Өңірімізде тіркелген барлық қылмыстардың 60 пайызы ұрлыққарлыққа қатысты. Облыстық ішкі істер департаментінде жұмыс кеңесі өтіп, онда тәртіп сақшылары мен жергілікті атқарушы биліктің өкілдері пәтер тонайтындар мен мал ұрлаушыларға қарсы іс-шаралар жайлы сөз қозғады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев пен Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов қатысты.
Облыста мүліктік қылмыстарға төтеп беру бағытында “2018-2020 жылдарға арналған бөгденің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жасау бағдарламасы” жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде ұрлық саны 35 пайызға кеміген. Алайда, пәтер тонау, ұялы телефондар мен мал ұрлау фактілері әлі де тыйылмай тұр. Әсіресе, қараусыз жүрген малдардың жайы алаңдатарлық. Еркін жайылымда жүрген мал – оңай олжа іздегендер үшін жақсы мүмкіндік.
“Жануарларды бағу туралы қолданыстағы ережелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыру қажет. Сонымен қатар жайылымдардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, қараусыз жүрген және ұйымдасып немесе жекелей бағылатын мал ұғымдарын анықтау керек”, – деп атап өтті облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалин.
Сондай-ақ, полицейлердің айтуынша, иелерінің малдарына таңба салмауы қылмыстарды ашу барысында қиындық туғызатын көрінеді. Ал ұрланған малдарды іздеу кезінде квадрокоптерлер жиі қолданылуда. Мәселен, осы ұшатын құрылғының көмегімен Уәлиханов ауданында жоғалған жылқы бір тәулік ішінде табылды. Ал пәтер тонаушылармен күресуде тәртіп сақшыларына пәтер иелері кооперативтері төрағаларының көмегі қажет. Себебі, пәтер ұрлықтарының алдын алу және оларды ашу барысында үйлердің кіреберістерінде орнатылған бейнекамералар үлкен септігін тигізеді.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.