқылауға жиналып отырмыз, ол ешқашан өзінің өзектілігін жойған емес, – деді кеңесті ашқан өңір басшысы.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов өңірдегі өзгенің мүлкін ұрлауға байланысты жағдайға тоқталды. Облыста тіркелген қылмыстардың 70 пайызы өзгенің мүлкін ұрлауға қатысты. Былтыр 7 мыңға жуық ұрлық жасалып, оның саны 2,5 пайызға өскен, алайда бұл қылмысты ашу көрсеткіші 4,5 пайызға жақсарған.
Қылмыстың басым бөлігін пәтер тонау, ұялы телефондар және мал ұрлығы құрайды. Талдау көрсетіп отырғанындай, пәтерлерге ұрылар иелері жұмыста болатын күндізгі уақытта түседі. Былтыр облыста орын алған пәтер тонау оқиғаларының 72,3 пайызы ашылып, осындай ұрлықпен айналысқан бес қылмыстық топ құрықталды.
Облыстық ішкі істер департаменті криминалдық және әкімшілік полициясы басқармаларының бастықтары Мыңбай Асылбеков пен Бауыржан Рақымжанов ұрлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Олар қолданылып жатқан шаралардың әлі де жеткіліксіз екендігін мойындады. Облыста орын алған мал ұрлығының тек жартысы ғана ашылған, көбіне-көп ұрлықтың бұл түріне малдың бағылмайтындығы, жеке үйлерде, шаруашылық жүргізу субъектілерінде қоралардың күзетілмейтіні себеп болуда. Бүгіндері елді мекендерде “Сақшы” еріктілер құрылымдары жасақталған, қоғамдық тәртіпті сақтауға студенттер отряды, жұртшылық кеңесі қатысуда. Облыстағы 183 ауылдық округте учаскелік инспекторлар жұмыс істейді, олардың қылмыспен күресудегі рөлі арттырылуы тиіс. Облыстағы 107 білім мекемесінде ғана бейнебақылау камерасы орнатылған, бәрі қаржыға тіреледі екен. Петропавл қаласында 842 пәтер ғана ведомстволық күзет пультіне қосылған. Алдағы уақытта көпқабатты үйлерде, подъездерде бейнебақылау камераларын орнату мәселесі шешімін табуы тиіс деген қорытындыға келді кеңеске қатысушылар. Өңір басшысы қала әкімдігіне, тиісті ведомстволар басшыларына көпқабатты тұрғын үйлерде, подъездерде бейнебақылау камераларын орнатуды, “Қауіпсіз қала”, “Көрші бақылауы” бағдарламаларын пәтер иелері кооперативтерімен, тұрғындармен бірлесіп жүзеге асыру қажеттігін алға тартты.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Cонымен қатар, 2015-2017 жылдарға арналған өзгенің мүлкін ұрлауға қарсы іс-әрекеттер жөніндегі шаралардың ведомствоаралық жоспары бекітілді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.