Мемлекеттік дамудың жаңа қазақстандық жолын айқындап берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі заманғы мемлекет құрудың 5 институттық реформасын айқындаған “100 нақты қадамы” ел өміріндегі ерекше саяси оқиға болды. Бұл көптен күткен өзгеріс екенін әркім жүрек елегінен өткізіп, өткір сезініп отыр.
“Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” бағдарламасы енді “100 нақты қадаммен” толықты. Қоғамдық дамудың осал тұстарын жойып, туындаған мәселелерді сылап-сипамай, кесел ретінде жұлып тастау қажет. Ол үшін бес бағыттағы 100 нақты қадам жасау керек болды. Оны неден бастау керек? Әрине, кез келген халық өз мемлекетіне, заңына, индустриялық қуаты мен экономикалық өсіміне, біртектілік пен бірлігіне және халық алдында жауапты билігіне қалтқысыз сенуі қажет. Сонда ғана ол құндылығы бір, қуатты мемлекетке айналады. Осының бәрі қазіргі таңда Қазақстан халқының ғана емес, әлемдік қоғамдық ойға қозғау салды.
Президент жариялаған 5 институттық реформаның біртектілік пен бірлік саласы, соның ішінде “Мәңгілік Ел” патриоттық актісін, Қазақстан халқы Ассамблеясының “Үлкен ел – үлкен отбасы” кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру бізге өте жақын. Мемлекеттігіміздің мәңгілік болуының алғышарттарының бірі – ұлтжандылықтың қайнар бұлағы болып табылатын рухани мұраларымызды қорғап, оларды насихаттау, ел игілігіне жарату. Ал үлкен отбасы болуымыз қазақстандықтардың біртектілігін нығайтады және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызады. Осы орайда бұл ауқымды, маңызы зор, мәні терең тапсырмаларды жүзеге асыруда қоғам тиісінше жауапты болуы қажет. Мәселен, Есіл ауданындағы Николаевка ауылында өзім басшылық ететін “Бөбекжан” балабақшасы, ардагерлер кеңесі, “Бірлік” қазақ-молдован этнобірлестігі мемлекетіміздің ұстанған саясатын қолдай отырып, өз мүмкіндіктерінше түрлі шаралар ұйымдастырады. Аға буын – ардагерлер кеңесінің, этносаралық татулықтың ұясы – “Бірлік” этнобірлестіктің және “Бөбекжан” балабақшасының жұмыстарын үйлестіру арқылы әр шарамызды тиімді, мағыналы ете түстік. Біз жас буын – бүлдіршіндерімізге балабақша кезінен бастап аға буынды сыйлауға, этностық бірліктің мәнін түсіндіре бастадық. Себебі, Елбасы айтқан тапсырмаларды бүгін біз орындағанымызбен, келешекте оны жалғастырып, болашағын баянды ету жас буынға артылмай ма? “Атадан ұл тумас па, ата жолын қумас па?” – дейді ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа.
Қазақ әрқашан “Төріңнен қарт кетпесін” деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Ауылымызда ардагерлер кеңесі осыдан 25 жыл бұрын құрылған еді. Бүгінгі таңда асқар таудай абыройға ие қарияларымыздың саны – 239. Мемлекеттің дамуы үшін қажырлы еңбек еткен қарияларымыз зейнет демалысында отырса да, қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Ауылымызда ардагерлеріміздің қатысуынсыз ешқандай шара өтпейді. Мәселен, аудан бойынша өткен “Сол ұлы жылдарға тағзым етейік” фестиваліне қатысып, 2-орын алды. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент күнінде ауылдық кітапханамен бірлесіп, “Президент – ұлт мақтанышы” тақырыбында “дөңгелек үстел” өткізді. Жалғызбасты зейнеткерлерге ауылшаруашылық құрылымдары қамқорлық көрсетеді. Тегін отын-шөппен қамтамасыз етіп, қажеттілерін алып беріп отырады. Ауылдағы мектеп оқушылары да жалғызбасты ауылдастарына көмек қолын созуды әдетке айналдырған. Ардагерлер Астана, Петропавл қалаларына саяхатқа барып, Бурабайда демалып қайтты. Ардагерлер кеңесі жергілікті ауылшаруашылық құрылымдарымен, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның арқасында зейнеткерлердің көптеген әлеуметтік мәселелері шешімін табуда.
Ал тәрбиеленушілері аға буынменен қатарласып, қоғамдық шараларға қатысып жүрген “Бөбекжан” балабақшасы 2010 жылы ашылған болатын. 90 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 3 топ құрылып, 35 адам жұмыспен қамтылды. Ауылдағы мектеп жасына дейінгі балалардың сапалы білім, өнегелі тәрбие алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, спорт, музыкалық, жаттығу және акт залдары бар. Балабақша ауласы көгалдандырылған, абаттандырылған және ойын алаңдары қажетті қондырғылармен жарақтандырылған. Балалармен жұмыс істейтін педагог мамандар шығармашылық қабілеттерін жетілдіру үшін үнемі ізденіс үстінде. Сол себепті де бүлдіршіндеріміз әр шараға қызығушылықпен қатысады. Бүгінгі таңда “Бөбекжанның” балапандары ауыл тұрғындарының көзайымына айналған.
Биылғы жылдың Ассамблея жылы деп аталуының өзінде үлкен мән бар. Бүгінгі күні Қазақстанды достығы жарасқан ел ретінде барлығы таниды, біледі. Қазақстаннан көп елдер үлгі алуда. Елбасы айтқандай, шынымен де, бір-бірімізге жақын болу еліміздің кемел болашағының кепілі болмақ. Ұлтаралық келісім – мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі. Құт қонған жерге инвестиция да, туристер де келетіні айдан анық. Осы орайда ауылымызда аға буын мен кейінгі ұрпақтың басын біріктіріп отырған “Бірлік” қазақ-молдован этнобірлестігінің жұмысына тоқталғым келеді. Өткен жылы аталмыш этнобірлестікті Николаевка ауылдық округінің ардагерлер кеңесі құрған еді. Бірлестік мүшелері өздеріне артылған міндетті түсінгендіктен, ашылғалы бері бір тыным тапқан жоқ. Үнемі түрлі шаралар өткізіп, байқауларға қатысып, белсене жұмыс істеуде. Мәселен, Молдавия туралы сынып сағаты, балабақша тәрбиеленушілерімен ашық сабақтар, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы өкілдерімен, Молдавияның Сороки қаласынан келген қонақтармен кездесулер ұйымдастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай этнобірлестікте “Шекарасыз шығармашылық” атты іс-шара өтті. Сондай-ақ, этнобірлестік өкілдері “20 игі іс” акциясына қатысып, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіп, Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сый-сияпаттар табыс етті. Мереке күндері мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырып, оған ауыл тұрғындарын тартып жүреді. Мәселен, Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінде аудан, облыс деңгейінде өткізілетін шараларға қатысып, белсене атқарған жұмыстары үшін түрлі дипломдармен марапатталды. Ал жуырда спорттық шараларды өткізуге атсалысты. Николаевкалықтар шахмат, дойбы, дартс ойындары бойынша өз бақтарын сынады. Алдағы уақытта Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуына орай танымдық шаралар ұйымдастырып, “Бірге өмір сүру” атты бірлік және отбасылық құндылық фестивалін өткізуді, еліміздің жүрегі – Астанаға саяхат жасауды жоспарлап отырмыз.
Бүгінде осындай жұмыстар атқарып жатқан “Бөбекжан” балабақшасы, ауылдық ардагерлер кеңесі және “Бірлік” қазақ-молдован этнобірлестігі Ұлт жоспары ел болашағын бекем бағдарлай білген кемел құжат екендігін жақсы түсінеді. Осы орайда оны орындауға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуға әзірміз. Халқымыздың “Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады” деген даналық сөзі де осындайда айтылса керек.
Сәуле ТАХМЕТОВА,
Николаевка ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы.
Есіл ауданы.