«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Былдырлаған тілі бал, сыңғырлаған күлкісі тәтті бүлдіршіндер томпаң қағып, таңғы жаттығу дайындығына кіріседі. Содан кейін балғын жүздері бал-бұл жанып, жапа-тармағай таңғы асқа отырады. Балалықтың бал мекеніндегі көңілімді ерекше тебірентіп, бақытты күйге бөлейтін күнделікті көрініс осындай.

2010 жылдың ақпан айында негізі қаланып, қаланың кішкентай тұрғындарына құшағын айқара ашқан “Ақ бота” бөбекжай-балабақшасына биыл 5 жыл болыпты. Сол уақыттан бері күн сайын жұмыс уақыты басталысымен әр топты аралап жүріп, 300-ге жуық бүлдіршіннің жарқын келешегі жайында көп ойланамын. Екі жасында балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршін ойнау арқылы ойлауды үйреніп, денсаулығымен бірге мінезі де шынығып, жасы алтыға келгенде мектепке сақадай сай дайын болып барса деймін. Осындай ойлардың жетегінде жүріп, бөбекжай-бақшамызға жаңашылдықты енгізу үдерісін облыстағы өзге балабақшалардан ертерек бастап та кеттік. Үштілділік аясында балабақшамызда полимәдени тәрбиені енгізіп, баланың өз бетінше ойлау қабілетінің дамуын көздейтін Монтессори әдісін қолданып жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды.

Бөбекжай-бақшамызда балалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйренумен қатар, басқа халықтардың мәдениетімен де танысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Басты мақсат бүлдіршіндерді ұлты басқа құрдастарын түсінуге, олардың салт-дәстүрін құрметтеуге үйрету, барлық адамдардың тең екенін және бейбітшілік пен келісімде өмір сүру қажеттілігін түсіндіру, балалардың өз ұлтын мақтан тұтуға, мәдени мұрасын сақтауға тәрбиелеу болып табылады.

Мәселен, тәрбиешілер қазақ және орыс ертегілерін, жаңылтпаштар мен мақал-мәтелдерді пайдалану арқылы әлем халықтарының мерекелерін, ойындарын, сауық-думандарын, сонымен қатар серуен, саяхат тақырыптары бойынша іс-шараларды өткізуді игі дәстүрге айналдырған. Ал тіл мұғалімдері өз сабақтарында және бірлескен ойын барысында елдер мәдениетімен таныстырады. Музыка жетекшілері болса баланың сезімін дамытуға септесетін фольклорға көп көңіл бөледі, ұлттық музыканың әсемдігін түсінуге үйретеді. Қазақ, орыс, өзбек және тағы да басқа халық билерін үйретумен айналысатын хореограф баланың дүниетанымын байытады.

Педагогтер ұжымы балаларды көпмәдениеттілікке тәрбиелеуде отбасының әлеуметтік рөлін арттыру бойынша жұмыс істейді. Себебі, отбасы салт-дәстүрдің қайнар бұлағы іспеттес. Ата-ана балаға адамдармен қарым-қатынас жасауды, жақындарына сабырлы әрі сыйластықпен араласуды үйретуге тиіс.

Рухани тәрбиесіз ең терең ғылыми білім де, ең жаңа технология да тиісті қайтарым бермеуі мүмкін. Сол себепті көп түрлі мәдениет ортасында өмір сүруге қабілетті еліміздің кішкентай азаматын тәрбиелеу ерекше зейін аударуды талап ететін қазіргі мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.

Облыста алғашқылардың бірі болып Монтессори педагогикасы бойынша тәрбие беру әдісімен балалармен жұмыс жүргізіп келеміз. Баланың өзін-өзі тәрбиелеуге, оқытуға, дамытуға ынталандыру қағидатын ұстанатын әдістің тиімділігі зор. Мамандарымыз тиісті құралдармен толық жабдықталған кабинетте балаларға өздігінен киіну, киімдерін ауыстыру, жуу, тазалау, араластыру, қию, бояу, сурет салу және тағы басқа әрекеттерді жасауға үйретеді. Баланың күнделікті іс-қимылдарын өз бетінше жасауды үйретумен қоса, оларға заттың өлшемін, пішіні мен түсін зерттеуге көмектесеміз. Бұл әдіс балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, жеке де жұмыс жасауына, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына қолайлы жағдай туғызады.

Ұстаздың, тәрбиешінің алдына келген бала – әрбір үйдің алақанына салған аяулысы. Мойнымызға осындай үлкен аманатты ала отырып біздер балапандарымызға тиісті тәрбие мен білімді толық беруге міндеттіміз. Себебі, елдің ертеңі болатын бүлдіршіндердің келешегі біздің бүгінгі берген білімімізге тікелей байланысты екенін жақсы түсінеміз.

Бес жыл ішінде мектепке дейінгі тәрбие ісінің қыр-сырына қанық болғандықтан, бұл салада қордаланған мәселелердің мән-жайымен жақсы таныспын. Солардың бірі – білім және тәрбие саласындағы жас мамандардың еңбекақысын көтеру мәселесі. Кадр тұрақсыздығының, білікті мамандар тапшылығының да басты себебі осы.

Екіншіден, ата-ана баласына ибалы, инабатты, адал дос бола білуге, қайырымды, мейірімді, ақылды да сабырлы болуға, қоршаған ортасын сүюге, әр іске жауапкершілікпен қарауға үйретсе деймін. Өмірге ұрпақ әкелу өз алдына бір қуаныш, сол қуаныштың арнасын кеңейту, ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере білу әрбір әкешешенің перзент алдындағы ең үлкен борышы емес пе? Балаға жастайынан берілген дұрыс тәрбие тасқа қашап жазылған жазумен тең.

Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы да толғандырады. Әсіресе, ата-аналардың өздері туған тілінде сөйлемеулері қынжылтады. Күні бойы балабақшада қазақ тілін меңгерген балалар кешкісін ата-аналарымен орыс тілінде сөйлеп, бар біліп-үйренгенін дамыта алмай жататынына кейисің.

Ұстаздық жауапкершіліктің, рухани кемелденудің салмағы қорғасындай ауыр. Жас мамандар рухани құндылықтарды, қайырымдылықты, әділдікті, махаббатты, бақытты бағалай білсе деймін. Сонда ғана еліміздің туын көтеретін, өмірлік ұстанымы берік, рухани кемелденген, елінің ертеңіне сеніммен қарайтын ұрпағымыз өсе бермек. Қырық жылдық ұстаздық еңбегімдегі анық ұққан ақиқат осы.

Алтын СЕЙІТОВА,

“Ақ бота” бөбекжай-балабақшасының директоры.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp