2003 жылы Қызылжар өңірінің зиялы қауымы көптен күткен “Urpaq” (Ұрпақ) мәдени-ағарту орталығы мемлекеттік тіркелу рәсімінен өтті. Орталықтың алға қойған басты мақсаты – Алаш арыстарының ағартушылық ісін жалғастырып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау. “Әсіресе, көрші елдерде тарыдай шашырап жүрген отандас бауырларға жан-жақты гуманитарлық көмек көрсетуді ұйғардық”, – дейді көп жылдар бойы “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы болып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалімен марапатталған Сағындық Досмақұлы Салмұрзин.
Алғашқыда орталықтың басшылығы үш адамнан құрылды: Шашубай Малдыбаев, Қабдырахым Жақыпов, Сағындық Салмұрзин тең құқықты төрағалар болды. Кейінірек атқарушы директор лауазымына Сағындық Досмақұлы тағайындалды.
Қоғамдық бірлестік өз қызметіне кіріскенде, әртүрлі қиындықтарға душар болды. Олар – түсініспеушіліктен туындаған мемлекеттік мекемелер басшыларының қырын қарауы, қаржылық қолдау болмауы, шаралар өткізуге қолайлы орын табу және басқалар. Соған орай орталық басшылығы сол кездегі облыс әкімінің атына ресми хат жолдап, көмек сұрауға мәжбүр болды. Содан кейін орталықтың өзекті мәселелері ойдағыдай шешіліп, Петропавлдағы Достық үйінен орын берілді.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ортақ шаңырағы аясында көптеген игі істер тындырылды. Мысалы, Ресей елінің түкпірлерінде тұратын ағайындарымызды іздеп барған Сағындық Досмақұлы және бірлестіктің белсенділері сонау Ямал түбегі мен Асқар Алтай аралығындағы елді мекендерге сапар шегіп, мәдени шараларға қатысты. Шетелде тұрып жатқан ағайындардың рухани қажеттіліктеріне сай көмек көрсетілді. Олардың өз ана тілін үйренулері үшін факультативтік үйірмелер ашуға жәрдем жасалып, электронды оқулықтар, кітап-журналдар апарып берілді.
“Urpaq” алғаш рет мемлекеттік тапсырыс бойынша жергілікті этностардың дәстүрлері туралы кітап дайындап, жарыққа шығарды. Сондай-ақ, қолөнер көрмелерін, салт-дәстүр байқауын ұйымдастыруға ұйытқы болды. Қазіргі уақытта “Салт-дәстүр” фестивалі облыстық ассамблея өткізетін маңызды шаралардың біріне айналды.
Орталықтың мақтанышы – “Этноауыл” жобасы. Ол 2013 жылы туризм саласындағы аймақтық жобалардың республикалық байқауының жеңімпазы ретінде аталып, арнаулы дипломмен марапатталды.
Қазіргі кезде орталық жұмысына “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы кеңесінің төрағасы ретінде Сағындық Салмұрзин, ғылыми-әдістемелік бөлім жетекшісі Марат Нұрғалиев, ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Зейнолла Нұрланов, белгілі қолөнер шебері Болатбек Қалдыров, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Жангелді Тәжин, ақсақалдар кеңесінің жетекшісі Әлімжан Мәжитов, жаңашыл ұстаз, тіл маманы Ботагөз Ғалиева, әйгілі дәстүрлі әнші Жанат Айтбаев, қоғам қайраткері Гүлнәр Халықова, ұстаз Елмира Танақұлова, “Намыс” клубының жетекшісі Ділбар Бегалина, ұйымдастырушы Серік Мамыров және басқалар белсене атсалысуда.
Мемлекет басшысы өзінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз”, – деп атап айтты. Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыздың ұлтымызға арнап айтқан осы ұлағатты сөздерін біз, “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының белсенділері, өз қызметімізде айқын бағдар, қастерлі қағида ретінде ұстанып отырмыз.
Гүлбақша МҰСАБАЕВА,
“Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы,
заң ғылымдарының кандидаты.