
Петропавлдағы қазақ-түрік лицейінің оқушылары төл тарихымыздың жастардың, өскелең ұрпақтың жадында мәңгі жатталуы үшін стратегиялық ойын ойлап тауып, айтулы күнге тамаша тарту жасады. Бүгінде аталмыш ойынның демо-нұсқасы жарыққа шығып үлгерді.
Жобаны ұйымдастырушы қазақ-түрік лицейінің он бірінші және тоғызыншы сынып оқушылары – Ерасыл, Владислав пен Никита. Ойын компьютер арқылы жүзеге асырылады. Еліміздегі қазақ-түрік лицейлерінің арасында жыл сайын көктем мезгілінде “Жас жасампаздар” сайысы өткізіледі екен. Ғылыми мәнділігі жоғары жұмыстарды таразыға тартып, екшелейтін байқауға кез келген өрен қатыса алмайды. Талабы мен таланты басым, қиял мен ізденістен туған ғылыми жобалары айқын әрі ұтымды үміткерлер ғана бақ сынайды. Жаңалыққа жаны құштар үш жігіттің .үкілеп бәйгеге қосқан жобасы үздіктер қатарынан табылады. Өткенді өнеге деп білетін олар стратегиялық ойындарын “Қасиетті парыз” деп атапты. “Біздің өр намысты бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен осынау ұлан-байтақ жерді сақтап, бізге аманаттады. Олардың ерлік істерін үнемі еске алып, тағзым ету біздің, бүгінгі қазақ жастарының абыройлы міндеті екенін ескеріп, “Қасиетті парыз” атадық”, – дейді олар.
Аталмыш ойын авторларының бірі Ерасыл Ділдайым:
– Жоба ойын арқылы Қазақ хандығының тарихын үйренуге бағытталған. Шыны керек, бүгінгі жастарға тарихи кітаптарды оқып, өз бетімен үйрену қиын. Ал ойын арқылы олар көбірек ақпарат алады. Бұл ойында Қазақ хандығының құрылғанынан бастап, Кенесары ханның өліміне дейінгі тарихи маңызы зор оқиғалар баяндалады. Біз ұсынып отырған демонұсқасында Қасым хан және Шайбани хан арасындағы тартыс оқиғасы бар. Сонымен қатар, ойын арқылы ойыншы сол кездегі ұрыстардың қай жерде, қай мезгілде болғандығын ғана емес, батырлардың қалай киінгеніне дейінгі барлық ақпаратты игере алады, – деді.
Жас талапкерлердің шығармашылық шыңдалуына, дамуына лицей директоры Ержан Әубәкіровтің қосқан үлесі зор. Жаңашыл жастар әзірге алғашқы нұсқасы ғана бар стратегиялық ойынды ғаламтор арқылы көпшілікке жол тартуды көздейді. Егер де қаржы көзі табылса, жоба тарихты терең әрі түсінікті ойынмен игеремін дегендерге қуаныш сыйлары сөзсіз.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.