Қалалық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері саяжайда ұрлық жасады деген күдікпен 36 жасар қала тұрғынын ұстады.
Полицияға қала маңындағы саяжайда түнде жасалған ұрлық туралы бірнеше арыз келіп түсті. Қаскөй электр құралдары, шаруашылық саймандары секілді заттармен қатар азық-түлік ұрлаған.
Тексеру барысында қалалық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған 36 жасар қала тұрғынының ұрлыққа қатысы бары туралы ақпарат алды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ақпарат расталып, күдікті ұсталды.
Қылмыскер күзетшілер мен саяжайшылар қалың ұйқыда жатқан кезде, яғни түнде әрекет етеді екен. Үйлердің есіктерін бұзып немесе терезе арқылы ішке енген. Ұрланған мүліктерді қалалық базарлардың бірінде өткізіп отырған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдікті қамауға алынды.
Қалалық криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы полиция капитаны Ерболат Қаптаевтың айтуынша, қазір ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Тәртіп сақшылары қалалықтарға саяжайларда құнды мүліктерді сақтамауға, егер ұрлық жасалған жағдайда бірден полицияға жүгінуге кеңес береді.