«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Тату отбасы, бақытты балалар – мемлекеттің гүлденуінің сенімді іргетасы. Отбасының беделін арттыру және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекетіміз балалардың тәрбиесі мен білім алуына, денсаулығын сақтауға қолдау көрсетіп, отбасы проблемаларын шешуді жіті назарда ұстайды.

 

Баланың білімі мен тәрбиесіне ата-аналар да атсалысуы тиіс. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұсынысы бойынша еліміздің мектептерінде “XXI ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол!” тақырыбында республикалық ата-аналар конференциясы өтті. Бұл шарада мектептің ата-аналармен жұмысының инновациялық формасы көрсетілді. Психолог мамандар ата-аналарға тән ортақ проблемаларды талқыға салып, олардың шешілу жолдарын сөз етті. Біздің мектеп ұжымы да ата-аналарға бала тәрбиесі мен психологиясына қатысты мағлұматтар берді. Аталмыш шараға ата-аналардан басқа қоғамдық ұйымдар мен мектептің қамқоршылық кеңесінің өкілдері де қатысты. Бала өскен сайын оған қатысты проблемалар да күрделене түседі. Сондықтан да бұл жиналыста отбасылық құндылықтарды нығайту – бала тәрбиесі үшін отбасы берекесінің маңыздылығын арттыру және балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни, интернет арқылы түсетін жағымсыз ақпараттан қорғау, сонымен қатар ҰБТ-ға дайындық және оны тапсыру барысында жасөспірімге ата-аналар тарапынан психологиялық көмек көрсету сынды маңызды мәселелерді кеңінен қарастыруға тырыстық. Қатысушылар назарына ұсынылған түрлі бейнероликтер де бұл тақырыптарды кеңінен ашуға септігін тигізді.

Бүгінгі ата-аналардың өздері көмекке мұқтаж. Мысалы, олардың педагогикалық және психологиялық білімдерінің төмендігі бала тәрбиесінде жағымсыз жайттарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін өмірден көріп жүрміз. Сол себепті педагогикалық мәдениетті арттыру жекелеген отбасы мен жалпы қоғам үшін маңызды міндетке айналуы тиіс. Осыған байланысты Отбасылық тәрбиелеу институты ата-ананың педагогика және психология саласындағы біліктілігін және функционалдық сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша ағартушылық жұмыс істеу формасын ұсынған. Соған сәйкес мектебіміздің әкімшілігі мен психологтары ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты нығайтуға барынша ден қойып келеді, өйткені, еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпаққа нені үйретіп, қалайша тәрбиелейтінімізге тікелей байланысты.

Отбасылық тәрбие сапасы алдымен ата-ананың педагогикалық мәдениеті деңгейімен анықталады. Алайда, қазіргі күрделі өзгерістерге бейім уақытта көптеген азаматтар ата-аналық біліктілігін көтеру міндетін өздігінен атқара алмайды. Олар мектеп тарапынан көмекті қажет етеді дейтініміз де содан. Ал мұндай көмектің тиімділігіне ұстаздар мен ата-аналар ортақ ұстаным арқылы қол жеткізе алады.

Айгүл АНДЫБАЕВА,

Мая КӘРІМҚЫЗЫ,

8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің педагог-психологтары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp