Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Көтерді бәрін ауырдың,
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Қайырылмай қалай кетесің,
Әр үйге қайғы салды оқтар,
Көрдің бе бала көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Қаралы қағаз жіберіп,
Әр үйге қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар, – деп халқымыздың көрнекті ақындарының бірі Сырбай Мәуленов жырлағандай, сұм соғыс қай шаңыраққа қайғышер әкелмеді десеңізші?! Алайда, қазақта “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” деген сөз де бар ғой. Сол сөзде айтылғандай, менің әкем Жиянша Жұмабеков те ер жігіттер қатарлы майданға аттанып, туған ауылы Аққайың ауданындағы Аралағашқа аман-есен оралыпты.
Әкеміздің үлгілі тәлім-тәрбиесін бойымызға дарытып өскен біздер, балалары, оның майдан өрті шарпыған жастық шағын есейіп, оң-солымызды танығанда таңсық көруші едік.
Ол майданға он жетіге толар-толмаста 1941 жылы шақырылыпты. Барған жері – Қиыр Шығыс. Бұл уақытта неміс-фашист басқыншыларымен ауыз жаласқан жапон милитаристері елдің шығыс шекарасына қауіп төндірді ғой. Сондықтан әкем сияқты жастар Отанды қорғауға дайын тұрғаны түсінікті.
Теңіз жаяу әскерлерінің сапында минометші болып, Владивостокта әскери борышын өтеген. Соғыс аяқталуға таман Жапонияның Квантун армиясына қарсы тұрып, оны тізе бүктіргендердің қатарында болған. Сол себепті туған ауылға бірден орала қоймай, 1948 жылға дейін әскери қызметін атқарған.
“Жапонияны жеңгені үшін” және де басқа жауынгерлік медальдармен марапатталған. Бейбіт еңбекке араласқанда ұжымшардың, кейін кеңшардың бас есепшісі болып жұмыс істеген. Анамыз Дәмежан Өмірсерікқызымен көңілі жарасып, шаңырақ құрады. Біз ата-анамыздан төрт бала бармыз. Үлкеніміз – Сансызбай ағамыз. Одан соң Қарлығаш, Жібек есімді әпкелерім туған. Мен кенжесімін.
Ата-анамыз қырық жылдай отасып, бақытты ғұмыр кешті. Әттең, 1993 жылы анам өмірден озып кетті. Әкем 2001 жылы жетпіс алты жасында қайтыс болды.
Қазір артында қалған он бір шөбересі аталарының ерлігіне тағзым етіп, оны сағынышпен еске алады.
Гүлнар ЖҰМАБЕКОВА,
“Абылай хан резиденциясы”
мұражай-кешенінің қызметкері.