Мен жүрек қалауымен ұстаз болғанымды өмірдегі бақытыма балаймын. Өйткені, ұстаз – келешек ұрпақтың сәулетшісі. Ол сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Өзім еңбек жолымды Қайрат орта мектебінде 2008 жылы бастап, көп жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан әріптестерімнен мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын бойыма сіңірудемін.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты біліктілікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін ұстаздықты таңдағаныма өкінбеймін. 9-сынып оқушыларының жетекшісімін. “Ұстаз қандай болуы керек?” деген сауалды өзіме жиі қоямын. Біріншіден, ұстаз оқушылардың өз пәніне қызығушылығын оята білуі керек. Екіншіден, мұғалімнің оқушыларға деген сүйіспеншілігі болуы шарт. Үшіншіден, балаға үнемі қолдау көрсету мұғалімнің басты ұстанымы болуға тиіс. Төртіншіден, ол әр оқушының мінез-құлқын, көзқарасын, талғамы мен әдет-дағдыларын зерделеп, өз шамасына сай дамуын қамтамасыз етуі қажет. Сондықтан, ұстазға зор міндет жүктеледі. Мен ұстаз ретінде тек жалаң білім беріп қоюмен шектелмеуге тырысамын. Өз кәсібін, пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам ғана небір қиындыққа шыдап, іске батыл кіріседі. Бір емес, бірнеше жүректе ұстаз ретінде мәңгі сақталу үшін мұғалімге тән дүниетанымдық көзқарас, сүйіспеншілік сезім, қызметке бейімділік, кәсіптік білім мен біліктілік, ұйымдастырушылық қабілет, заманға сай жаңашылдық сияқты сипаттарды өз бойыма сіңірудемін.
Осындай даралық қасиеттер ұстазды шеберлік шыңына көтереді. Ұстаз өзін-өзі алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінде таниды. Өйткені, қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Ол үшін бүгінгі оқу үдерісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ, біз күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырмыз. Осыдан-ақ мұғалім мұратының қандай болатынын айқын сезінуге болады.
Мен педагог ретінде халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық құндылықтары мен салт-санасын оқушылардың бойына сіңіріп, бойына ұялатуға тырысамын. Адам тәрбиелеу, оған ғылыми негізде мәлімет беру, баланы өмір сүруге үйрету өте қиын екені белгілі. Мамандығыма деген қызығушылығымның, дұрыс көзқарасымның қалыптасуына әріптестерімнің ықпалы зор. Мен олардан балаға мейірімді, кешірімді болуды, ата-анамен және өзге адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, қамқорлық жасап, жанашырлық, шыдамдылық танытуды және әрдайым шығармашылық ізденісте болуды үйрендім.
Егер алдыңдағы әр баланың жүрегінде ізгілік сәулесін жақсаң, ол – еңбегіңнің жемісі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне ұялату үшін ұстаз қаншама тер төгеді. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?!
Гүлайым ШӘРІПОВА,
Қайрат орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Уәлиханов ауданы.