«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҒЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ – ҰЛЖАН ӘЖЕ

Тарих қойнауында қалса да, жүректерге салған жарасы бүгінге дейін жазылмаған Ұлы Отан соғысы жылдарының қиындығы аға буын өкілдерінің санасынан өшпек емес. Сол бір сұрапыл шақта ел үшін еңбек етіп, белін бекем буған жандардың Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз. Солардың қатарында жақында ғана 90 жасқа толған тыл ардагері, мейірбан ана, ұрпақтың ұйытқысы Ұлжан Қазиева да бар.

1935 жылы жарық дүние есігін ашқан Ұлжан әжей өмірінің алғашқы жылдарын Бай Еңбек ауылында өткізген. Балалықтың қызығына жаңа ендім деген шақта тағдыр оны қатал сынаққа салды. Ұлы Отан соғысы басталғанда тұлымшағы желбіреген шынашақтай қыз анасына еріп, масақ теріп, арамшөп жұлып, тыл жұмысын өз еркімен иығына асады. Бала болса да елдің болашағы үшін жан аямай тер төккен.

Сол қиын жылдары оның отбасы Ресейдің Благодатовка қаласына қоныс аударады. Бірақ жер ауыстыру жеңілдік әкелмепті. Ол жақта да ауыр еңбектен шет қалмай, үлкендермен бірдей жұмыс істеп, майдан даласындағы жауынгерлер арқа сүйеп отырған тылдың сенімді тірегіне айналады.

Соғыс аяқталып, ел есін жия бастаған тұста туған еліне – Қазақстанға оралады. Бұл жолы Петропавл қаласы оның жаңа мекеніне айналады. Бойжетіп, өмірге деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан шағында «Комсомолка» фабрикасына тігінші болып жұмысқа орналасады. Жиырма жыл бойы осы кәсіпке адал болып, қолының шеберлігімен, тиянақтылығымен көзге түседі.

«Одан кейін «Волна» деп аталатын асханада жұмыс істедім. Мұнда да қайнаған тіршіліктің белортасында жүріп, наубайшы-кондитер болдым. Сол кездегі нанның иісі мен дәмін әлі күнге дейін ұмытқан емеспін», – дейді кейуана.

Ұлжан әжейдің өмірлік серігі – есімі өңір жұртшылығына белгілі журналист Абай Қазиев. Екі жас шаңырақ көтерген алғашқы жылдары Алматы қаласында тұрды. «Жұбайым оқуын тамамдағаннан кейін Петропавлға қайта оралдық. Біздің жалындаған жастық шағымыз да, өміріміздің ең бір мағыналы, мазмұнды кезеңдері де осында өтті. Балаларымызды өсірдік, өндірдік. Абайдай жанның зайыбы болғаным үшін тағдырыма ризамын», – дейді кейуана.

Абай Қазиев – бұрынғы Преснов ауданындағы Ленин ауылының тумасы. Қаламы жүйрік азамат ұзақ жылдар «Ленин туы» (қазіргі «Soltüstık Qazaqstan») газетінде еңбек етті.

Бүгінде Ұлжан әжей – немере мен шөбере қызығына кенеліп отырған бақытты жан. Жастарды инабаттылық пен адал еңбекке баулып, ұлттық құндылықтарды насихаттаудан еш жалыққан емес. Ұрпағы әжелерінің ұқыптылығына, еңбекқорлығына қарап өсіп келеді. Олар үшін әже – тек отбасының ғана емес, бүтін бір дәуірдің символы.

Еңбекпен есейген тыл еңбеккерін облыс басшылығы да назардан тыс қалдырған емес. Әр мерекеде, Жеңіс күні қарсаңында кейуанаға арнайы құттықтаулар мен Алғыс хаттар табыс етіледі.

90 жыл – терең мағыналы, елге үлгі болатын тағдыр жолының көрінісі. Ұлжан Қазиеваның өмір жолы өнегеге толы. Бүгінгі бейбіт күніміздің іргесін осындай аналар қалаған. Сондықтан біз оларға мәңгі қарыздармыз.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp